Тәуелсіздік – 30

7 қазанда қандай елеулі оқиғалар болды?

1997 жылы ҚР Үкіметінің №1419 Қаулысымен арнайы теле-, радиохабар тарату субъектісі ретінде «Қазтелерадио» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды, оның негізгі міндеті ретінде «телерадиобағдарламаларды және басқа телерадиохабарларды тарату» белгіленді. Кәсіпорынды мемлекеттік басқаратын өкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының Баспа және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттік тағайындалды.

1998 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Президент өкілеттігінің жаңа мерзімі бекітілді – 7 жыл. Жас шектеулері де өзгертілді: төменгі меже – қырық жастан кем емес, жоғары меже – шектелмеген.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді.

1999 жылы Берлин көшелерінің біріне қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді. 2000 жылы Париждегі ЮНЕСКО үйінде Түркістан күндері өткізілді.

2004 жылы 7-9 қазанда Латвия Республикасының Президенті Вайре Вике-Фрейбергтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары болды. Келіссөздердің қорытындысында серіктестік қатынастарды жандандыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

2004 жылы Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» әдеби сайысының нәтижесінде таңдалып алынған бес романның тұсаукесер рәсімі өтті. Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Николай Веревочкиннің «Зуб мамонта», Илья Одеговтың «Звук, с которым встает солнце» атты романдары жеңімпаз атанды. Сайыс «Мәдениет және өнер» ұлттық бағдарлама шегінде «Сорос-Қазақстан» қорымен өткізілген болатын. Мақсаты – Қазақстанда әдеби үрдістерді жандандыру.

2005 жылы Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің мұражай-кабинеті ашылды. Мұнда Л.Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н.Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды.

2009 жылы Астанада Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы елшілігі ашылды.

2011 жылы Алматыда көрнектi ғалым Ресей ауыл шаруашылығы академиясының және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигi, Социалистiк Еңбек Ерi Қасым Әбуұлы Асановқа арналған мемориалдық тақта ашылды.

2011 жылы Монако князьдігінде ханзада Альбер-ІІ, Премьер-Министр Мишель Роже, сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жозе Бадиа мен өзге де министрлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды.

2011 жылы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеушісі, ғалым, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды.

2011 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Бас консулдығының қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізу бастамасы жайында түсірілген «Дала арқылы диалог» деректі фильмінің тұсаукесері болды.

2012 жылы Түркия астанасы Анкарада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», «Сындарлы 10 жыл», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» атты Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі түрік тілінде шығарған таңдамалы туындылары көптомдығының таныстырылымы болды. Аталған туындыларда Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу және даму тарихына куә болатын бірегей материалдар жинақталған.

2013 жылы Кишиневте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVII отырысында «ҚазАқпарат» «ТМД-ға 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Награда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

2013 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіретін «Ақтөбе-Мәртөк-РФ шекарасы» тасжолының 102 шақырымдық учаскесі пайдалануға берілді.

2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық консультативтік кеңес өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Халықаралық консультативтік кеңес ЮНЕСКО мен Мемлекеттік Эрмитаждың бірлесіп күш салуының арқасында 1994 жылы құрылды.

Back to top button