"Жуынбағанымызға 40 күн болды": Ираннан келген қандастар наразылық білдірді

"Жуынбағанымызға 40 күн болды": Ираннан келген қандастар наразылық білдірді

"Жуынбағанымызға 40 күн болды": Ираннан келген қандастар наразылық білдірді
ашық дереккөзі

Ираннан Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданына көшіп барған қандастар балаларын мектепке жібере алмай отыр: киім-кешек жоқ. Атажұртын жылдар бойы аңсап келген азаматтар көтермеақы да алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдік берген жалдамалы үйде төрт қабырғадан басқа ештеңе жоқ. Оны өз атына аудару үшін 8 млн теңге өтеу керек.
"Туалет пен ванна әкеліп қойды. Істемейді. Жуынбағаныма 40 күн болды. Қоғамдық моншаға бара алмай жүрмін. Бұл жердің тәртібін де білмеймін. Бізді осында көшіріп әкелерде бір жыл бойы отын-көмір, киім-кешек берілетінін айтты. Келдік, түк жоқ. Халық азын-аулақ керек заттарды әкеліп, көмектесіп жатыр. Ал әкімдіктің қолында ештеңе жоқ. Бөлінген ақшалардың бітіп қалғанын айтты", – дейді ол.
Шал ақын ауданына Ираннан 12 отбасы келді. Қандастардың не үйінде, не ауласында әжетхана да жоқ. Көпшілік әкімдіктен көмек сұраған. Құзырлы орган көшенің ортасындағы жолдың екі шетіне екі әжетхана салып қойыпты. Көзге оғаш көрінгенімен 10 үйдің тұрғындары соны пайдаланып жүр. Басқа амал жоқ.
"Үйге бөлінген ақша су құбырын тартуға жетпейді. Ақырындап оны да істейміз. Менің орынбасарым мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы күнде қандастардың үйлеріне барып, жағдайларын біліп тұр. Биылғы квота таусылып қалды. Қаржы болғанда көтермеақы беріледі. Олар келгеннен бері демеушілер есебінен көмектесіп келеміз. Қандастардың барлығын отынмен қамтамасыз етеміз. Әрқайсысына 5 кубтан ағаш, 2 тоннадан көмір беріледі", – дейді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.
Көпшілік судан да таршылық көріп отыр. Ас ішетін бөлмедегі кран еденде жатыр. Одан тек техникалық су шығады. Көпшілік тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Өткен жылы салынып, осы уақытқа дейін бос тұрған үйлердің де сапасы төмен. Баспананы жылытуға арналған пеш те дұрыс істелмеген. Астында күл түсетін бөлігі жоқ. Тұрғындар амалсыздан пештің астындағы бетонның үстіне от жағып отыр. Пешті қанша жақса да үйлері жылынбайды. Аудан қандастарды қабылдауға дайын болмай шықты.
"2019-2020 жылдары әкімдік 80 үй сатып алды. Қандастар мен "Еңбек" бағдарламасына қатысушыларды жайғастырып жатырмыз. Ираннан келгендер суықты көрмеген, пеш жағу білмейді. Пештің түр-түрі бар ғой. Бұл да сондай пеш. Ортасына отынды ұстайтын торды қоя саламыз", – дейді Рахат Смағұлов.
"Балалар мектепке бара алмай жатыр. Не аяғына, не үстіне киетін киім жоқ. Кітап-дәптер де берілмеді. Сіңлімнің 3 баласы үй киімімен барып жүр. Мен де сөйтемін. Үй суық. Маңғыстау облысына кеткім келеді. Мұнда ештеңе жоқ. Отын қоятын қора да салынбаған. Су қап-қара іше алмай отырмыз. Дүкеннен 400 теңгеден су сатып алып жатырмыз. Жұмыс жоқ. Еңбек етуден қашып отырған жоқпын. Жолдасым жұмысқа жарамайды. Туысқандар, көршілер көмек беріп жатыр. Жергілікті халыққа алғысым шексіз. Бірақ қыста күніміз не болмақ? Әр күніміз уайыммен өтіп жатыр. Қиналып кеттік. Қызым ауырып, жылап жүр. Түнде көшеде жарық жоқ. Көшедегі әжетханаға ұялы телефонның жарығымен барып жүрміз. Қорқынышты. Балаларым қазақ болсын деп көшіп келіп едік. Осылай болар деп ойламадым. Әкімшілік уәдесін орындасын", – дейді Несіп Қазақ.