Безос, Маск сияқты миллиардерлердің ғарыш индустриясына қосатын үлесі шамалы

Безос, Маск сияқты миллиардерлердің ғарыш индустриясына қосатын үлесі шамалы

Безос, Маск сияқты миллиардерлердің ғарыш индустриясына қосатын үлесі шамалы
ашық дереккөзі
Қазір ғарыш индустриясы қарыштап дамып келе жатқаны байқалады. Әсіресе, Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостың Blue Origin және Tesla-ның иесі Илон Масктың SpaceX компаниялары ғарыш кеңістігін игеру үшін барын салып жатыр. Қандасымыз Дархан Сәрсенов бүгінде бұл екі ірі компанияның бәсекелесі саналатын германиялық Isar Aerospace компаниясында инженер-дизайнер қызметін атқарады. Дархан құрылғанына небәрі екі-үш жыл болған Isar Aerospace-тің ғарыш саласына әкелер жаңалығы мен пайдасы көп екенін айтады. 2022 жылы компанияның басты өнімі саналатын Spectrum зымыранын ғарышқа ұшыру үшін қондырғыларды тексеріп, тынбай жұмыс істеп жатқан Дарханға хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Химик десе, бірінші кезекте зерт­ха­нада түрлі зерттеулер жүргізіп, сы­нама әзірлеп жатқан, ақ халат киген ма­мандар елестейді. Бірақ сізге зерт­ханадан гөрі, өнеркәсіп саласында жұ­мыс істеген ұнайтын секілді. Солай ма? – Иә, мен ғылыми қызметтен гөрі, өнер­кәсіпте жұмыс істегенді құп көремін. Хи­мия факультетінде оқығаныммен, онда ма­тематика, физика, биология секілді нақ­ты ғылымдар да оқытылады. Сол себепті осы нақты ғылымдарды қатар оқуға мүм­кін­дік беретін мамандықты игеруді жөн сана­дым. Сөйтіп, Жезқазған қаласындағы ор­та мектепті бітірген соң, әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түстім. Негізі, мектеп бі­тірген бойда «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттарымды тапсырып қой­ғанмын. Бір жылдан кейін оқуға түс­кенім белгілі болған соң, ҚазҰУ-дегі оқуым­ды тастап, Англияның Бирмингем қала­сын­да орналасқан Астон университетінің хи­мия технологиясы факультетінде білімімді жал­ғастырдым. Оқуды аяқтап, елге келген соң, жаңадан ашылып жатқан Назарбаев уни­верситетінің зертханасында жүргі­зіле­тін жұмыстарға жауапты болдым, сондай-ақ нақты ғылымдар бойынша оқу бағдар­ла­масын жасақтауға атсалыстым. Десек те, жо­ғарыда айтып өткендей, маған өнеркә­сіпте құрастырылатын жобалардың басы-қасында жүрген ұнайды. Сөйтіп, 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан ҚазЦинк түсті металлургия кәсіпорнының құрамына кіретін мыс қорыту және тазарту зауытында жұмыс істедім. Мұнда істеген бір жыл ішінде көп нәрсені үйрендім. Одан кейін Kazakh Projects Joint Venture ком­па­ния­сының Атырау облысында орналасқан Теңіз мұнай кен орнына технолог болып жұмысқа тұрдым. Арасында компанияның жобасы бойынша Ұлыбританияда бір жыл жұмыс істеп, ондағы білікті мамандармен тәжірибе алмасып қайттым. Аталған жерде бес жыл жұмыс істеген соң, бір орында тұрып қалмай, жаңа нәрсе үйреніп, жаңа нәр­сені танып, миды қуаттау керек екенін түсін­дім. Сол кезде Батыс Қазақстан облы­сында бірге еңбек еткен әріптесім Мюнхен қаласында этилен алумен айналысатын Linde engineering компаниясына жұмысқа шақырды. Бұл бағытта тәжірибем де, қы­зығушылығым да мол болғандықтан, осын­да келіп жұмыс істеуді ұйғардым.  