Жаңалықтар

Елдос Наширали «ҚазАқпарат» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 4 қазандағы бұйрығымен Елдос Наширали «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды, – деп жазды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Елдос Наширали «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, төраға орынбасарының міндетін атқарушы болған.

Ақпарат агенттігінің жаңа төрағасын ұжымға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев таныстырды.

Вице-министр Елдос Наширалидің ақпарат саласындағы басшылық қызметтердегі үлкен тәжірибесін атап өтті.

Елдос Бигелдіұлы Наширали 1984 жылдың 29 қаңтарында дүниеге келген. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдаған. Жаңа Зеландиядағы Мэсси университетінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша түлегі (2009). Мемлекеттік саясат магистрі.

2010 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде бас сарапшы, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіндегі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы болып қызмет етті.

2012-2016 жж. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің баспасөз қызметінде сарапшы, кеңесші, инспектор болып жұмыс істеді.

2016-2018 жж. – Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры;

2019-2021 жж. – «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарушы директоры қызметін атқарды. 2021 жылдың 2 маусымынан бастап «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Back to top button