Nur Otan мектеп-интернаттарға мониторинг жүргізді

Nur Otan мектеп-интернаттарға мониторинг жүргізді

Nur Otan мектеп-интернаттарға мониторинг жүргізді
ашық дереккөзі

Nur Otan партиясының өңірдегі кеңестері республиканың 534 интернат мекемесіне мониторинг жүргізді. Қорытындысында 19 интернаттың ғимараты ғана жөнделіп, жиһаз жабдықталғаны анықталды. Білім және ғылым министрлігі кейінгі екі жыл ішінде жүйелі жұмыс істемеген. Бұл туралы мәжіліс депутаты Динара Закиева Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және бала құқығын қорғау мәселесі жөніндегі республикалық кеңестің отырысында айтты.

Бұл туралы aikyn.kz жазды. Депутаттың дерегінше, Қазақстанда барлығы 147 мыңнан астам бала тұратын 577 интернат бар. Бұл – көру, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы интернаттар, дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттар, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арналған интернаттар, мектеп жанындағы интернаттар және мектеп-интернаттар.
«Біз 2019 жылғы өңірлердегі жұмыс қорытындысы бойынша интернаттардағы қорқынышты жағдайдың фотосуреттерін ұсындық. Өңірлермен бірлескен жұмыс нәтижесінде 19 интернатта жөндеу жұмыстары жүргізілді, кәріз жүргізілді, жиһаз бен жабдықтар жаңартылды. Бірақ бұл жұмыс ең әуелі уәкілетті орган – Білім және ғылым министрлігінің үнемі назарында болуы керек. Өкінішке қарай, 2 жыл ішінде министрлік тарапынан ешқандай жүйелі шара жасалмаған», – деді Динара Закиева.
Оның айтуынша, бұл жолы партияның аймақтағы кеңестері 534 интернатта мониторинг жүргізіп, тек мектеп жанындағы 291 интернаттың 42-сі, 94 мамандандырылған интернаттың 19-ы, 126 арнайы интернаттың 25-і ғана күрделі жөндеуден өткен.
«Мектеп жанындағы 35 интернатты және 18 мамандандырылған мектеп интернатын жөндеу жоспарланған. Барлық интернатты күрделі жөндеу жұмысымен қамтыған жалғыз облыс – Павлодар облысы. Облыс оған 1,5 млрд. теңге бөлген. Сонымен бірге Қостанай облысы да көшбасында тұр. Облыстағы 36 интернаттың 29-ы жөнделді, оған 1,8 млрд. теңге жұмсаған. Қызылорда және Маңғыстау облыстарында кейінгі 3 жылда интернаттарда күрделі жөндеу жүргізілмеген», – деді депутат.
Сонымен бірге Алматы облысында тек 3 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілгені және бірде-бір мекемеде күрделі жөндеу жүргізу жоспарланбағаны анықталды.
«Облыс әкімдігі кеңестің өңірмен бірлескен жұмысының нәтижесінде Алматы балалар үйін жөндеуге қаражат бөлгенін және жағдай жақсаратынын атап өткім келеді. Түркістан облысында тек 1 мекеме күрделі жөндеуден өткен. Қарағанды қаласының №68 мектеп-интернатының жатақханасы мектептің бірінші қабатында орналасқан, бір бөлмеде 15-тен 25-ке дейін бала тұрады. Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола және Маңғыстау облыстарында интернаттың жағдайын жақсарту бойынша тиісті жоспары жоқ болып шықты», – деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Динара Закиева.
Отырыс қорытындысы бойынша өңірдегі кеңестер әкімдікпен бірге интернаттардағы жағдайды жақсарту үшін шаралар қабылдауға шешім қабылдады. Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылы инклюзив білім беру үшін жағдай жасау жоспарланған мекемелердің тізімін, сондай-ақ мәселелер, оларды шешу мерзімдері мен жолдары көрсетілген интернат мекемелерінің мониторинг нәтижелері бойынша есеп беру тапсырылды. Отырыс барысында кеңес мүшесі, «Болашақ» корпоратив қорының директоры Динара Шайжүнісова да пікірін бөлісті.
«ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Неліктен кеңес осы мәселелермен айналысады? Балалардың құқықтары бұзылған көптеген өрескел жағдайды біліп отырмыз. Бірақ мен ҮЕҰ өкілі ретінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жұмысы мен ұстанымын көрмей отырмын», – деді ол.