Қаракөз Сүлейменова: Ол – бекзаттықтың үлгісі, дегдар адам

Қаракөз Сүлейменова: Ол – бекзаттықтың үлгісі, дегдар адам

Қаракөз Сүлейменова: Ол – бекзаттықтың үлгісі, дегдар адам
ашық дереккөзі

Ол туралы: «Айналайын, Досхан, бұл рөлді Шәкен Айманов сомдағанын көрген адаммын, кем түспегеніңе қуандым..» Ғабит Мүсірепов ( «Ақан сері – Ақтоқты»)

«Айналайын, Досхан, дүниеге маңдайыңнан сүйетін-ақ кино әкеліпсің...» Ақселеу Сейдімбеков («Біржан сал»)

«Шынымды айтсам, сахнадағы Ақан – Досханды алғаш рет қатты қызғандым. Ақан–Досхан да жап-жас, Ақтоқты–Райхан (Қалиолдина) тіпті сұлу, сым­батты, тәкаппар...» Қаракөз Сүлейменова

Тізе берсек, бұл ұзақ-сонар пікірдің соңына жетпеспіз. Біз әдеттегі үрдісімізбен ендігі әңгімені актердің сүйген жары, қазақтың қайраткер қызы Қаракөз Асқарқызымен жалғастырдық. Сол күні Алматының кеші де қоңыр тартып тұрды. Алқы­зылданып батып бара жатқан күннің жып-жылы, жанға жайлы реңі кенеттен қарсы отырған актер жарының жүзіне ауғандай, әдемі бір кейіпке енген кейіпкеріміз өткенге аса риза қалыппен әңгіме бастады.

– Шынымды айтсам, мен Досекеңді алғаш рет он екі жасымда көрдім. Үнемі мек­тептен шыққан соң №5 троллейбуспен үйге қайтамын. Күнде көріп, күнде жүретін көшем болса да, терезеден даланы қызықтап, тел­міре­мін де отырамын. Бірде есіктен үстін­де ұзын қара плащы бар, басындағы қалпағы ерек­ше жарасып, өзім кинодан ғана көрген актер кіріп келе жатты. Сол жылдары, яғни 1977 жылы шыққан «Бандыны қуған Хамит» ел арасында жағымды пікір қалыптастыра бастаған-ды. Көзім жыпылықтап, тірі актер көр­геніме іштей қуанып , сол жаққа қарай бере­мін. Әрине, ол мені байқаған да жоқ, тіпті мен жаққа көз де салмады. Ішімнен « үй­ленген болар, бәлкім балалары да бар шы­ғар» деген бір ой жылт ете қалды. Кейін ойлаймын ғой, қазақ «Он үште отау иесі» де­генді бекер айтпаған-ау, қыз бала бойжете бас­тағанда оның бойында да, ойында да әйел­ге тән қасиеттер пайда бола бастайды екен. Содан ол театрдың алдындағы аялда­ма­дан түсті, ізінен мен де түстім. Өйткені біз­дің үй Мәметова көшесінің, яғни жастар теа­т­рының артында. Аялдамадан бірге түстік. Ол алда, мен артта, оның басқан ізін санап, қа­да­мым жетпесе де, соңынан ілесіп келемін. Қыз­меткерлер кіретін есіктен сұлбасын ұза­тып салып, сылбыр басып үйге беттедім. Жалпы, мен бала күнімнен керемет пысық болдым. Жылдам, қолды-аяқ­қа тұрмайтын, аузы жабылмайтын бала бо­лады ғой, алғыр, тіл алғыш. Анам кейде ма­ған ұзақ қарап отырып: «Құдай-ау, осы қыз­ды шынымен мен тудым ба», – деп таң­ға­лып отырушы еді. Ол кісінің табиғаты бө­лек­теу, ұстамды, сабырлы, жай, бабымен сөй­лейді ғой. Ал мен шапшаңмын. Ол жа­ғы­нан әкеме де, анама да емес, Айтотыма қатты ұқсаймын. Әкемнің анасы – Айтотым жарықтық, тез шешім қабылдай білетін, кез келген қиындықтың шешуін дәл тауып, кесек сөйлейтін кісі еді. Сондай пысық, ылдым-жылдым, шапшаң қимылдайтын, аузы мен қолы бірдей қимылдап жүріп-ақ талай шаруа­ны лезде тындырып тастайтын, отба­сылық іс-шараларды ұйымдастыруға кел­генде де алдына жан салмайтын, былай қара­ған кісіге кірпияздау болғанымен, өте іс­мер кісі