Жаңалықтар

Жауратпашы жұлдызыңның жүрегін...

ашық дереккөзі

Жауратпашы жұлдызыңның жүрегін...

Қазақы комплекске күйінгенде Мейірхан ақынның (Ақдәулетұлы) айтатын бір сөзі бар: «Құл еш­кімді сүйе алмайды, жары­ғым». Жұматай ақын­ның (Жақыпбаев) тіліне түскен осы бір сұрапыл шын­дық біздің бүгінгі болмы­сымыз­дың терісін іреп, күн сайын шыңғыртып отырса да, есіміз кірер емес. Сана­ның көргенсіздікке, ұятсыз­дық­қа құлдануынан арыла­тын түрі көрінбейді. Кері­сінше «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін» (Абай) демекші, «әркімнің өз шындығы бар» деп (негізі әркімнің өз шындығы жоқ, көзқарасы, түсінігі ғана бар) ауызға не түссе соны айтып, өзгенің адамдық тұлғасына күйе жағып, намысын қорлаудан жүзі жанбайтындардың көбейіп бара жатқаны өкінішті... Жалпы қазақтың жек көру үдерісі» кеше-бүгін басталған нәр­се емес. Бірақ ондай нәрсе бұрында бұқара­лық ақпарат құралдарында ашық айтыла бер­мейтін. Себебі ол кезде газет-журнал, радио-телевизия − бәрі мемлекеттің ба­қылауында болатын. Сондықтан біреудің біреу­ге деген ашық жеккөрінішіне жол берілмейтін. Тәуелсіздік алдық, тіліміз шешілді. Ақиқатпен бірге іштегі қыжылы­мыз­ды ашып айта беретін болдық. Жұлды­зы­мыз қарсы болса, ұнатпаған кісімізді тұқыр­туда ештеңеден аянбайтын безбүйрек қалыпқа ендік. Біреудің кемшілігін тауып, артын ашу, тағы біреудің әлсіздігін біліп, келеке ету, енді біреудің бұрынғы бір кезде кеткен қателігі болса соны айдай әлемге паш етіп, қыбы қану − бізге сөз еркіндігі де­ген қасиетпен бірге еріп келген кеселді әдет болды. Бұл сол тұста өздерін «тәуелсіз басылым» санайтын қаптаған жекеменшік газет-журналдардың көбінің нан табудағы стратегиясына айналды. Басында «Ұят емес пе? Көрініп тұрған мінді көргенсіз айтады» дейтін, адамдық ар-намыстан әлі айырыла қоймаған халық қарсыласа бергеннен ештеңе өнбеген соң тулап-тулап, шаршап басылды. «Ұра берсең Құдай да өледі» деп қазақ ас­тарлағандай күнде, күнде емес-ау, сағат сайын айтыла берген соң өсек-өтірікке құлақ үйренді, «сұмдық-шындықтарға» ет өлді. Бірте-бірте дозасы көтерілген «мас­қара», «жаға ұстататын» жаңалықтар сана­ны улап, жаман бірдеңе естімесек басымыз ауыратын күйге жеттік. Бірақ нағыз сұмдық ол емес еді. Ол осындай пәлелерді жасауға әрбір адамның қалағанынша үлес қосуына жол ашылуы еді. Интернет жүйесі дамып, әлеуметтік желі дегендер пайда болғалы бері онсыз да жел сөзге үйір қазекемнің Құдайы берді десе болады. Аузына келгенін айтуға ерік беретін сол нәрсенің кесірінен өзіне ұнағанын қылмыс жасаса да ақтап алуға, ұнамағанын − елдің маңдайына біткен марғасқа болса да жамандап, жала жабуға әдет­теніп кетті елдің көбі. (Абай сөзімен айт­қанда, «Қабағын итше өшігіп шыға ке­лер, Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп»). Міне, соның тақсыретін енді тартып отыр­мыз... Қателіксіз қоғам да, адам да болмай­тын шығар, бірақ қателігінен сабақ алмайтын қоғамның соры бес елі. Енді міне, Димашқа