Үлкен жүректі тұлға

Үлкен жүректі тұлға

Үлкен жүректі тұлға
ашық дереккөзі

Мен Ержан Үбайдаұлы Уәйіс Отырар ау­даны Маяқұм елді мекенінде (Оқсыз аймағы) туып-өстім. Шоқан Уәлиханов орта мектебін алтын медальмен бітірдім. Сол мектепте Өзбекәлі Жәнібеков, ме­нің әкем Үбайда (Үбайдулла) және әкемнің туған інісі Нұр­таза Уайсовтар бір сыныпта оқиды. Мен қазақ мем­ле­кеттік университетінің журналистика факуль­тетін бітір­дім. Алматыда Қазақ телевизиясында тілші, редак­тор, комментатор, саяси шолушы болып 24 жыл қызмет еттім.

Өзбекәлі Жәнібеков – Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің де­путаты болды. Сессияның үзілісі ке­зінде мені қа­сына шақырып алып, же­ке әнгі­мелесетін. «Сенің әкеңмен бір­ге оқыдым, сенің атаң Уәйіс ата­дан бата алдым» деп еске алушы еді. Менің үлкен аталарым – Уәйіс қожа­ның әкелері Төрежан ахуын есімі Сыр бойына белгілі дін ғұламасы бол­ған. Арғы аталары Хорасан ата­ның ұрпақтары (Қазақстанда, Орта Азияда исламды таратушы) Жаңа­қор­ған ауданы Хорасан ата кесенесі алып күмбезді тарихи орын мен сол Хорасан ата қорының республикалық президентімін, жыл сайы 3 мыңнан астам адам қатысатын үлкен жиын, ха­лықаралық конференция өткі­зе­міз. Көгалдандыру, ағаш егеміз қазір 2 000 түп ағаш бар. Айдала Қызылқұм қойнауында Төрежан ахун иманды­лықты, исламды дәріптеу мақсатында Арқа жеріне Сырымбет даласына 30 күн оразаның кезінде барады екен. Уәли төре мен оның жұбайы баянауылдық Сарғалтай қожаның қызы Айғаным апамен өте жақсы сыйластық дәрежеде араласқан бір сапарында Уәлиханның ұлы Шыңғыс төре ұлды болып, оның атын Төре­жан ахунға қойдырып, ол бөбекті қолына алып, сәбидің аты «Мұхамед-Ханафия» болсын деп, үш рет айға азан шақырып қояды. Айғаным әже кішкентай сәбиді еркелетіп «Шо­ханым, Шоханым, Шоқаным» деп атап кеткен екен. Тарихқа Шоқан Уәли­­ханов есімі осылай келген. Осы­ның Өзбекәлі ағаға айтып бергенде, оны әлі зерттеу керек, жүрген жерін­де айтып жүр деп еді. Өзі де көп жер­лерде, ұрпағы Шотаман Уәлиха­нов­қа айтыпты. Өзекеңе Алланың берген сыйы болса керек, Қазақстанның бас­шылық қызметтерінің барлығы­нан өтті. Мәскеуге келген сайын Нұр­тас Ондасыновқа үйіне барып сә­лем береді, елдің жаңалығын ай­тады. Кешегі Алаш арыстарын ақ­тауды, Наурыз мерекесі, тіл туралы заңының қайта жаңғыруы, Түркі­стан­дағы тайқазанды елге әкелу жайында Нұртас Ондасыновтың көп ақы­лын тыңдадым дейтін қайран Өзекең. Кейін Нұртас Ондасынов қай­тыс болғанда (Мәскеуде) мүр­десін туған жерге Түркістанға әкелу­ге Н.Ондасыновтың шәкірті Сағи­долла Кұбашев, Өзбекәлі Жәні­беков тікелей атсалысады. Мәскеуге өздері барып алып келді, Түркістанға жерленді. Маяқұм елді мекеніне кіреберісте Өзбекәлі Жәнібековтің үлкен портреті және бас көшеге есімі берілді. Аудан орталығы Шәуілдірде өзі оқыған мектепке аты берілді, аудандағы мұражайға үлкен бұрыш берілді. Сондай-ақ өзі 1-7 класқа дейін оқыған Маяқұмдағы Ш.Уәли­ханов мектебінде үлкен мұражай ашылған, бюсті қойылған, ауылда кластас достары тарихи суреті сол бұрышта, менің де суреттерім бар.
