Демография және біз
Демография және біз
Еліміздегі халық саны тұрақты түрде өсіп келе жатқаны туралы қуана айтып жүрміз. Десек те, статистикалық деректер санымызға сапамыз сай келмейді деседі. Өткен аптада бірқатар БАҚ республика халқының қартайып бара жатқанын айтып дабыл қақты. Яғни туу көрсеткішінің өсуі балалар үлесінің артуына ықпал етсе, зейнеткерлер үлесінің өсуінен халықтың қартаю үдерісі байқалған. Осылайша елімізде еңбекке қабілетті жастағы халық саны азайып барады. Мамандар көші-қон мәселелері де жағдайды ушықтырып отыр дейді.
Табиғи өсім тұрақты
Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-шілде аралығында ел халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-шілдемен (142,4 мың адам) салыстырғанда 14,3 пайызға өсіп, 162,7 мың адамға жетіпті. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 14,74 адам болған.
Ал осы уақыт аралығында 256 мың сәби дүниеге келген, бұл 2020 жылғы қаңтар-шілдеге (235,5 мың адам) қарағанда 8,7 пайызға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,19 болды.
Ал 2020 жылы елімізде 425 мыңнан астам нәресте дүние есігін ашты, бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 6 пайызға артық.
Яғни елімізде туу көрсеткіші бойынша тұрақты өсім байқалады.
Демограф Мақсат Имандосовтың сөзінше, еліміздегі бірқатар қала халқы Ресейдің қалаларындағы халық санынан асып түскен.
Асылбек КҮЗДЕУБАЕВ,
Экономист-сарапшы:
– Жалпы, еліміздегі соңғы 5 жылдағы демографиялық көрсеткіштерді қарар болсақ, демографиялық өсім көрсеткіші тұрақты болған. Яғни 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі аралықта халық саны жыл сайын 200-300 адамға көбейіп отырған. Мәселен, 2016 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша халық саны 17 миллион 900 мың, 2017 жылы 18 миллион 100 мың болған, 2018 жылы 18 миллион 400 мың, 2019 жылы 18 миллион 600 мың болса, 2020 жылы 18 миллион 800 мыңға жеткен. Ал 2021 жылы 19 миллионға жеттік. Еліміздің 19 миллионыншы тұрғынын Мемлекет басшысы да арнайы құттықтады. Демек, халық саны жылына 200 мың адамға өсіп отырған, бірақ бұл – әлсіз тұрақты өсім.
Алайда бұл үрдіс экономикасы қарқынды дамып келе жатқан немесе дамушы мемлекеттен дамуға қадам басқан мемлекеттерге тән құбылыс және оның бірнеше себептері бар. Бірінші себеп – экономикалық әлеуеті күшейіп келе жатқан елдің халқы өзінің тұрмыстық әлеуетін соған теңестіруге тырысады. Бұл не деген сөз? Яғни өмір сүру шығындары артқан сайын сіз өзіңіздің отбасыңыздағы адам санын шектейсіз. Мәселен, үлкен ірі қалалардағы отбасыларда бала саны көбінесе 2-3-тен аспайды. Өйткені оларды лайықты өсіріп-жеткізу керек, ақылы балабақша, ақылы мектеп, киім-кешегі бар дегендей, яғни өмірге көп бала әкеліп, ертең оларды қаржылық немесе экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ете алмай қиналғаннан гөрі, 2-3 баламен шектелген дұрыс деген пікір қалыптасқан. Өйткені қалада баспанаңыз болмаса, жалға алып тұрсаңыз немесе болса да оны ипотекаға аласыз, оны ай сайын төлеу керек, бала өмірге келгеннен кейін оның да белгілі бір шығындары болады, мемлекеттік төлеп отырған әлеуметтік көмектерінің өзі бір баланы толық қамтамасыз етуге, шығындарын жабуға толық көмектесе алмайды. Оған қоса, ажырасу көрсеткіші де бірнеше жыл қатарынан өскен.
