5 қазанда қандай тарихи оқиғалар болды?

5 қазанда қандай тарихи оқиғалар болды?

5 қазанда қандай тарихи оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 47-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет АӨСШК шақырылымы туралы идеяны айтты. Әлемнің басқа өңірлерінен бір айырмашылығы, сол кезде Азияда мұндай құрылым жоқ еді және бұған дейінгі оны жасау әрекеттері сәтсіздікпен аяқталған болатын. Бұл бастаманы уақыт талабы деп санайтын бірқатар Азия елдері қолдады. 1993 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденов тұрған үйге ескерткіш қойылды. 1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Иранға ресми сапармен барды. Тараптар бірқатар келіссөздер жүргізіп, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара қатынас туралы Декларацияға қол қойды. 2005 жылы Павлодарда Бижан мешіті ашылды. Бұл мұсылмандардың мінәжат орны 1923 жылы салынған. Кеңес үкіметінің заманында ол мүлде жабылып қалды. Осыдан бес жыл бұрын мұсылмандар қаржы жинап, мешітті қалпына келтіруге кірісті. Ғимараттың ағаштан қиып салған қабырғалары кірпішпен алмастырылса да, оның бастапқы құрылысының сәулет ерекшеліктеріне нұқсан келген жоқ. Ашылу салтанатына ислам жолында жүргендер, қоғамдық бірлестік өкілдері, қала жұртшылығы қатысты. 2005 жылы Алматыда белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының кинематографтар одағының мүшесі Қ.Омаровтың «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Республикамыздың мұнай саласындағы ардагерлеріне арналған фильм үш бөлімнен тұрады. Фильмде отандық мұнай саласының дамуы, ардагерлердің суық климаттық жағдайларда аянбай еңбек еткендері туралы көрсетілген. 2009 жылы Павлодарда облыстың білім саласының үздік қызметкерлері таныстырылған «Алтын қор» жинағы жарық көрді. Басылымға ерен еңбегі үшін жоғары кәсіби баға алған үздік мұғалімдердің аты-жөндері енгізілген. 2010 жылы Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы төралқасының шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев ТМД Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясының жоғары наградасы - Кәсіподақтар қозғалысына қосқан үлесі үшін Алтын белгімен марапатталды. 2011 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының бас консулдығының көмегімен Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасы айтылатын «Диалог через степь» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. 2011 жылы Алматы қаласының тарих музейінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуының 20 жылдығына арналған көрме ашылды. 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы республикалық «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ құрылды. 2013 жылы Көкшетауда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Абылай ханның ұрпақтары Мемлекет басшысына ұлы бабаларының бюстін сыйға тартты. Хан ұрпақтарының өкілі тәуелсіз Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. 2013 жылы «Көкшетау» Мәдениет сарайында Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 2015 жылы Алматыда «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-байқауы өтті. Фестиваль-байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Башқұртстаннан 40-тан астам фольклорлық-этнографиялық ансамбль қатысты. 2016 жылы Отандық режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасы «Еуразия көпірі» кинофестивалінде «Гран-приді» жеңіп алды. Негізгі жүлдеден бөлек фильм тағы бір марапатқа ие болды. «Үздік әйел адам рөлі» номинациясы бойынша басты кейіпкердің анасының рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек үздік деп танылды. Бұған дейін актриса осы рөл үшін ұлттық «Тұлпар» жүлдесін иеленген болатын.