болды. Кесек сөйлейтін-ді.  width= Сол қылығымнан қорыққан ба, анам мені музыка мектебіне берді. Әлден мынандай пысық, он екі-он үшке келгенде ие бола алмай қаламын десе керек. Музыканы аса жақтырмасам да, ыңғайына көнбей көр?!. Бастауыш мектепті бітірген соң, жай қатарда­ғы мектепке барғым келетінін айтып едім, тыңдаған да жоқ. Бала болып не лагерьге бар­мадым. Жібермейтін. Қалай жазғы дема­лыс басталады Ақмола облысындағы Астра­хан ауданына, нағашыларыма жібереді. Бірақ менің адам болып қалыптасуыма ауылдың әсері көп болды. Қазаққа, қа­зақ тіліне, қазақтың салт-дәстүріне жақын­ды­ғым, әжелерім мен ауылдың тәлім-тәр­бие­сі, өнегесі! Оны үнемі айтып та жүремін. – Сонымен... – Сөйтіп жүріп мектеп бітіріп, театр және көркем сурет институтының режиссерлік факультетіне оқуға түстім. Алғырлығым, пысықтығым сонша, алғашқы жылы-ақ қазақ теледидарына қызметке тұрып, телережиссер Асқар Бапышевтің көмекшісі ретінде талай түсірілімдерге қатыстым. Әрі мамандыққа жақын жүремін, әрі өзім қажетіме жарататын ақшамды табамын. Сондай түсірілім тобымен бір аптаға, «Диагноз» телефильмін түсіруі үшін Үшарал жаққа жолсапарға жиналдық. Уәде­лескен жерге келсем, автобустың жа­нын­да сыптай болып киінген Досекең тұр. Іштей қуанып кетсем де, білдірмей амандастым да, алыстау барып, басқаларды күттік. Шағын ғана автобуспен жолға шық­тық. Ол кезде теледидарда қазақтар өте аз, оператор да, киім мен актерлерге грим жа­сайтындар да басқа ұлт өкілдері, көбі еврей халқы ғой деймін. Олар өздерін еркін ұстайды. Әсіресе, қыздары ашық-шашық жү­реді, тіпті тоқтай қалған жерде көк түтіндетіп, мәре-сәре. Досханнан басқа тағы он шақты ак­тер бар. Ол кез сексенінші жылдардың ая­ғы, қазақ теледидары телефильмдерді тү­сіруге машықтанып қалған тұс. Бірақ елдің әлеу­меттік жағдайы аса мәз емес, әрине. Ау­дан орталығындағы шағын ғана қонақүйге ор­наластық. Түсірілім он шақты күнге со­зылды. Елдің бәрін ұйымдастырып, кімнен кейін кімнің шығатынын, қалай жүріп, қалай тұру керегін айтып, саңқылдап-сайрап мен жүремін. Байқаймын, Досхан мен жаққа жиі қарағыштайды. Ал мен байқамағансып, жұмысымды әрі қарай жалғастыра беремін. Бір-екі күннен кейін әйелдер өзара сөйлесіп отырып, «Досхан әйелімен ажырасып кетіпті» дегенін естіп қалдым. Біртүрлі көңілім құла­зыды. Шынымды айтсам, ауырып қалдым. Неге екенін білмеймін, ішім алай-дүлей, мазасыз күйге түстім. Тіпті, қайтатын күні қызуым көтеріліп, басымды көтере алсамшы. Автобустың артқы орындығында сұлап жаттым. Қыздар кезек-кезек басымды ал­дарына қойып, ыңғайлы жатуымды қада­ғалап келеді. Ол кезде қайбір қазіргідей жайлы автобус дейсің, жол да оңып тұрған жоқ. Селкілдетіп, онсыз да ауырып тұрған басымды әлкі-тәркі етті. Сөйтіп жатып Дос­ханға көз қиығыммен қарап қоямын. Ол да жиі қарағыштайды. Арасында қыздардан: «Қолдарың талмады ма, Қаракөздің басын мен сүйеп отырайын ба?» деп сұрап қояды. Мен қаншалықты қалап жатсам да, әлгі қыздар жолатпайды. Бір ауылға келген кезде демалып алайық деді ме, автобус тоқтап, ішіндегілер сыртқа шығып-шығып кетті де, Досхан менің жаныма отыра қалды. Басымды тізесіне емес, қолына қойған