жасаған жаңағыдай парықсыз­ды­ғымыздан көп уақыт өтпей-ақ тағы бір та­лантты жасқа шүйлігіп жатырмыз. Ал бұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Ел бо­ла­мыз десек, есімізді жиюымыз керек! Елдің есінде болар, 2019 жылдың 18-24 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өт­кен әлем чемпионатында Қазақстанға тұң­ғыш рет осы бір спорт түрінен алғаш рет күміс медаль бұйырып, оған қолымызды жет­кізген 19 жастағы қазақ қызы Элизабет Тұрсынбаева болатын. Мәнерлеп сыр­ға­науда бұрын-соңды бұндай биікке көтеріл­меген елді қалай танытып еді сол қыз? Мәнерлеп сырғанау − би мен спорт­тың үйлесімінен тұратын ғажап бір өнер. Онда сұлулық пен шеберлік қатар сын­ға түсіп, көргеннің көзін арбайтын ерек­ше бір сиқыр бар. Ал оны меңгеру – арқылы ерекше өнер көрсету мыңның бірінің маңдайына жазылатын бақыт. Сол үдеден шыққан Элизабет қандай ерлік жасап еді? Ол қазақ қанында бар тәуекелшіл мінезге басып, күллі әлем қас қақпай күзетіп отырған жарыста орындалуы аса қиын, тіпті мәнерлеп сырғанауда ересектер арасында бұрын ешкім жасай алмаған әдісті орындады. Ол − 1909 жылы швед мәнерлеп сырғанаушысы Ульрих Сальховалғаш рет жасаған қимыл элементі, яғни мұзайдында тіке секіріп, шыр айналатын ерекше қимыл еді. Міне, осы «сальхов» аталатын қимылды осы кезге дейін ересектер арасында ешкім үш рет айналып орындаудан аса алмап еді. Соны тұңғыш рет қазақ қызы − Элизабет Тұрсынбаева бұзып, тіке секіріп төрттік сальховты орындады! Бір сәт бүкіл әлем демін ішінен алып тұрып қалғандай болды. Адамдар көз алдында болған оқиғаға сенер-сенбесін де білмейтін күйде еді. Тек жарыс барысын түсіндіріп отырған коммен­та­торлар ««Тұрсынбаева төрттік сальховты орындады» деп жарыса сүйіншілегенде ғана спорт жанкүйерлері жаңа рекордтың орын­далғанын білді. Бұл туралы хабар тарат­қан әлемдік БАҚ-тар Тұрсынбаеваның ерлігін «Мәңгілікке секіру» деп бағалады. Міне, осыдан кейін ғана қазақтың көп­шілігі мәнерлеп сырғанау де­геннің не екеніне назар аудара бастады десе болады. Тіпті, мұзайдында әлемнің ең мық­ты спортшыларымен бәсекелесіп жүрген Элизабет есімді қазақ қызы бар екенін білді. Қапияда сөнген Денис Тен секілді жұл­дызымызды жоқтатпай, ол ұстаған туды одан әрі биікте желбіретіп, халқын даңққа бөлеген қаршадай қазақ қызын шын мәнінде батыр деуге болады. Ол Мәскеуде туып, сонда жетістікке жетсе де шеберлігі толысқан шақта әкесінің кіндік қаны тамған Сыр бойына келіп, мәртебелі жарыстарға Қызылорда облысының атынан шығуы да ұлттық тұрғыдан алғанда азамат­тық, отаншылдықтың үлгісі еді. Біз соны бағалай біліп пе едік? Әрине, солай! Жасын­дай жарқылдап шыққан қызды төбемізге көтеріп, мақтан тұттық. Ол рас. Алайда дәл бүгінгі жағдайда өз бауырымызға өзіміз аяқ астынан неге суық тартып қалдық? Спортта болсын, өнерде не басқа сала­да болсын өмір бойы бір деңгейде тұру қиын. Қаншама жетістігің болса да! Демек, әр нәрсенің уақыты бар. Мәңгіліктің бір мезетінде күшті