Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ. Өткеннің өнегесі

Өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көп жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Осы ретте, мына бір жайтқа назар аударған жөн. Бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға ауысу кезеңін бастан өткеру біздің еншімізге тиіпті. Қытайлықтар жазаның ең үлкені өтпелі кезеңде өмір сүру десе де, қазағымның шүкіршілік етер тұстары баршылық. Қара қазан, сары баланың қамын ойлаған ата-бабаның ғасырлап күткен арманы оңынан туып, Қазақ елі дербес мемлекет болды. Ендігі басты мақсат тәуелсіздігімізді баянды ету.

Мен Қарағанды облысының Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары болып істеген 1997-1998 жылдар еліміз үшін аса ауыр кезең болатын. Сол қиын да күрделі уақытта әлеуметтік мәселелермен және идеологиялық жұмыстармен айналыстым. Жарық, жылу, ақша, тағы басқа қажеттіліктер тапшы.

Бірде Ұлытаудан Жезді қалашығына барып, жылу қазандығы мәселесімен айналысуыма тура келді. Қазандықтың істен шыға беретіні өз алдына, мазут жетіспейді. Қаражат та жоқтың қасы. Сол кезде облыстағы басшылардың бірі: «Оның қазандықтың төңірегінде жүргені несі, ол қандай идеология?» дейтін көрінеді. Соңынан облысқа жиналысқа шақырылғанымда мен: «Ұлытаудың ғана емес, бүкіл еліміздің идеологиясы қазандықта тұр. Неге? Себебі қазандық қалыпты жұмыс істесе, балабақша, мектеп, аурухана жылы болады, мекемелер мен тұрғын үйлердің ажары кіреді. Әйтпесе, көпшілік көшеге шығады, әңгіме көбейеді, жалпы келеңсіз жағдайлар туындайды» дедім.

Иә, сол тұста қазандықтан басқа да қадау-қадау проблемалар жеткілікті болатын. Жұмыс бабында жапырайған көлікпен 500 шақырым қашықтықтағы елді мекендерге барған кезімде жұртшылық өре түрегеліп, жамырай алдымнан шығатын. Қошемет көрсету үшін емес, әрине. «Жалақы қайда? Жәрдемақы қайда? Зейнетақы қайда? Көрсететін өзге де әлеуметтік көмектерің қайда?» деп сұрау үшін. Бірде бір әйел келді. Бес баласы бар екен. «Балаларымды ал, асыра», дейді. Жан-жақтан айғайшылар шығады. Үндемей тыңдаймын да, ең соңында Мұқағали Мақатаевқа жүгініп былай деймін;

«Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы

Мына заман шыдамдыны ұнатады,

Үміттің құлан иек құла таңы

Әйтеуір бір атады, бір атады».

Сонда олар: «Сен еш ренжіме. Біз келгеніңе қуанып отырмыз. Үкімет бар екен, бізді ұмытпаған екен. Жүр, шәй ішейік», – дейді. Халқымыз айналып келгенде көнбіс, жуас, момын ғой. Сол кезде осыған көзім анық жетті. Бірақ момын дегенде басына шығарады екен деген ой тумауы керек. Бұл – жағдайды түсінеді деген сөз. Негізі, «тәубе», «обал», «сауап» ұғымдары қазақта ғана бар.

Мінеки, осындай қас қарая қараңғылық тұмшалап, дүкен сүрелері жылан жалағандай бос қалып, ел ертеңін көзге елестетудің өзі қиынға түскен шақта Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы өмірге келді. Өз кезегінде бұл өршіл бағдарламаға сенімсіздікпен қарап, оны қиял-ғажайып ертегілерге балағандар да табылған еді. Мен де сол кезде оның нақты бір тереңіне бойлай қоймаған шығармын. Дегенмен, сондай бір күрделі шақта «Қазақстан – 2030» стратегиясы жарияланғанда оның күшінің, қуатының керемет екенін түйсіндім әрі біз шын мәнінде ел болады екенбіз, келешегіміз кемел екен, мемлекетіміз мықты екен деп қатты толқығаным әлі есімде. Шыны керек, ұзақ мерзімдік бұл стратегия бәрімізді қанаттандырды.

Міне содан бері 30 жыл өтіпті. Осы жылдарда қалыптасқан ойларымның біразын «Бұл жылдардың мен де бір куәсі», «Время жить и творить», «Өткен күнде белгі бар», «Притяженье Родины» деп аталатын кітаптарда жаздым да. Қысқасы, аталған стратегия ілдалдалап тіршілік кешудің емес, ұзақ мерзімге бағдарланған өсіп-өркендеудің стратегиясы екендігін атап көрсеткім келді. Оның қазір жемістері мен жеңістерін нақты көріп, сезініп те отырмыз. Ендігі жерде алдымызда «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырып, әлемдегі ең озық 30 елдің қатарынан табылу міндеті тұр.

Менің айтайын дегенім, еліміздің, халқымыздың, ұрпағымыздың ертеңі еңселі болса екен деген ұстаныммен жұмыс жасалуы керек. Және де қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы, түптеп келгенде, осынау бағытқа қарай ойысқаны анық аңғарылады.

Әрине, өмір, тіршілік болғаннан кейін оның кемшін тұстары да кездеседі. Кемшілік болмаса, қоғамның дамымайтыны тағы ақиқат. Бірақ бүгін өркениет көшіне өркенді негізде ілескіміз келсе, сол кемшіліктерді болдырмау, болған жағдайда дер кезінде сылып тастап отыру бағытында әрекет етуіміз керек.

Ойымды Алаштың ардақты азаматы Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір ғибратымен түйіндегім келеді: «Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін. Қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт, ойланыңыздар: халық біз үшін, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

 

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

«Құрмет» орденінің иегері

Нұр-Сұлтан қаласы

Back to top button