бойы, қалаға жетіп, үйге дейін сүйеп әкелгені, бас ауыр­ға­нын ұмыттырғандай әсерде болдым. Жазы­лып кеткендеймін. Бұл – Досекеңді екінші рет көруім, бірге сапарлас болғаным. Әлгі телефильм көр­сетіле бастағанда, жалақысына келіп-ке­тіп жүрді. Жиі көріп қаламын. Бірде: «Алтын қыз, театрға шақырсам, келесің бе», – деді. «Әрине», – дедім жұлып алғандай. «Ертең «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымы болады, кел», – деп екі билет қолыма ұстатып кетті. Пысықтығымды қарасаңызшы, келесі айдың келісімшартын қол сөмкеме салып алдым да, спектакльден соң жолығудың амалы ғой, қасыма ағайындас сіңілімді ертіп театрға келдік. Үстімде әдемі көйлек, басымда әдемі орамал! Біз ғана емес, сол тұстары елдің бәрі театрға барын киіп, сәнденіп келетін үрдіс бар еді. Залда үнсіздік. Спектакль жүріп жатыр. Досхан – Ақан, Райхан –Ақтоқты қан­дай! Екеуі де әдемі, жап-жас. Шынымды айт­сам, бойымды тұңғыш рет қызғаныш би­леді. Сахнадағы жүрісі, маңғаздығы, өзін ұстауы, сахна мәдениетіне әбден төселіп алғаны, еркіндігі, несін айтасыз, бәрі-бәрі ұнады. Ұзын бойлы, тіп-тік, көркем жігіт қой. Киген киімдері де жарасымды. Театр сахнасы мен кино әлемінде де атағы дүрілдеп тұрған кез. Жап-жас. Спектакль де бітті. Елдің ризашылы­ғында шек жоқ. Актерлерді сахнадан жібер­мейді. Ал мен қызметкерлер кіретін жаққа қарай жылжыдым. «Досхан аға, спектакль өте жақсы шығыпты. Шақырғаныңызға рақмет! Егер уақытыңыз болса, мына құжаттарға қол қойып бере саласыз ба, ала келіп едім», – дедім. Ол да: «Ой, алтын қыз, әрине», – деп ел­пілдеп қалды да, мені гример бөлмесіне бас­тады. Онда Мәкіл Құланбаев, Айтжан Ай­дарбеков, Мұхтар аға Бақтыгереев, қазір есім­де жоқ, тағы да бірер актер отыр екен. Қызу әңгіме болып жатса керек. Ол кезде әр спектакльдің соңы шағын кештерге ұласып кететін-ді. Қолымнан ұстаған қалпы, мені «Біле­сіздер ме, мына Қаракөз Асқар аға мен Ал­тын­шаш апамыздың қызы», – деп таныс­тыр­ды. Олар да маған бас изеп, құрметпен қарады. Содан қаптаған қағазды біртіндеп аша­мын, ол қол қояды. Арасында ел­жіреп қарап қояды. Басымдағы орамалыма, жүзіме аса бір мейіріммен қарайды. Қағаз да бітті. Қол қойылды. Отыра беруге ыңғайсызданып, орнымнан тұрдым да: «Аға, мен кеттім», – деп баспалдақпен төмен түсіп бара жатыр едім, бөл­меден атып шықты да: «Алтын қыз», – деді, мен жалт қарадым. «Сен маған ренжі­ме­ші, мен сені бүгін шығарып сала алмаймын» деді. Сол сәттегі кейпі әлі күнге көз алдымда де­сем, сенерсіз бе?.. Өйткені оның сол тұры­сы, қимастық танытқан көзқарасы шынайы бір сезімді байқатты. «Басқа бір жерге баруым керек еді» – дегенінен керемет бір қимастық­ты көргендей болдым. Сездім. Оқыдым. Шынымды айтсам, бақыттан басым айналды. Сезімдеріміздің бір арнаға тоғысқанын сезінгендей, бойымды белгісіз бір қуаныш кернеді. Кешкі Алматымды қызықтап, біраз жерге дейін жаяу жүргенімді де сезбедім. Тағы бірде Хирургия институтында түсірілім кезінде кездестік. Бір көрі­ніс­те ұзын коридормен Райымбек аға Сей­ті­метов пен Досхан келе жататыны бар. Мен кадрдың сыртындамын. Жарасымды киініп алғанмын. Бірақ өтіп бара жатып, екеуі де мен жақ­қа