Өзбекәлі Жәнібекұлының туып-өскен ортасы – әйгілі Оты­рар ауданы. Сонау ХІІ ғасырда Отырар қаласы – Орта Азиядағы ірі қала­шықтардың бірі. Отырар төбеге жыл сайын экспедициялық топ археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді.
Бұл кезінде басшылық қызметте болған Өзекеңнің тікелей тапсырмасы болатын. Сырдарияның арғы бетінде Оқсыз төбе қалашы­ғын­да тарихи орын осыдан 7-8 жыл бұрын дарияның суы тасып, Маяқұм елді мекенін су алып кетті. Үкіметтен үлкен көмек болды. 100 жаңа (5 бөл­мелі) үйді тегін салып берді. Қоныс­тойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тікұшақпен келіп, халықпен кездесті. Тұңғыш Президентке тұр­ғын­дар алғысын айтты. Бұл елде Өз­бекәлі Жәнібековтің туып-өскені сөз болды. Сонда Елбасы «Халқымыз құр­меттейтін ұлтжанды азамат, ме­нің ұстазым болған» деп Өзекең тура­лы жылы лебіз білдірді. Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан комсомол ор­талық комитетінің бірінші хат­шысы болған кезде Теміртауға Қазақстан магниткасында аға горновой болып жұмыс істейтін Нұрсұлтан Назарбаевты Теміртау қалалық ком­сомол комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындауға қол қояды. Кейін Қазақстан жерінен Байқоңырға космосқа ұшқан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді қарсы алу сәтінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Біздің атамыз­дың, Уәйіс атаны Сыр өңірі Түркістан, Отырар аймағы пір тұтты. Еңбек арда­герлері, Социалистік Еңбек Ері Қай­қыбай Куатбеков, Нұсқабай Құлым­бетов ағалы-інілі болып ара­лас­ты. Нұс­қабай атаның үлкен ұлы Әтібай Өзбекәлімен Шәуілдірде бірге оқыған, екінші ұлы Жарыл­қасын – қазақ телевизиясындағы бас редак­тор. Бірнеше баспаның бас дирек­торы болды. Ғалым-жазушы қа­зақ мемлекеттік университетінің профессоры, академик атағына ие болды. Алматыда Өзбекәлі ағаймен отбасымен ең жақсы туысқандық қатынаста болған осы Жарылқасын ағай. Үшінші ұлы Әбілқасым Қы­зылқұм, Отырар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған қоғам қайраткері Өзбекәлі аға 1991 жылы 29 тамызда 60 жылдық мере­келік тойына Әбілқасым аға туған жер­ден арнайы келіп, ақбоз атты мін­гізген еді. Айтайын дегенім, Арыс­тан баб әулиенің мазарлығында, Уәйіс атаның жанында Еңбек Ері Нұс­қабай Құлымбетовтің мәнгілік белгісі қойылған. Ортада адам жок, одан төмен қарай Өзбекәлі Жәнібе­ков өзінің аманатымен мәңгілік тыныстаған жерінде көркем күмбез бар. Осында жер-жерден Арыстан баб­қа зиярат ете келгендер Уәйіс ата­мызға, Нұсқабай атаға, Өзекең аға­ға арнайы құран бағыштайды. Өзбекәлі аға үйіне Қалихан апаның шайын ішеміз деп Алматыда оқып жүрген кезімізде інілері Тұран Ізтаев, Көпен Әмірбек, Ақбол Серімова (ағаның қарындасы) және мен, Ержан арасында барып тұра­тын едік. Өте қонақжай аға сұсты көрінгенмен, шешіле сөйлеген­нен кейін өзіне баурап алатын еді. Қалихан апа сендерге Өзбектің жо­лын берсін деп бата беретін.  