Айя ШӘРІП, актриса: Бөртені театр сахнасына шығару өте жауапты іс деп есептеймін

Айя ШӘРІП, актриса: Бөртені театр сахнасына шығару өте жауапты іс деп есептеймін

Айя ШӘРІП, актриса: Бөртені театр сахнасына шығару өте жауапты іс деп есептеймін
ашық дереккөзі

Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасын Қызылорда облыстық театрында істейтін жазушының досы Әмір-Темір Құсайын оқып шығып: «Пьесаңыз керемет екен. Бірақ менің театрымда Бөртенің рөлін ойнайтын актриса жоқ» деп ашық айтыпты. «Сонда сендердің театрларыңда Бөртеден басқа рөлдерді ойнайтын актрисалар табылады да, Бөртені ойнайтын актриса болмағаны ма? Үлкен образға лайық актриса болмаса, ол қандай театр?» деп таңғалыпты жазушы. Көп ұзамай Түркістан музыкалық театрының жаңа маусымы «Бөрте» спектаклімен ашылатыны хабарланды. Тарихи тұлғаның бей несін сомдайтын әртістерге кастинг жарияланды. Жүзден жүйрік шығып, бірінші құрамда ойнайтын Айя Шәріп Бөрте рөліне, талай мәрте тарихи тұлғалардың образын жасап жүрген Еркебұлан Дайыров Шыңғыс хан рөліне бекітілген. Дайындық арасындағы үзілісте қос актерды әңгімеге тарттық.

– Австрия­­ның Вена қаласынан Түр­кістанға қоныс ау­дар­ғаныңызды есті­дік. Бұл шешімге қа­лай келдіңіз? – Балапан жұмыртқаны жарып шыққанда көрген құсты «анам» деп қабылдайды. Сол сияқты адам да дүниеге келген мекенін «туған жер» деп есептейді. Күзде жылы жаққа ұшқан құстар көктем шыға туған мекеніне оралатыны сияқты адамдардың да туған жеріне, Отанына қайтып келуі – заңды құбылыс. Иә, еуропада білім алып, Венада тұрдым. Бұл – мен үшін үл­кен мектеп. Енді сол мектептен алған білімімді Отаныма тарату – басты мақсатым. Осы орайда барлық отандастарымды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Елге қызмет ету үшін шетелден тәжірибе жинап келдім. – Түркістан театрының әртістері сізді қалай қарсы алды? Жаңа ортаға үйрене ал­дыңыз ба? – Осы орайда мынадай өлең жолдары есіме түсіп отыр. Түркістан – екі дүние есігі ғой. Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, – деп Мағ­жан ақын жырлаған қасиетті Түркістан шаһары мені жылы қарсы алды. Жаңаша нұрланған қаламызда ашылған театрға да, әртістерге де ризашылығымды білдіремін. Жаңа орта – мен үшін жаңа емес, өз қандастарым. Мұн­да кәсіби мамандар, өз ісіне жауапкершілік­пен қарайтын басшылар отыр. Сондықтан бұл ортаның берері көп деп білемін. Әлі талай образдармен театрсүйер қауымды қуантатыным анық. – «Бөрте» қойылымына кастинг жария­лады. Іріктеу қаншалықты тартысты өтті? «Өтпей қалам-ау» деген іштей бір қор­қы­ныш болмады ма? «Бөртеге» бекітілгеніңізді қалай қабылдадыңыз? – Меніңше, барлық әртістің «сомдасам» деп армандайтын рөлі болады. «Бөртеге» жариялан­ған кастингке қатысуға мені осындай арманым жетеледі деп айтсам артық болмас. Кез келген іріктеулер сияқты бұл кастинг те тартысты болды. Іріктеуге қатысқан әрбір үміткер кәсіби маман, өз ісінің шеберлері. Шынымды айтсам, өтпей қалу туралы емес, «Мені қалай қабыл­дады? Ойымды жеткізе алдым ба?» деген қо­балжу болғаны рас. Бөрте рөлі маған бұйыр­ған­да, бірер секундтық аз ғана қуаныштан кейін тағы да қобалжу пайда болды. Оның себебі – жауапкершілікті сезіну. Өздеріңізге белгілі, қазір кеңестік дәуірде жазылған қазақ тарихы қайта зерттеліп жатыр. Тарихта аты қалған Бөртені театр сахнасына шығару өте жауапты іс деп есептеймін. – Рөлге қалай дайындалдыңыз? Бұрын-соңды Бөрте туралы естіп пе едіңіз? – Әрине, Бөрте есімі қазақ баласына таныс. Тек біз білетін ақпарат қаншалықты дәл екенін анықтау үшін мамандармен кеңескен жөн. Мен бірден өзім сомдайтын тұлға туралы ақпарат жинай бастадым. Түрлі деректерді оқып жүр­генім, дайындықтың басы ғана екен. Көрер­мендерге Бөртенің әр қырын ашып, анық көрсету үшін әртістік шеберлікпен қоса, іштей, яғни ойша телепортация да керек. Бөртенің ішкі толғаныстары мен сыртқы келбетін, ақылы мен өмірін көрермендерге жеткізу – менің қасиетті борышым.