Даниал Ахметов: Кез келген әлеуметтік нысанды салмас бұрын алдымен оның тиімділігін есептеу керек

Даниал Ахметов: Кез келген әлеуметтік нысанды салмас бұрын алдымен оның тиімділігін есептеу керек

Даниал Ахметов: Кез келген әлеуметтік нысанды салмас бұрын алдымен оның тиімділігін есептеу керек
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қажеті бар ма, жоқ па есептеп алмай тұрып, жаңа мектеп салуға тырысатын, сөйтіп халықтың алдында жақсы атануды ойлайтын аудан басшыларын сынға алды. Бұл жолы сын садағына Тарбағатай ауданының әкімі ілінді.
 Аталған ауданға жасаған жұмыс сапары аясында облыс басшысы Даниал Ахметов Қызыл кесік, Көктүбек, Сәтпаев сияқты шалғайдағы бірқатар ауылдарды аралап, ол жақтағы білім ошақтарының жай-күйімен танысты. Мектептерді жөндеуге бөлінген мемлекет ақшасының қалай жаратылғанын көзімен көрді.
Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев ат төбеліндей ғана адам тұратын Көктүбекте мектептің ескіргенін алға тартып, орнына жаңасын салуға ұсыныс айтқан. Бірақ бұл ұсынысы облыс басшысы тарапынан қабылданбады. Себебі бірнешеу. Біріншіден, шағын елді мекенде демографиялық өсім жоқ. Қазіргі күні бұрынғы білім ұясында сексендей ғана оқушы оқып жатыр. Жыл өткен сайын олардың саны кему үстінде. Демек жаңадан ғимарат салынған күннің өзінде оны жүз пайыз баламен қамтамасыз ету үлкен проблема болмақ. Екіншіден, Көктүбектен бес шақырым жердегі Сәтпаевта 280 орындық мектептің 30 пайыздайы ғана (сексеннен астам оқушы бар) пайдаланылуда. Былайша айтқанда, үш қабатты ғимараттың бірінші қабаты ғана жұмыс істеп, қалған екеуі бос тұр. Дұрыстап жөндеу жүргізіп, жабдықтап берсе бұл нысан әлі талай жыл бойы түлектерді қанат қақтырады. – Кез келген әлеуметтік нысанды салмас бұрын алдымен оның тиімділігін есептеу керек. Қаншалықты қажеті бар, жоқ екенін анықтап алған дұрыс. Мемлекеттің қыруар ақшасына салынған жап-жаңа мектептің жартысы да толмайтын кездер бар. Қазынаның қаражатын бұлай шашуға болмайды. Одан да Сәтпаевтың мектебін жақсылап жөндеп, Көктүбек ауылының балаларына арнайы автобус сатып алып берейік. Екі ортада келіп-кетіп жүріп оқысын. Мәселені осылай шешкеніміз дұрыс, – деген Даниал Ахметов қарапайым халықтың алдында жақсы атану үшін мемлекет қаржысына мектеп салуды әдетке айналдырмауды қатаң ескертті.