Бір айта кетерлігі, 2020 жылы 48 мың ажырасу тіркелсе, 2019 жылы 59 796 жұп ресми түрде ажырасқан. Яғни көрсеткіштің төмендегенін байқауға болады. Бірақ одан бұрын бірнеше жыл қатарынан ажырасу көрсеткіші тек өсіп отырған.
– Бізде бала туу көрсеткіші өзгеруі мүмкін. Ал пандемия кезіндегі өсімді аса бір айтарлықтай көрсеткіш деуге келмейді,– дейді Асылбек Күздеубаев.
Тұрақты әлсіз өсім десек те, қарқынды өсім десек те, әйтеуір жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің саны өсіп жатқаны, әрине қуантады. Оған қоса халықтың өмір сүру жасы да біршама ұзарған. Әлем бойынша ұзақ өмір сүретін жапон халқын мысалға алып, солардың өмір сүру салтынан көп жасаудың құпиясын іздейтіндер көп. Яғни ұзақ өмір сүру жайлы, бақытты өмірдің жемісі сияқты елестейтіні рас. Бірақ еліміздегі туу көрсеткішінің өсімі мен өмір сүру жасының ұзаруы нәтижесінде ел халқының қараю үдерісі байқалған екен. Яғни еліміз балалар мен қарттардың мемлекетіне айналып бара жатқан көрінеді. Оған қоса халықтың еңбекке қабілетті бөлігі азайған.
Егер облыстар бойынша қарайтын болсақ, индекстің ең теріс мәндері СҚО (-27), Қостанай облысы (-21,7) және ШҚО (-15,2) байқалады. Яғни бұл үш облыста қартаю көрсеткіші жоғары.
Индекстің оң мәндері Ақтөбе (15,3), Алматы (21,1), Атырау (32,2), Маңғыстау (40,3), Жамбыл (29,1) облыстарында тіркелді. Аталған өңірлер жас аймақтарға саналады.
Демограф ғалым Әзімбай Ғали еліміздегі бұл ахуалды қартаю деуге келмейтінін айтады.
Ілияс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
әлеуметтанушы:
– Егделену үдерісі демографиялық ауыртпашылыққа әкеп соғады. Жұмыс істейтін, еңбекке қабілетті адамдардың саны азаяды, балалар саны көбейсе, мәселе тіптен күрделене түседі. Әрі бала көп, әрі қария көп олардың бәрін асырайтын экономикалық күш – жұмыс істейтін жастарға ауыртпалық түседі. Осылай кете беретін болса, зейнетке шығу жасы да ұлғая береді. Тағы бір айта кететін нәрсе – қазір бізде адам капиталы «экспортталып» жатыр. Жұмыс істеуге қабілетті, білімді жастардың көбісі шетел асып жатыр. Әртістер, әншілер де кетіп жатыр. Егер үкімет тиімді саясат жүргізбесе, яғни жұмыс орындарын ашпаса, жағдай жасалмаса, лайықты жалақы төленбесе, баспана мәселесі жолға қойылмаса, онда елде тек егде адамдар қалып, жастар кете бермек. Қазір қанша адам бар елімізде, сол адами қордың күшін қалай қолдану керек, оларға ол үшін қандай жағдай жасау керек деген сұрақтың жауабын іздеу керек деп ойлаймын, - дейді сарапшы.
Статистикалық деректерге зер салсақ, 2021 жылғы қаңтар-наурызда елімізден техникалық мамандығы бар 933 адам, 466 экономист, 249 педагог, медициналық мамандығы бар 186 адам, 113 заңгер, сәулет-құрылыс саласы бойынша білімі бар 80 адам, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша оқыған 43 адам және басқа да саланың 821 маманы кеткен.