жалт қарасты. Әсіресе, Досхан көз алар емес. Бұрын қазақи мінез-құлқыма ғана қа­рап, балалық қимыл-қозғалысыма қызықса, дәл әйел ретінде дәл сол күні көз тоқтатқанын кейін айтады ғой.  width= Қаракөз сонау алыста қалған, осыдан отыз жылдан аса уақыттағы бақыт­тың бастауынан қанып су ішкендей, алдын­да­ғы кеседен түрлі шөп қосындысымен дайын­­­далған шәйін бір ұрттап қойды да, әң­­гімесін жалғастырды. – Сол күні үйге шығарып салды. Екеуміз бі­раз жерге дейін жаяу келіп, баяғы №5 трол­лейбусқа отырдық. Одан кейін қазақтың та­лантты актрисасы Тұрақан апайдың үйінде жо­лықтық. Ол да бір қызық кездесу болды. Тұра­қан апай театрдың жас актерлеріне шәй бере­тін болыпты да, мені қоса шақырыпты. Ойым­да ештеме жоқ, өзіме қатты ұнайтын әдемі көйлегімді киіп, неге екенін білмеймін, сол кездері басымнан орамал тастамаймын. Апайдың үйіне келсем, Досханнан басқа еш­кім жоқ. Абдырап қалдым. Апай дас­тарқанды жайнатып қойыпты. Үшеуміз ғана отырып, кешкі ас іштік. Қоюлатып құйып берген, сүт қатқан шәйін ішіп отырып, кеш қарая бас­та­ғанда қоштасып сыртқа шықтық. Тағы да жаяулатып келеміз. Кейін естідім ғой, апайға мені шақырыңыз деп өтінген Досхан екен. Сол кеште алғаш рет құшақтады. Аялай сүйді. Сосын біраз уақыт үнсіз қалды да: «Алтын қыз, сен менің тағдырымды біле­сің бе? – деп сұрады. Мен де жұлып алғандай, «Білемін, бірақ ол бала мені қабылдамаса, біз ешқашан кездеспейміз», – дедім. Ол да, мен де үнсіз қалдық. Бірер уақыттан соң ғана, «Қазір үйге жүрші, орамал салайық», – деді. Мен селк ете қалдым. Келіспедім. Оқуымды бітіру керек болды. Манадан бері, қазақтың талантты ұлы, өзінің сүйіп қосылған жары, ақтаңгер актер Досхан аға Жолжақсыновпен жұптасқан ғұмыры, бақытты сәттері қос жанарынан, алабұртқан жүзінен шиыршық атып отырған Қаракөз бір сәт жанарына келіп қалған жасты сілкіп тастады да, ойға батқан жүзін сыртқа бұрып әкетті. Әлдебір жүрек сыздатқан, жанына батқан сәті есіне түскенін ұғыну аса қиын емес еді. Мен де үнсіз ғана сыртқа көз жібердім. – Ата-анамның ажырасуы мені тым ерте есейтті. Тоғыз жасар балаға, әсіресе қыз ба­лаға бұл оңай соққы емес еді. Тоғыз жас нағыз балалықтың бал дәурені ғой. Аш-жалаңаш болмадым. Бірақ психологиялық тұрғыдан жеңіл болмады. Мен әкемді де, анамды да, екі адуынды әжелерімді де, екінші әкемді де өзім үшін ақтап алған адаммын. Себебі басқаша өмір сүру мүмкін емес еді. Себебі ол маңдайға жазылған тағдыр! Олардың мінез­дері, өмірге ді көзқарастары, олар­дың табиғаты, олардың өмір сүру дағдысы, ұстанымы әртүрлі. Оны түсіну маған оңай болмады. Өмір деген тек күлкіден ғана тұр­майды, өмір арпалыс, тартыстан тұрады. Қиын­дықтардан құралады. Өмір, бәлкім, сонысымен қымбат, сонысымен қызық! Өмір­дің, ғұмыр кешудің осындай пәлсафалық қа­ғидаларын ерте ұқтым. Екі адамның ара­сындағы сезімнің, махаббаттың, тіпті, сол шы­найы сезім арқылы берілетін мейірімнің қандай болатынын Досханның құшағында тұ­рып алғаш сезіне, түйсіне түстім. Сондық­тан да осы бір айқасқан құшағымыздың ажыра­мауын қаладым. Бірақ сол күннен кейін Досекем бір ап­та хабарсыз қалды. Осы бір апта бір ға­сырдай болды мен