болсаң, келесі мезетінде сенен де мықтылар шығуы мүмкін. Кейде әлдебір жағдайлардың себебінен үлкен спорттан кетіп жататын да кездер бар. Кө­бінесе денсаулыққа байланысты. Міне, осындай жайтқа Элизабет қызымыз да тап келіп отыр. Сондықтан ол жаттығуларда ал­ған жарақатының себебінен өзінің спортшы ретінде карьерасын тоқтататынын мәлімдеді. Бұл, әрине, күллі қазақ елі үшін күт­пеген жағдай, бірақ болмасты болдыра­мын деп өрекпуден не пайда бар? Сондықтан саналы азаматтардың бәрі, оның ішінде спорттан хабары барлары мұны аса күйін­бей, қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Әрине, оны өте ауыр қабылдағандар жоқ емес. Әсіресе, Элизабеттің ана­сы Падишахан Сұлтанәлиева. Ата-ана болған соң жасынан баулып, биікке талпынтып өсірген өз пер­зен­тінің спорттың ең биік шыңдарын бағын­дырғанын қалайды ғой. Басқа басқа, Эли­забет сияқты жеңіс тұғырына бір табан жа­қын тұрған спортшы перзенттің ойла­маған жерден мұзайдындытәрк етуі кімге де болса оңай емес. Сондықтан Элизабетті дүниеге әкелген ананың күйінішін түсінуге болар. Әрине, мұндай алмағайып кезеңде журналистер де спортшыдан не оның ата-анасынан қызықты сұхбат алып қалуға тырысады ғой, спортшының ден­сау­лығы неге сыр берді, спорттағы жолын аяқтауына басқа себеп бар ма деген сияқты нәрселердің сырын ашқысы келеді. Оны бекерлей алмайсың. Элизабеттің анасынан сұхбат алған МатчТВ арнасының тілшісі қазақ спортшысына қатысты көптеген сұрақтар қойған. Оның ішінде Элизабеттің денсаулығы, спортшы ретінде қалыптасу жолы, жеңісінің маңызы − бәрі айтылған. Тек «Элизабет Қазақстанның атынан шығуына шешім қабылдауына ата-баба­ларыңыз­дың сол жақтан екені себеп болды ма?» деген сұраққа (қызының спорттық карьерасының ертерек тоқтағанына көңілі түсіп тұрған ана ғой) Падишахан Сұл­танәлиева: «Солай айтуға да болады. Күйеуім бұл жол баламыздың жетістікке жету жолын тездетеді деп ойладық. Бірақ оған қалай өкінемін?! Біз мәнерлеп сырғанау спорты жоқ ел үшін жарысқа қатысудың қиындықтары болатынын білмедік. Егер сіз атынан барған ел әлемдік аренада мәнерлеп сырғанауда орны бар ел ретінде қарас­тырылмаса... бұл – тозақ. Төрешілер жоқ, тех­никалық бақылаушылар жоқ, сахна ар­тында қолдау жоқ. Ғасырлар бойы көш­басшылық үшін күрескен державаларда жеңіске жету үшін бәрі жасалған. Олар өз спортшыларын қорғап, төрешілермен жұмыс істейді. Үлкен спорт үлкен саясатпен тең. Мен мұны тым кеш болғанда ғана тү­сіндім. Егер мәнерлеп сырғанаумен ай­налысқысы келетін немерелерім болса, Қазақстандағы жағдай өзгермесе Ресей үшін ғана бәсекелес бол дер едім. Бірақ бұл тек менің пікірім екенін баса айтқым келеді», − деп жауап берген. Әрине, ашу үстінде айтты де­сек те, спортшының анасының бұл сөз­дері­нен аса шектен шыққан ештеңе көрін­бейді. Ал үлкен спортта үлкен елдердің сесі ба­сым болатыны, сондықтан кейде спорт­шы­сы қанша мықты болса да, кішкене елдер­­дің шетқақпайға ұшырайтыны өтірік емес қой. Бірақ бұл арада сұхбат