Ал елге көшіп келген мигранттардың ішінде техникалық мамандықтарды игерген 224 адам, 126 экономика маманы, 70 педагог, 62 медицина саласының маманы, 48 заңгер, 27 ауыл шаруашылығы саласының маманы, 24 сәулет-құрылыс саласында білімі бар адам, және басқа да мамандықтарды игерген 537 адам бар.
Шетелге көшкен адамдардың көбі Қарағанды облысынан – 709 адам, ШҚО-дан – 659 адам, Павлодар облысынан – 600 адам, Алматыдан – 546 адам, Ақтөбе облысынан – 447 адам және СҚО-дан – 376 адам.
Елден кеткендердің ең көбі орыс: 3 648 адам. Одан бөлек 602 неміс, 450 украин, 261 қазақ, 159 татар, 77 белорус, 50 поляк, 36 корей, 31 өзбек біржола көшкен. Осы деректерге қарап, елден кетіп жатқандардың көбісі өзге ұлт өкілдері, соның ішінде тарихи Отандарына оралып жатқан орыс ұлтының өкілдері екенін бағамдауға болады.
Бірақ үдере көшіп жатқандардың көбі жоғарыда атап өткен солтүстіктегі өңірлерден кетіп жатқанын да ескеруіміз керек. Туу көрсеткіші аз, егделену деңгейі жоғары, халқы жаппай басқа елге не басқа аймақтарға көшіп жатқан өңірлердегі демографиялық ахуалға ерекше көңіл бөлмесе болмайтын сыңайлы. Ол жаққа арнайы бағдарлама арқылы баратын қандастар мен оңтүстік өңір тұрғындарының көші де баяулап қалды, көбісі кері көшіп те жатыр. Себебі оларға берілетін уәделердің көбісі бос сөз күйінде қалып жатады.
Экономист Асылбек Күздеубаев болашақтағы еңбекке қабілетті халық санын арттыру үшін қазірден бастап жағдай жасау керек дейді.
– Ел халқы қартаю алдында тұруы мүмкін, бірақ бұл алдағы 10-20 жыл көлемінде анық байқала қоймайды. Себебі біз ұлды ерте үйлендіру керек, қызды тұрмысқа беру керек деген ұғымдардан алшақтаған жоқпыз.
Халық қартайып барады дегеннен қорқудың қажеті жоқ және бұл мәселені шешудің жалғыз ғана жолы бар: қазірден бастап туу көрсеткішінің ұлғаюына жағдай жасау. Болашақтағы еңбекке қабілетті халық санын арттыру. Қазір дүниеге келген балаларға әлеуметтік көмектер беріп жатырмыз ғой, осы саясатты бұдан әрі қарай да ұстануымыз керек. Көпбалалы аналарға берілетін көмектер мен жеңілдіктерді көбейтуіміз керек. Бірақ белгілі бір нормадан аспауы керек, яғни масылдыққа әкеп соқпауы керек. Көп баланы дүниеге әкеліп, мемлекеттен сұрайтын отбасылар өте көп. Проблема көп, бірақ олардың асыраушылары, яғни отағасы қайда, ер-азаматтары неге жауапкершіліктен қашады? Олардың да өз аргументтері бар: жұмыс жоқ, бәрі қымбаттап жатыр, тағысын тағы. Бірақ осы жерден тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Бізде халықтың белгілі бір тобы нарыққа бейімделуге дайын емес. Яғни шешілмеген түйін әлі де көп.
Демек қазір дүниеге келген сәбилер ертең еңбек етуге қабілетті азамат болып өсуі үшін қазірден жағдай жасалуы керек. Ал қазір елімізде байқалып отырған егделену процесі дабыл қағатындай деңгейде емес. Тек жалпы туу көрсеткішінің азаюы, қарттардың үлесінің артуы, елден көшкендер санының көптігі қатар байқалатын солтүстік, шығыс өңірлердегі ахуалға көбірек назар аудару керек сияқты.