width= Өз аға Отырарда туған ұлы саз­гер Шәмші Қалдаяқовтың өне­ріне жол ашты. Қазақстанның бі­рінші Ленин комсомол сыйлығын Өзе­кең өз қолымен тапсырған еді. Ту­ған ауданында, Түркістан облы­сын­да Өзағаны да осылай көтеру керек. Мен еліміз Тәуелсіздік алған соң шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі болып, Түркияда қазақ телевизиясы мен радиосының арнайы тілшісі, Германиядағы Азаттық радиосының (Хасен Оралтай) тұрақты тілшісі, одан соң Түркияда Қазақ елшілігі ашы­лып, Стамбұл қаласында Бас кон­сул қызметтерін атқардым. Түркиядағы тарихи кездесу: Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қасында белгілі қаламгер-этнограф Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Сал­ғарин Стамбұлда болды. Осман им­периясы-сұлтанаты (700 жыл) ке­зінде салынған мешіт-мұражай­лар­да, тарихи орындарда болды. Ос­ман сұлтанаты сұлтандарының әр­қайсысына тоқталып, терең білім­дарлығын көрсетті. Түрік ағайын­дар тәнті болды. 60-70 жыл бұрын Мұс­тафа Кемал Ататүріктің түркі дүниесі туралы қанатты сөздерін тілге тиек етті. Өзекең түркі әлеміне кеңінен құлаш ұрған білімдар, сая­сат­кер, тарихшы, нағыз мемлекет қай­раткері еді. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихын, оның келешегінің үлкен болатынын айтты. Өз аға қазақ тарихын қалып­тастыруда академик Манаш Қозыбаевпен бірлесіп көп дүние жасады. Қазақстан Комсомолы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков республиканың бар­лық облыстарында, аймақтарын­да болып, көптеген кездесулер өткіз­ді. Қоғамдағы жастардың рөлін кө­теруге айрықша үлес қосты. Ол кезде бүкіл одақтық, республикалық екпін­ді құрылыстар көп болатын. Қазақ­стан Магниткасы атанған Теміртауда­ғы құрылыста жастардың ортасында жүрді. Екібастұз ГРЭС-інің, Маңғыс­тау­дағы Қаламқас, Қаражамбас, Боза­шы мұнай кеніштерінде, Жамбылда­ғы фосфор зауытында, Қостанайдағы ек­пінді нысандар, Торғай боксит ру­да­сы, Семей Жаңа Шульба ГЭС-і, Ақтө­бедегі Дон кен рудасы, Шиелі сай-кен орны, Қаратау, Жаңатас, Кен­тау, Ақтау, Рудный, Текелі, Қапша­ғай қалаларының дүниеге келуі, бой көтеруі жастардың еңбегінің арқа­сында болды. Бұл істе Дінмұхамед Қонаевтың, Өзбекәлі Жәнібековтің, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақстандағы қой шаруа­шы­лығын дамытуға жастар бри­га­дасын құрып, үндеу көтерді. Шұ­бар­таулық жастардың бастамасы – осы­ның айғағы. Мойынқұмдағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазыл­бек Қуанышбаевтың шопан таяғын жастарға берудегі өнегелі істері, егіншілік, диқаншылықта екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбрай Жа­қаев­тың қасиетті қара кетпенін ізба­сарларына тапсыру рәсімінде Өз­бекәлі Жәнібековтің арнайы бар­ға­нын бүгінде Сыр бойының халқы жыр қылып айтады. Қазақ топырағы­нан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көкке самғады. Сол рәсімге Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрсұлтан Назарбаев қа­тыс­қан еді. Одан кейін екінші ғарыш­кер Герман Титовты Өзекең, Мәс­кеу­дегі қалашықтан арнайы шақырып, Қызылорда облысына Байқоңырға ертіп келді. Сыр жастарымен жүздес­ті. Дихан баба Шиелідегі Ыбырай атамен және жастармен кездесулер ұйым­дастырылды. Ол кезде Өзекең­нің жанында облыстың бірінші басшысы Хасен Бектұрғанов, облыс комсомолының бірінші хатшысы Аблай Айдосов