алған журналист де берілген жауапты түрлендіріп жіберген көрінеді. Ол туралы сұхбат беруші өзінің Facebook парақшасында «Журналиске әлемдік спортта жеңу тозақ десем, ол Қа­зақстандай елдің атынан қатысу деп бұрып жіберіпті» деп жазып отыр. Ал енді Па­диша­хан Сұлтанәлиеваның осы айтқанын Қа­зақстанның рейтингіден басқа нәрсе қы­зықтырмайтын сайттары үзіп алып, түрлі сақ­қа жүгіртіп жатыр. Оны әлеуметтік же­ліге бөлісіп, бүйректен сирақ шығарып жат­қандардың есеп-саны жоқ. Сондағы айта­тыны «Қызы Қазақстанның атынан шық­қанына неге өкінеді?», «Ұлты басқа бол­ған соң қазақты менсінбей айтып тұр», «Қа­зақстанбұл әйелдің қызына бар жағ­дай­ды жасады, соны білмейді» т.с.с. қаптаған айыптаулар. Ау, анасының айтқан бір сөзі жалпақ жұртқа бұрмаланып жетсе Элиза­бет­тің не жазығы бар? Ешкім ата-анасына қалай сөйлеуді үйретпейді ғой! Дегенмен қазаққа даңқ сыйлаған спортшы қыз анасы үшін кешірім сұрады: «Мен бұл жайында бір­неше рет айттым, енді тағы да қайта­ла­ғым келеді: Ұлттық Олимпиада комитетіне, Қызылорда облысының басшылығына, Мәдениет және спорт министрлігіне бүкіл мансабым бойына маған қолдау көрсеткені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Менде барлығы жақсы және Қазақстанның атынан әлемдік аренада өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе болды. Анамның сөз­дері қатты батып кеткен жандар болса, ке­шірім сұраймын. Өкініштісі сол, қазір біз екі жақтамыз, ол Мәскеуде, ал мен Қазақ­стан­дамын. Мен барлық жағдайды бақы­лауда ұстап тұра алмадым. Бұлай болып тұра­ды. Қандай жағдай болса да, мен анам­ды жақсы көремін. Анам өте ашық адам, ойында не тұрса со­ны жайып салады. Біздің барлығымыз бір­дей ойлап, бірдей сөйлей бермейміз. Біз бө­лек жандармыз. Әркімнің өз ойын айтуға то­лық құқығы бар. Егер сіз бір адамның ор­нында болып көрмесеңіз, ол жайында пікір айтудың қажеті жоқ. Ата-ана деген әрқашан баласы үшін жанын беруге даяр тұра­ды, әсіресе аналар», − деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасына. Қандай қиын десеңші! Сен бар жа­ның­ды салып өз Отаның үшін аян­бай тер төгіп жеңіске жеткеніңде қуанған халық, кішкене бір әңгіме үшін сені, сенің от­­басыңды жерден алып, жерге салып жа­тады. Бұл жай адамның өзіне оңай емес, ал ел намысын қорғап жүрген спортшыларға тіпті ауыр тиері анық... Жалпы, ел болғымыз келсе, майда-шүй­де әңгімеге мән бермеген дұрыс қой. Үлкен елдің азаматтары ондай ұсақ-түйек нәрселерді құлағына да қыстыр­майды. Ал біз әшейін бір сөз үшін елдің ме­рейін көтеріп, жалауын биікте желбірет­кен жастарымыздың намысына тиер сөз айтып, ақымақтық жасаймыз... Кім не десе о десін, Димаш, Элизабет сияқ­ты жастар – қазақтың бағына ту­ған, Қазақстанның даңқын көтеру маң­дайына жазылған таланттар. Біз соларды төбемізге көтеріп, мақтаныш ету арқылы мық­ты ел, дарынды халық екенімізді мойын­дата аламыз әлемге. Ендеше жұл­дыз­дарымыздың жүрегін суық сөзбен жаура­тудан аулақ болайық!

Ахмет ӨМІРЗАҚ