Nur Otan

Nur Otan Семей қаласының әкімін партиялық жауапкершілікке тартады

«Nur Otan» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламаның іске асырылу сапасын қарады. Жұмыс тобы аймақтағы 2019-2021 жылдардағы жағдаймен танысты.

Мәселен, облыста осы кезеңде парақорлық фактілері бойынша 170 сыбайлас жемқорлық қылмыс, 174 – бюджет қаражатын жымқыру, 21 – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілері тіркелген. 222 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 5-уі республикалық, 25-і облыстық, 17-сі қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.

Отырыс барысында партия мүшелері облыстағы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша «көш бастап тұрған» білім саласына баса назар аударды. 3 жылға толмайтын кезеңде 45 қылмыс тіркелген.

Сондай-ақ, нұротандықтар Семей әкімдігі жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның жоқтығына назар аударды. Бұл ретте қалада 2019 жылдан бері 58 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген. Осындай комиссия Шемонаиха ауданы әкімдігінің жанынан да құрылмаған.

«Әрбір жергілікті атқарушы органның жанында мұндай комиссия болуы тиіс. Семейде және Шемонаиха ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша комиссиялар бар, бірақ ол мүлдем басқа, олар тұрмыстық зорлық-зомбылық тан тартып қауіпсіз көлік жүргізуге дейінгі жалпы мәселелерді қарайды. Сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдаумен ешкім айналыспайды, шынтуайтында айналысатын адам да жоқ», – деп мәлімдеді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу бойынша үлкен мәселелер бар екенін Кеңес төрағасының бірінші орынбасары Қайырбек Сүлейменов те атап өтті. Оның айтуынша, басқа өңірлердегі жағдаймен салыстырғанда, тап осы Шығыс Қазақстан облысы бойынша барынша сынға толы баяндама жасалды, алайда соған қарамастан облыстың бірінші басшылары отырысқа қатыспаған.

«Жалпы, түрлі заң бұзушылықтар тек Шығыс Қазақстан облысы үшін ғана емес, барлық облыстарға да тән, яғни формализм, аналитиканың болмауы, сырғытпа жауап беру және т.б. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасақтау бойынша ұйымдастырушылық жұмыстар жоқ. Семейде және Шемонаиха ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның құрылмағаны да осының қатарында. Егер комиссия болмаса, онда нәтиже де жоқ», – деді Қайырбек Сүлейменов.

Сондай-ақ, Кеңес мүшелері облыста партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 18 тармақ бойынша орындалмау қаупі бар екенін атап өтті. Жыл басынан бері облыс бойынша «Nur Otan»-ның фракциясының 80%-і қалалық және аудандық мәслихаттарда сайлауалды уәделердің орындалу мәселелерін тек бір-ақ рет қараған. Катонқарағай аудандық мәслихатында партиялық фракция сайлауалды бағдарламалардың орындалмау жағдайын мүлдем қарастырмаған.

Шығыс Қазақстан облысына сапар барысында жергілікті шенеуніктер жұмыс тобын елемеді деп есептейді Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясының өкілі Меруерт Қазбекова.

«Барлық басшыларға, қала, аудан, облыс әкімдеріне және олардың орынбасарларына бұл лауазымдарды тек «Nur Otan» мүшесі болғанының арқасында атқарып отырғандарын естеріне салу қажет. Егер олар партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесін елемейтін болса, онда олардың партияға мүшелігі жөнінде қорытынды жасаған жөн. Ал егер олар «Nur Otan»-ның мүшесі болмаса, онда олар бұдан әрі де өз қызметтерін атқара ала ма?», – деп, Меруерт Қазбекова мәселені төтесінен қойды.

Отырыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевты сөгіс түрінде, Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметовті ескерту түрінде, Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов пен облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованы сөгіс түрінде партиялық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі қызметті жандандыру және облыстың барлық қалалары мен аудандарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың тиісті жұмысын қамтамасыз ету ұсынылды.

Back to top button