width= – Ал Isar Aerospace компаниясына жұмысқа қалай шақыртылдыңыз? – Linde engineering-те бір жыл жұмыс іс­те­ген соң, Мюнхен университетін бітірген бір топ жас қазір «жаңа ғарыш» деп аталып жүрген жаңа әрі қызық саланы игергісі келіп, инвестор тауып, командасына адам жинап жатқанын естідім. Келісерсіз, бірегей саналатын ғарыш индустриясына қызық­пайтын адам жоқ, барлығымыздың бұл са­ла­дағы «ғажайып» жұмыстың қалай ат­қарылатынын білгіміз келеді. Негізі, жо­ғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда жүргенде нендей нәрсені үйреніп, жетілсем болады деп жоспар құрған кезде ғарыш саласында жұмыс істеу туралы ойланған едім. Бірақ сол кезде маған бұл бірден орын­далуы мүмкін емес іс секілді көрінді. Ал бірақ Isar Aerospace компаниясын құр­ған жігіттерге қажет маманның міндеттерін білген соң, мұны үйренуге әлеуетім жете­тінін түсіндім. Әлбетте, бастапқыда бұл қа­дам­нан не күтуге болатынын болжау қиын болды, бірақ бұрын-соңды істеп көр­меген сала болса да, маған бұл жұмысты мең­геру аса қиын болған жоқ, керісінше, жаңа нәрселерді үйрене келе, бұл іске деген құмарлығым арта түсті.  width= – LinkedIn әлеуметтік желісінде Isar Aerospace-тегі қызметіңіз инженер-дизайнер деп көрсетілген. Кейінгі кез­де жиі айтылып жүрген бұл «жаңа» қыз­мет бізге таңсық та әрі қызық көрінді. Компанияда сізге жүктелген міндет қандай? – Негізі, инженер сөзінің ауқымы кең. Ин­женер – кез келген техниканы пайдаға жарататын маман. «Жаңа ғарыш» ғарыш әлеміндегі жаңа құбылыс, сондай-ақ үкі­метке тәуелді емес, коммерциялық негізде жұмыс істейтін аэроғарыштық компа­ния­лар арасындағы қозғалыс болғандықтан, мұнда барлығы өзгеше, барлығы жаңа, тіпті мамандықтардың нақты атауы да әзірге қойылмай тұр. Менің міндетім – зымыран­ды тексеруге және ұшыруға арналған қон­дырғыларды жасау, сол қондырғылар­дың кем-кетіктерін түзеу, химикаттарды жинау, түр­лі сызбалар сызу. Жалпы, зымыран ғарыш кеңістігіне ұшарға дейін осындай құрылғылар арқылы көп уақыт бойы тек­серістен өткізіледі, талаптарға сәйкес тек­серiлiп, сертификацияланады. Қазір жердегі қондырғыларды тексерумен айналысатын топта он адам жұмыс істейміз. Ал зымыран­ды әзірлеуге басқа топ жауапты. Алдағы уақытта сол топтың қатарына қосылу үшін тынбай еңбектенуіміз қажет. – Мамандардың айтуынша, Isar Aerospace құрылғанына екі-үш жыл бол­са да зымыран әзірлеу, жасанды жер серігін ұшыру бойынша Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостың Blue Origin және Tesla-ның иесі Илон Масктың SpaceX компанияларының басты бәсекелесі. Сонда ол осыншалық аз уақыт ішінде Еуропадағы жетекші өндіруші компанияға айналғаны ма? – Күні кешеге дейін зымыран әзірлеу ел үкіметі бөлген қаражат арқылы іске асырылатын, ал қазір бұл іске әрбір ком­мер­циялық компанияның таласы бар. Бұрын еуропалық ғалымдар Орбитаға жер­дің жасанды серіктерін ұшыру үшін Аме­рика Құрама Ттаттары немесе Ресей маман­д­арының көмегіне жүгінетін, сондай-ақ олар әзірлеп шығарған қондырғыны пайда­ла­натын. Ал қазір Еуропа елдері ғарыш кеңіс­тігін игеруде дербес дамып, көш баста­ғысы келеді. Сол себепті біздің басшылық еу­ропалық «стилі» бар, ұшатын қондырғы­лар әзірлеуді басты мақсат санайды. Қазір Еуропада дәл осындай мақсатты діттеген компаниялар жетерлік, сондықтан қазір ғарыш әлемінде капиталистік нарықтық жа­рыс болып, бәсекелестік бәсі қызып-ақ тұр. Тиісінше, компанияларға жасалатын қысым да, атқарылатын шаруа да көп. Сол себепті қазір өзгелерден қалыс қалмау үшін үлгеруге тырысып жатырмыз. Біз әзірлеп жатқан қондырғыдан ұшатын Spectrum зы­мыраны 2022 жылы ғарышқа ұшырыл­мақ. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал сіз атап өткен мил­лиардерлер жұрттың көзіне түсу үшін өз жобаларын пайдаланып, ғарышқа ұшып барып келу үрдісін қалыптастырды. Бірақ олардың мүмкіндігі мол болғанымен, ғарыш индустриясына қосар үлесі шамалы. Десек те олар алдағы уақытта әлеуеттерін дұрыс арнаға бағыттап, пай­даға жаратса игі еді.  width= –Isar Aerospace-тің негі­зін қалаушы жастардың стар­тап ретінде көпшілік секілді кі­шігірім жобаларды емес, бір­ден алысқа қол сер­меп, жердің жа­санды серіктерін Орбитаға ұшы­ратын қондыр­ғы­ларды әзірлеуді қолға алғаны таң­ғал­дырады. – Міне, соны