Жаңалықтар

Әлем жастарын біріктірген ортақ алаң

ашық дереккөзі

Әлем жастарын біріктірген ортақ алаң

Бүгінде Түркістан облысы Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өтіп жатыр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Jastar-Otanga!» форумына халықаралық жастар ұйымының өкілдері биыл бірінші рет қатысуда. Шетелден келген делегаттар қатарында Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасында жастар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Бахтияр Исламов, «Жаңа Әзербайжан» партиясы жастар қанатының төрағасы: –Қазақстанға «Jas Otan» жастар қанатының шақыруымен бірінші рет келіп отырмын. Мұндағы мақсат – туыстық байланысы бар екі ел партиясындағы жастар қанатының арасында байланыс орнату. Бұл – жастар үшін жақсы бастама. Форум аяқталғанша «Jas Otan» өкілдерімен қандай жобаларды бірлесіп атқаруға болатынын, сондай-ақ, екі ел жастарын жақындата түсудің жолдарын айқындап, келісімге келеміз деп сенемін. Екі күн ішінде Қазақстан жастарының жүзі балбұл жайнап, белсенділік танытып жүргенін байқадым. Бұл  «Jas Otan» жастар қанатының жастарды көтермелеу үшін көп жұмыс істегенін көрсетеді. Шетелден келген делегаттар кеше Қазақстан жастарының болашағы жарқын екенін айтып жатырмыз. Ұшқыр ойлы жастар Қазақстанды одан бетер ілгерілетіп, тарихы бай мемлекеттің мәртебесін көтереді деп сенемін. Тарих демекші, кеше Түркістан қаласына барып қайттық. Көне түркі қаласы деп еститінмін, кеше сол қаланы өз көзіммен көріп, Қазақстанның расымен тарихы бай ел екеніне көзім жетті. Юнус Чолак, Ислам ынтымақтастық ұйымы жастар форумының жоба үйлестірушісі (Түркия): – Ең алдымен, бұл форум түрлі мемлекетте жастар ісіне жауапты тұлғалардың басын қосып отырғанымен ерекшеленеді. Бұл жастар, әсіресе, Түркі әлемінің жастары үшін пайдалы бас қосу деп ойлаймын. Біздің қазақ жастарымен ұқсастығымыз көп екенін бұрыннан білетінмін. Мұны осында жүріп тағы байқадым. Форум кезінде жалындап тұрған жастар ізденімпаз екенін көрсетті. Көкейінде жүрген мәселелерді ортаға салып, оны шешу жолдарын да айтып өтті. Сондай-ақ, оларды біздің ұйымның да жұмысы қызықтырады. Біздің бас кеңсеміз Ыстамбұлда орналасқанымен, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдер жастарының басын біріктіру үшін түрлі елде көптеген жобаны іске асырудамыз. «Jas Otan» жастар қанаты біздің ұйыммен бұрыннан тығыз байланыс орнатқан әрі өкілдері біздің форумға жиі қатысады. Бұл байланыс алдағы уақытта нығая түседі деп сенемін.