бірге болған еді. Бір жылдары коммунистік пар­тияның түкірігі жерге түспей тұр­ған заманында Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің сек­ретариатының кезекті басқосуы өтті. Оны Орталық комитеттің хат­шы­сы Мельник жүргізіп отырды. Қа­зақстан Ауыл шаруашылығы министрі Рогинец, «Казсельхозтех­ника» республикалық бірлестігінің басшысы Батраков сөз сөйлеп, қыз-жігіттерді қой бағуға, механизатор-трактор руліне отыруына, сауыншы­лық салаға баруға шақырды. Батра­ков жолдас жаңа К-700 алып трак­торлары мен комбайындарды тек қыздарға беремін деп көкіді. Бір кезде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков сөз алды. – «Жолдастар, әлгі сөйлеген ми­нистрлер Қазақстанға жаңа техникаларды алдырғаны құптарлық іс. Оларды 30-40 жылдан бері ескі техникаларды жүргізген тәжірибелі жүргізуші мамандарға беру керек. Ал жастар негізінен білім алғанын, жо­ғары оқу орындарына барғанын қа­лар едім. Ал қыз балалардың тех­никаға, рульге отыруына мен қар­сымын. Олар ертеңгі ана емеспе?» – деп кесіп айтты және бұл ұсыныспен келіспейтінін тілге тиек кетті. Жиын Жәнібековтің сөзімен аяқталды. Алайда партияның сөзі ұрып тұрған заманда бастамалар кейіннен қолдау тауып жатты. Сол кездері қазақ қыз­дары жаңа трактор рөліне отырды. Қостанайлық Камшат Дөненбаева, ақмо­лалық неміс қызы, қазақ келіні На­талья Геллерт К-700 «Кировец» алып тракторларын жүргізді. Кейін екеуі де Социалистік Еңбек Ері, СССР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды. Міне, партияның саясаты. Өзбекәлі Жәнібеков сол кезді былай деп еске алады. «Қа­зақ­­стан үкіметін бірнеше жыл бас­қар­ғаннан соң Гурьев облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы (ол кезде Маңғыстау облысымен бірге) Нұртас Ондасыновтың мына бір тәжірибесі ойыма келді. 1958 жы­лы Маңғыстау ауданынан мектепті бітірген 30 қыз-жігіт екі жыл қой бағуға баруға тілек білдіріп, үндеу көтеріп Обкомның бюросына келеді. Н.Ондасынов жолдас олардың әрқай­сымен жеке-жеке сөйлесіп, пікірін тындайды. Сол Маңғыстау ауданынан келген бұйра шашты жас жігіт Әбіш Кекілбаев та бар еді. Н.Ондасынов: «Қарақ­тарым, қой бағуды қазақтың маңдайына жазып қойған жоқ қой. Сендер бұл райдан қайтыңдар. Екі жыл қой баққаннан соң бастарыңда не қалады? Жоғары жаққа оқуға барың­дар. Мен сендерге Мәскеу, Ле­нинград, Ташкент, Алматыға баруға арнайы жолдама беремін». Осылай деп әнгіменің тоқетерін айтты. Мем­лекет қайраткері Н.Ондасынов Әбіш Кекілбаевқа КазГУ-ге жолдама берді. Ұлы тұлғаның қамқорлығының ар­қа­сында Әбіш ағамыз көрнекті жазу­шы атанды. Бұл оқиғаны Әбіш аға да жүрген жерінде айтып жүрді. Түркияда қазақ телевизиясы мен радиосының арнаулы, тұ­рақты тілшісі әрі тәуелсіздіктен соң шетелдегі аккредитацияланған тұн­ғыш қазақ тілшісі ретінде 1992 жылы наурыз айында Тұңғыш Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың келі­сімімен батасын алып, Анадолы жеріне жол тарттым. Ұлы тұлға Дін­мұ­хамед Қонаевтың батасын алуды ұмытпадым. Жазушы Қалтай ағамен үйіне бардым. Наурыздың 25 күні Алматы – Стамбұл бірінші әуе рейсі­мен көкке көтерілдік. Аз ғана құрам­дағы делегацияны сол кездегі үкі­мет­тің орынбасары Мырзатай Жол­дас­беков басқарып барды. Түркия пре­зиденті Тұрғыт Озал қабылдады. Елбасының ыстық сәлемі – қазақы түйе шапанды иығына жапты. Құндыз бөрікті табыс етті. М.