үшін. Санам сан саққа жү­гіргені сонша, ойыма не келмеді десеңізші?! Мен әлгі өмірдің шынайылығы, махаббаттың тұрақтылығы, жалпы өмір сүрудің қызығы мен шыжығы – екі адамның арасындағы бай­ланыс... бәрі-бәрі көңілімнен көшіп кет­кен­дей күй кештім. Оның мейірлене қара­ғаны, аялағаны түсіме айналып кетер ме екен деп қорықтым. Кейін айтады ғой, «сондағы сенің еркін қимылың, құшақтағаныма қар­сылық білдірмегеніңе бір жағынан жүре­гім шайылып қалғандай болды», – дейді... Менің де шексіз сүйіп қалғаным сонша, ол ойла­ғандай ұялшақтық танытпай, құшағына еркін, қымсынбай енгенім, оның ішіне «ала­құйын» тастаса керек. Сол аралықта Мәскеуге, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» кинофильмінің түсіріліміне кетті. Сағына бастадым. Қыз бен жігіт болып ұзақ уақыт жүр­месек те, сағынып кездескен кездерім әлі есімде. Қол ұстасып қыдырған кештердің бірінде: «Әйеліңізбен неге ажырастыңыз?» деп сұрадым. «Біреумен көріп қалдым» деді. Өті­рігі, не шыны екенін ажырата алмадым. Одан әрі маған да ештеңе керек емес еді. Өйткені маған дейінгі ғұмыр, тірлігіне оның да, өзімнің де бас қатырғым келмеді. Осылай тағдырымыз тоғысып, бас қостық, шаңырақ кө­тердік. Ол кезде мен жиырма бір, ал Досе­кем отыз жеті жаста еді. Ойлап отырсам, жа­­рықтық әжем айтпақшы, жап-жас, бала екен ғой. Қазір ол орта жас, елдің сол жастағы ба­лалары әлі күнге үйленбей, сұрбойдақ бо­лып жүр. – Досхан аға қандай әке, қандай ата, қан­дай актер? – Күйеу деген түсінік бір бөлек, әке де бір бө­лек, ата деген де бөлек, ал азамат деген тү­сінік бір бөлек, білген адамға оның жиын­тығы – тұлға! Ал Досекеңдей халықтың ықы­­­ласына, құрметіне, махаббатына бөленіп, өнер­дің биік белестерін бағындырған азамат, ол енді тұлға ғана емес, бекзаттықтың үлгісі, тәлімі. Дегдар адам. Сондықтан болар, ол өте мейірімді, балажан. Олармен санасып, ақыл­дасып отырады. Біржан мен Бекзатты баласы емес, жақын досындай пікірлес, сырлас көре­ді. Артық қимылын көрсе, дауыс көтермей-ақ, түсінісіп жатады. Жекіп, ұрысып жататын сәт­­тері сирек. Біржанды он төрт жыл бірге тұрып, үйлендіріп, бөлек шығардық. Төрт не­мереміз бар. Ал Бекзаттан бір немере, алты жас­та. Қызымыз Ділдәні ерекше жақсы көре­ді, еркелетеді. Биыл Мәскеу мемлекеттік ха­лық­аралық-экономикалық институтына түс­ті. Ал актер ретінде, менің жарым бол­ған­дықтан емес, шынымды айтсам, әри­не үлкен-кіші актерлер ренжімес деп ой­лай­мын, Досханнан артық актер жоқ деп есеп­теймін. Осы жасына дейін алғаш «Бандыны қуған Хамит», «Бастау» мен «Гауһар тас» сын­­­­­ды әлі күнге құндылығын жоймаған қа­зақ киносынан басқа, екі жүзден астам кино, театр кейіпкерлерінің қайсысын алсаңыз да, Досханның өнерге адалдығын, бар болмы­сымен берілгенінің куәсі боларыңыз анық. Атаның күші мен ана сүтінен дарыған осынау қабілет-қарымы кейінгі жылдардағы ұла­ғатты ұстаздарынан үйренген тәлім-тәр­бие­сіне ұласып, өнердің биік тұғырына көтерілді. Олай дейтінім, ата-енем де өнерден құра­ла­қан жандар емес еді. Ал өнер айдынында аңызға айналған Асқар Тоқпанов, КСРО халық әртістері Шолпан Жандарбекова мен Хадиша Бөкеевалардан құралған мемлекеттік