айтыңыз, жігіттердің батыл­дығы мені де таңырқатты. Бірақ ерте ме, кеш пе, біреу осындай жобаны бастауы керек еді ғой. Кезінде өнертапқыштар жеке гаражында отырып-ақ ұшақ құрастырып шығарған ғой. Бұл да сондай бірегей жоба. Жал­пы, Isar Aerospace-тің негізін қалау­шыларға сенім артып, олардың қатарына ойланбастан қосылуыма көп фактор әсер етті. Біріншіден, Германияда, соның ішінде Бавария үкіметі компанияға үлкен қолдау көрсетеді. Жобаға сенім артқан ірі инвес­торлардың қатарында Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының вице-президенті әрі бас инженері қызметін атқарған Бюлент Алтан да бар. Бәрінен бұрын бізде пайдалы дүние жасап шығаруға барлық мүмкіндік бар. Тағы бір айта кетер­лігі, басшылық технологияларды сырттан алдыртпай, Мюнхенде өңделетін құрыл­ғыларды пайдалана отыра, зымыранның 80 пайызын өз бетімен әзірлеп шығаруды мақсат етіп отыр. Мұндай бастамашыл әрі ам­бициясы асып-тасып тұрған топта жұ­мыс істеудің өзі бір бақыт.  width= – Сіздер әзірлеп жатқан техноло­гияның Байқоңыр ғарыш айлағында қол­данылатын құрылғылардан ерек­шелігі қандай? – «Байқоңырдан» ұшқан зымырандар Жез­қазған қаласының маңына келіп қонатынын білетін боларсыз. Өзім Жез­қаз­ғанда туып-өскендіктен зымыран дви­га­тельдерінен бөлінетін қалдықтардың зияны қандай болатынын жақсы білемін. «Байқоңырда» адам өміріне қауіпті хи­микаттар пайдаланылады. Зымыран жұ­мысында ақау болса, сол қауіпті химикаттар біздің жерге төгіледі. Ал біздің компания әзірлеп жатқан құрылғыда қауіпті химикат жоқ. Жаңадан ойлап табылған конструк­цияның және қозғалтқыштың есебінен бұл зымыранның табиғатқа тигізер зияны аз. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл – экология­лық тұрғыда таза зымыран. Тағы бір айта кетерлігі, Spectrum зымыранның салмағы бір тонна жүктерді Орбитаға жеткізу мүм­кіндігі бар. Осы ретте айтқым келетіні, мен дәл осындай адамзатқа қаупі жоқ әрі тиімді жоба аясында жұмыс істеп жатқаныма қуа­ныштымын. Осында жүріп-ақ, Қазақстан жеріне гептильдің төгілмеуіне өз үлесімді қосып жатқандай сезінемін. Өйткені біздің тәжірибені көріп, көпшілік бірте-бірте зиянды қалдықтарды азайтуға тырысады. Жалпы, «Байқоңыр» – Ресейге жалға беріл­ген нысан. Сол себепті қазақстандық инже­нерлер ол айлақтың жұмысына араласа алмайды, былайша айтқанда біздің тарап­тан инженерлік үлес жоқ. Әлбетте, Ресей ғарыш саласының алпысыншы жылдан бері дами бастағанын ескерсек, әлдеқайда алға жылжып кеткен. Ал Еуропа бұл индуст­рия­ны енді қолға алып жатыр. Қазір көп­ші­ліктің ғарыш кеңістігін игеруге неліктен құш­тарлығы артып отыр дейсіз? Өйткені ғарышқа бару арзандап жатыр. Біз «Бай­қоңырды» теңдесі жоқ жетістіктердің біре­гейі деп әрдайым мақтаныш көреміз. Бірақ соңымыздан ілесіп, бой түзеп келе жатқан айлақтар жетерлік. Қазір Isar Aerospace секілді жас компаниялар монополизмнен еркін нарыққа шығуға болатынын дәлел­деп, зияны азырақ, пайдасы көбірек, жаңа үлгідегі зымырандарды әзірлеу үшін тайта­ласып жатыр. «Байқоңыр» әлемде болып жатқан осындай өзгерістерді есепке ала отырып, заман ағымына сай ілесіп отыруы керек деп ойлаймын. Бір айта кетерлігі, Ресей алдағы уақытта басқа айлақ ашуы әбден ықтимал. Сондықтан алдағы уақытта ол кешенге реконструкция жасап, өзге ірі ғарыш кешендерімен иық тіресуге мүм­кіндік бар. Алайда олай істейтіндей біздің қолымыз қысқа, ресурсымыз аз, сондай-ақ маман тапшы. Дегенмен сол тапшы маман­дардың басын қосып, Isar Aerospace секілді жетекші компанияларда тәжірибе молайып, осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген соң, «Байқоңыр» кешенінің көркеюіне, сон­дай-ақ елдегі ғарыш саласының өркендеуіне үлес қосқым келеді.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