Жолдас­беков мені түрік елінің басшысына осы елге тілші болып келгенімді айтты. Ол кісі маған жапон фотоап­пара­тын сыйға тарты. Сол Тұрғыт Озал сыйлаған фотоаппаратпен көп жылдар бойы сүрет түсірдім. Сол 1992 жылдардың басында қазақ елшілігі ашылған жоқ-ты. Қазақстаннан көптеген делега­ция, жеке белгілі тұлғалар келеді Түркияға. Сол кісілерді күтіп алу, рес­ми жерлерге, тарихи орындарға апару маған жүктелетін. Өйткені менде жеке қызметтік көлік болды. Бір күні мемлекет қайраткері Ми­хаил Иванович Исеналиев келді. Қасында Советқазы Ақатаев ағай бар. Түркі дүниесінің көшбасшыларының бірі болған Алпарслан Түркешке алып бардым, кездесу өте сәтті өтті. Сонда М.Исеналиев маған қарап, енді мені Михаил Иванович деп атама, тек «Мәке» деп атасаң болды деді. Кет­кенше Мәке аға деп отырдым. Айтайын дегенім, Мәке аға өзінің ең жақын досы Өзбекәлі Жәнібеков тура­лы күнде бір жақсы әнгіме ай­тады. М.Есеналиев белгілі мемлекет жә­не қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәні­бековпен бірге Орталық Ком­сомол Комитетінің хатшысы болды. Кейіннен Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің мәдениет бө­лі­мінің меңгерушісі, алғашы Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. Мәкең бір сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің қайсарлығы, бір­беткейлігі, өте білімді елдің мә­дениеті мен өнеріне айрықша үлес қос­қан үлкен тұлға әрі ғалым. Кеңес заманында Ресейдегі Челябі, Қорған облыст­арында бүкілодақтық жиынға қаты­сып, елге қайтамын деп тұрған­да қоңақ үйге телефон соғылды. Кө­терсем, Өзбекәлі досым Торғай об­ко­мының хатшысы екен. «Мәке, Торғай өңірі – тарихи ше­жіре аймақ, осында келгелі жер- жер­лерден, ауылдардан әртүрлі жәді­герлер, экспонаттарын жинастырып облыстық өлкетану музейін, театр және мәдениет үйлерін ашамын, «Шер­тер» ансамблін құрдық, өнерін та­машалайсын. Осы іс-шараға қаты­сып, лентасын кесіп, өзің ашып бере­сің» деді. «Ойбай, Өзеке Орталық Комитет­тен рұқсат алу керек әрі Торғай шал­ғай жер ғой» деп едім, «Қысқасы, ке­лесің бе, келмейсін бе? Келмесең, сені­мен достығымды шорт кесемін» деп телефонды тастай салды. Өзекеңнің мінезін өте жақсы білемін ғой. Дереу телефонды қайта қостырып, келетінімді айттым. Жаңа құрылған Торғайдың мәдени өмі­ріне қан жүріпті. Мәдениет, өнер ны­сандары ашылды. Музейде ауыл­дар­дан жинаған жәдігерлермен та­ны­с­тырды. Мынау 18 ғасырдың ба­сында жасалған жеті қазынаның бірі итке арналған «итаяқ-астау», өте ше­бер жасалған оюлап. Аманкелді ауданында бір малшының үйінде үлкен төбеттің алдынан көрдім. Тамақ беріп жатыр екен иесі. Дереу тапсырма беріп тазалап жуып, өз машинаммен Арқалыққа музейге алып келдім дейді қайран Өзекең. Осыдан кейін Торғай өңірінде итаяқ туралы жақсы әнгіме­лер көбейді. Бұл – Өзекеңнің ұлтжан­ды­лығының бір көрінісі. Мен де Мә­кен Есеналиев ағадан естіген әңгі­мем­ді көпшілікке айтып жүремін.
