Жаңалықтар

Әлемдегі ең үлкен ұшақ Алматы әуежайынан ұшып кетті (видео)

Аты аңызға айналған Ан-225 «Мрия» ұшағы Алматы әуежайына жаңармай құйып алу үшін қонған.  Алматылықтар алып ұшақты видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. 

Алматы әуежайының баспасөз қызметі алып ұшақтың қонғанын растады: «Ол жанармай құю үшін тоқтады. Қазір қайта ұшып кетті».

Еске салайық, Ан-225 «Мрия» ұшағы Алматыға өткен жылдың көктемінде қонған болатын. Ол кезде борт Қытайдың Тяньцзинь әуежайына COVID-19 қарсы күрес құралдары мен медициналық құрал-жабдық алу үшін аттанған.

Ан-225 «Мрия» – О.К.Антонов атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюросы жасаған аса ауыр жүк тасымалдаушы көліктік реактивті ұшақ. Әлемдегі ең үлкен ұшақ болып табылады. 1984-1988 жылдары Киев механикалық зауытында жобаланып салынған. 1988 жылы 21 желтоқсанда ол алғаш рет ұшты. 1989 жылы мамырда ұшақтың «Боран» ғарыш кемесімен бірге Байқоңырға ұшуы болды, ал маусымда ұшақ «Буранмен» бірге Ле Бруже авиациялық салонына қатысты.

Қазіргі таңда Ан-225 «Антоновтың авиажелілері» әуе компаниясының құрамында коммерциялық жүк тасымалдарында қолданылуда. Сағатына 850 шақырым жылдамдықпен ұша алады.

 

Back to top button