Жаңалықтар

51 адам эвакуацияланды: Қостанай облысында қарттар үйі өртеніп жатыр

Бүгін таңертең Қарабалық ауданындағы Қарттар және мүгедектер үйінде өрт басталды. Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді, – деп жазды ҚазАқпарат.

Қарабалық аудандық басылымының хабарлауынша, қарттар және мүгедектер үйінің тұрғындары мектеп жанындағы «Жас талап» интернатында орналастырылып жатыр. Ал ерекше күтімге мұқтаж адамдар аудандық ауруханаға жатқызылды.

Өрт туралы таңғы 7:30-да хабар келді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенде ғимараттың шатыры қатты жанып жатқан.

«Қарабалық аудандық Қарттар және мүгедектер үйінен 51 адам эвакуацияланды. Бұл – облысымыздың мүгедектігі бар 13 адам мен 38 қария», – деп баяндады облыстық ТЖД бастығы Біржан Кәрімов.

Өрттен зардап шеккендер жоқ.

Оның шығу себептері әзірге белгісіз. Өрт сөндірушілер оқиға орнында әлі жұмыс істеп жатыр.

Back to top button