комисия алдында қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, өнер институтының студенті атан­ды. Одан кейін қазақтың кино өнеріндегі шоқ­тығы биік Абдолла Қарсақбаевтың на­зарына ілігуі де оның талантын ширай түс­кен. Оның «Құнанбайдағы», әсіресе «Билер сахнасындағы» ойыны, анау Қодар мен Қамқаны дарға асамыз деп тұрғандағы «Қо­дардың туысқандары келіп тұр екен» де­ген жерінде, «Маған десе, атам Өскенбай тірі­ліп келсе де» деген диалогі керемет. «Бір­жан салдағы» Ләйлім екеуінің судан шығып ке­ле жатып, Біржан – Досханның маң­дайы­нан сорғалаған суды сілкіп тастайтыны... «Көшпенділерде» «Ораз, жылқыны таңдап бер» дейді ғой, сонда қақпадан шығып шауып бара жатқаны... аттан секіріп түскені... Бәрі ұнайды, жасандылықсыз, шынайы! Мен үшін ол түскен әр фильмде осындай өзіме қатты әсер еткен, ұнайтын кадрлары жеткілікті. Ал қыр­ғыз ағайындардың қаншама фильміне түсті. Толомуш Өкеевтің «Алтын күз», Сүй­мен­құл Чокморовтың «Ыстықкөлдің алқы­зыл гүлдері» фильміндегі Біржан салдың «Те­­­міртасын» қалай шырқайды?.. Айта берсек, тізе берсек, бұл тізім жалғаса берері сөзсіз. – Досхан ағаның үнемі гүл сыйлап жүре­тінін естіп, көріп жүрміз. Ал өзіңнің ерек­ше сый-кәдең бар ма? – Иә, ол рас. Сөз басында айттым ғой, екеу­міз қыз-жігіт болып ұзақ та жүрмедік. Бі­рақ талайлардың махаббатына куә болған әсем Алматының жазғы, күзгі бақтарында қол ұстасып талай қыдырдық, бірақ ешқашан гүл сыйлаған емес-тін. Жұптасқан отыз үш жылда үйге гүлсіз келгені сирек, үнемі құшақ-құшақ гүл әкеледі. Ал мен ешқашан шығарып салған емеспін. Бірақ қай жақтан, қашан, күн­нің не түннің қай мезгілі болса да, ұшақ­пен не пойызбен келсе де, үнемі қарсы алуға шығамын. Ол келетін күні қандай тығыз шаруа-тірлік болса да, алдынан шығып, күтіп алу үрдісі берік сақталған. – Ұнайтын қасиеті? – Қалжыңбастығы, тапқырлығы ұнайды. Жі­гер­лілігі ұнайды. Арзан күлкі, арзан ойдан аулақ тазалығы ұнайды. Өте адал, тақуа кісі. Отбасын өте жақсы көреді. Талғамы биік. Өзі­нің де, менің де жақсы киініп, әдемі жүр­ге­німді қалап қана қоймай, талап етеді. Бүгінгідей қуаныш-жақсылық, әрине, оңай келмегенін де жасыруға болмас. Адам баласы өз өмірінде көрген қиындық­тары, сәтсіздіктері арқылы есейеді, шыныға­ды, ширайды, ширатылады, өседі. Бұл – заң­ды­лық! Әр нәрсеге де қанағатшылықпен қарау керек, ал шыдамдылық, төзім жетпей жат­қан жерде, ұйыған ұя да болмайды. Оның бәрін қиюластыратын, қалыптан шығармай берекесін кіргізу, ол – сенің міндетің. Өйткені бұл өмірге әйел болып келдің! Сол ерекше қа­сиеттеріңді бағалап, құрметтей білген, сый­лай білген, сүйе білген азаматтарымыз аман болғай. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Досхан Жолжақсынов жетпіс жасқа толды. Ол өзі айтатындай, «ішкі сыны» босаңсуға жол беруге болмайтынын, «өмір мен өнерде үнемі ақбоз ат мініп» жүрмейтінін терең жауапкершілікпен сезінген, парасатпен пайымдаған Тұлға! Бүгінгі ықшамдалып беріліп отырған Қаракөз ханымның ақтарыла айтқан әңгімесінен сұрапыл суреткердің қыр-сыры мол көп қасиетінің біршамасына ғана қанықтық.

Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