Үлкен жүректі тұлға
Үлкен жүректі тұлға
Мен Ержан Үбайдаұлы Уәйіс Отырар ауданы Маяқұм елді мекенінде (Оқсыз аймағы) туып-өстім. Шоқан Уәлиханов орта мектебін алтын медальмен бітірдім. Сол мектепте Өзбекәлі Жәнібеков, менің әкем Үбайда (Үбайдулла) және әкемнің туған інісі Нұртаза Уайсовтар бір сыныпта оқиды. Мен қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірдім. Алматыда Қазақ телевизиясында тілші, редактор, комментатор, саяси шолушы болып 24 жыл қызмет еттім.
Өзбекәлі Жәнібеков – Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Сессияның үзілісі кезінде мені қасына шақырып алып, жеке әнгімелесетін. «Сенің әкеңмен бірге оқыдым, сенің атаң Уәйіс атадан бата алдым» деп еске алушы еді. Менің үлкен аталарым – Уәйіс қожаның әкелері Төрежан ахуын есімі Сыр бойына белгілі дін ғұламасы болған. Арғы аталары Хорасан атаның ұрпақтары (Қазақстанда, Орта Азияда исламды таратушы) Жаңақорған ауданы Хорасан ата кесенесі алып күмбезді тарихи орын мен сол Хорасан ата қорының республикалық президентімін, жыл сайы 3 мыңнан астам адам қатысатын үлкен жиын, халықаралық конференция өткіземіз. Көгалдандыру, ағаш егеміз қазір 2 000 түп ағаш бар. Айдала Қызылқұм қойнауында Төрежан ахун имандылықты, исламды дәріптеу мақсатында Арқа жеріне Сырымбет даласына 30 күн оразаның кезінде барады екен. Уәли төре мен оның жұбайы баянауылдық Сарғалтай қожаның қызы Айғаным апамен өте жақсы сыйластық дәрежеде араласқан бір сапарында Уәлиханның ұлы Шыңғыс төре ұлды болып, оның атын Төрежан ахунға қойдырып, ол бөбекті қолына алып, сәбидің аты «Мұхамед-Ханафия» болсын деп, үш рет айға азан шақырып қояды. Айғаным әже кішкентай сәбиді еркелетіп «Шоханым, Шоханым, Шоқаным» деп атап кеткен екен. Тарихқа Шоқан Уәлиханов есімі осылай келген. Осының Өзбекәлі ағаға айтып бергенде, оны әлі зерттеу керек, жүрген жерінде айтып жүр деп еді. Өзі де көп жерлерде, ұрпағы Шотаман Уәлихановқа айтыпты.
Өзекеңе Алланың берген сыйы болса керек, Қазақстанның басшылық қызметтерінің барлығынан өтті. Мәскеуге келген сайын Нұртас Ондасыновқа үйіне барып сәлем береді, елдің жаңалығын айтады. Кешегі Алаш арыстарын ақтауды, Наурыз мерекесі, тіл туралы заңының қайта жаңғыруы, Түркістандағы тайқазанды елге әкелу жайында Нұртас Ондасыновтың көп ақылын тыңдадым дейтін қайран Өзекең.
Кейін Нұртас Ондасынов қайтыс болғанда (Мәскеуде) мүрдесін туған жерге Түркістанға әкелуге Н.Ондасыновтың шәкірті Сағидолла Кұбашев, Өзбекәлі Жәнібеков тікелей атсалысады. Мәскеуге өздері барып алып келді, Түркістанға жерленді. Маяқұм елді мекеніне кіреберісте Өзбекәлі Жәнібековтің үлкен портреті және бас көшеге есімі берілді. Аудан орталығы Шәуілдірде өзі оқыған мектепке аты берілді, аудандағы мұражайға үлкен бұрыш берілді. Сондай-ақ өзі 1-7 класқа дейін оқыған Маяқұмдағы Ш.Уәлиханов мектебінде үлкен мұражай ашылған, бюсті қойылған, ауылда кластас достары тарихи суреті сол бұрышта, менің де суреттерім бар.
Өзбекәлі Жәнібекұлының туып-өскен ортасы – әйгілі Отырар ауданы. Сонау ХІІ ғасырда Отырар қаласы – Орта Азиядағы ірі қалашықтардың бірі. Отырар төбеге жыл сайын экспедициялық топ археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді.
Бұл кезінде басшылық қызметте болған Өзекеңнің тікелей тапсырмасы болатын. Сырдарияның арғы бетінде Оқсыз төбе қалашығында тарихи орын осыдан 7-8 жыл бұрын дарияның суы тасып, Маяқұм елді мекенін су алып кетті. Үкіметтен үлкен көмек болды. 100 жаңа (5 бөлмелі) үйді тегін салып берді. Қоныстойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тікұшақпен келіп, халықпен кездесті. Тұңғыш Президентке тұрғындар алғысын айтты. Бұл елде Өзбекәлі Жәнібековтің туып-өскені сөз болды. Сонда Елбасы «Халқымыз құрметтейтін ұлтжанды азамат, менің ұстазым болған» деп Өзекең туралы жылы лебіз білдірді. Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан комсомол орталық комитетінің бірінші хатшысы болған кезде Теміртауға Қазақстан магниткасында аға горновой болып жұмыс істейтін Нұрсұлтан Назарбаевты Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындауға қол қояды. Кейін Қазақстан жерінен Байқоңырға космосқа ұшқан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді қарсы алу сәтінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Біздің атамыздың, Уәйіс атаны Сыр өңірі Түркістан, Отырар аймағы пір тұтты. Еңбек ардагерлері, Социалистік Еңбек Ері Қайқыбай Куатбеков, Нұсқабай Құлымбетов ағалы-інілі болып араласты. Нұсқабай атаның үлкен ұлы Әтібай Өзбекәлімен Шәуілдірде бірге оқыған, екінші ұлы Жарылқасын – қазақ телевизиясындағы бас редактор.
Бірнеше баспаның бас директоры болды. Ғалым-жазушы қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, академик атағына ие болды. Алматыда Өзбекәлі ағаймен отбасымен ең жақсы туысқандық қатынаста болған осы Жарылқасын ағай. Үшінші ұлы Әбілқасым Қызылқұм, Отырар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған қоғам қайраткері Өзбекәлі аға 1991 жылы 29 тамызда 60 жылдық мерекелік тойына Әбілқасым аға туған жерден арнайы келіп, ақбоз атты мінгізген еді. Айтайын дегенім, Арыстан баб әулиенің мазарлығында, Уәйіс атаның жанында Еңбек Ері Нұсқабай Құлымбетовтің мәнгілік белгісі қойылған. Ортада адам жок, одан төмен қарай Өзбекәлі Жәнібеков өзінің аманатымен мәңгілік тыныстаған жерінде көркем күмбез бар. Осында жер-жерден Арыстан бабқа зиярат ете келгендер Уәйіс атамызға, Нұсқабай атаға, Өзекең ағаға арнайы құран бағыштайды.
Өзбекәлі аға үйіне Қалихан апаның шайын ішеміз деп Алматыда оқып жүрген кезімізде інілері Тұран Ізтаев, Көпен Әмірбек, Ақбол Серімова (ағаның қарындасы) және мен, Ержан арасында барып тұратын едік. Өте қонақжай аға сұсты көрінгенмен, шешіле сөйлегеннен кейін өзіне баурап алатын еді. Қалихан апа сендерге Өзбектің жолын берсін деп бата беретін.