Елімізде Тіл туралы заңның қабылдануы, Наурыз мереке­сінің қайта оралуы, тайқазанның Түркістанға әкелінуі, саяси куғын-сүргін құрбандары болған Алаш арыс­тарын ақтау комиссиясын бас­қар­ған үлкен қайраткер Өзбекәлі Жә­нібековтің айрықша еңбегінің нәтижесі.
Өзағаның жанында қазақ­тың қаймақтары, ақылшы данагөй­лері болды. Атап айтсақ, Салық Зи­ма­нов, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозы­баев, Кеңес Нұрпейсов, Қайрат Са­парғалиев, Ахмет Ержанов, Әбдуалі Қайдаров, Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзәлі, Әбіш Кекілбаев, Шора және Болат Сарыбаевтар, Мырзатай Жолдасбе­ков, Сағат Әшімбаев, Мұхтар Шаха­нов тағы басқа ұлт жанашырлары болды. Сол кезде қазақ телевизиясы мен радиосының басшысы, белгілі қаламгер Сағатқан Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» телевизиялық ха­барына қонақтар шақырып, ар­найы ертіп әкелу телевизия тілшісі, шолушысы маған жүктелген еді. Бұл – Орталық Комитетте отырған Өзбе­к­әлі Жәнібековтің тікелей тапсыр­ма­сы. Сол С.Әшімбаевтің өтпелі ке­зен­дегі «Парыз бен қарыз» хабары қо­ғам­ды дүр сілкіндірген еді. Өзбекәлі ағаның есімі ел есін­де ұзақ уақыт сақталады. Сөз соныңда қазақтын қайсар ұлдары­ның бірі, 1938 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ ССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы, 15 жыл Қазақ­стан үкіметін басқарған, кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиу­мы­ның төрағасы болған Нұртас Дән­дібайұлы Ондасыновтың (Д.Қо­наев оған 9 жыл орынбасар болған) мына ақиқи ойларын айтқым келеді. «Біріншіден, менің қолым таза, ешкімнен бір нәрсе алып арымды былғағаным жоқ, екіншіден жан дүнием таза. Үштіктің айтақтауына еріп, біреуді жамандап, сыртынан қол қойғаным жоқ. Үшіншіден, жүзім таза, ешкімді алаламадым, руға, жүзге бөлмедім. Тек бір қазақ халқына, оның болашағына адал қызмет ет­тім» деген ұлағатты да асыл сөздерін мен тура Өзбекәлі Жәнібековке ар­нар едім. Өйткені Өзбекәлі Жәні­бекұлы­ның қолы таза, жүзі ашық, қа­шанда адамдарға тіке қарайтын, үлкен жүректі адал да парасатты жан. Иә, өмірдің көш керуені тоқ­таусыз етіп жатыр. Бар қа­зақ­тың Өзбекәлісі 90 жасқа келіп отыр. Қазақ халқы үшін, оның еге­мен­дік алуына айрықша үлес қосты. Тарихты ешкім жоққа шығара ал­май­ды. Халқы өте жақсы көрді, аса құр­мет тұтты, еңбегін жоғары баға­лады. Ендеше мерейлі мерекесін жо­ғары дәрежеде өткізу барша көзі ашық, көкірегі ояу, мен қазақпын деген азаматтардың борышы деп бі­ле­міз. Өзбекәлі Жәнібеков есімі мәң­гі жасайды.

Ержан УӘЙІС, Маяқұмда Өзбекәлі Жәнібеков оқыған мектеп түлегі, тележурналист, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері