«Қаптаған гуру, психолог сабылған елді одан бетер сандалтты» – Жұлдыз Әбдікәрімова

«Қаптаған гуру, психолог сабылған елді одан бетер сандалтты» – Жұлдыз Әбдікәрімова

«Қаптаған гуру, психолог сабылған елді одан бетер сандалтты» – Жұлдыз Әбдікәрімова
ашық дереккөзі
Белгілі актриса Жұлдыз Әбдікәрімова өз бақытын өзгеден іздейтіндер туралы пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның ойынша, қазіргі кезде қаптаған психолог өзін іздеп сабылған елді одан әрі сандалтып, әуре-сарсаңға салып отыр. - Осыдан бірнеше жыл бұрын адамдардан “Не іздеп жүрсің?” деп сұрасаң - жұмыс, жайлы өмір, жар іздеп жүргенін еститінбіз. Ал қазір өзін іздеп жүрген бір адам… Бұл жақсы ма, жаман ба мен білмеймін. Бірақ бәріміз сабыла кеп өзімізді іздейтіндей қай кезде жоғалтып алдық екен… Мені ойландыратыны осы. Оның үстіне іздегенге сұраған боп, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап гуру, психологтар шықты. “Өзіңді тап, предназначениеңді тап” деп сабылған елді одан бетер сандалтты. Әрине, дүниені танығандай өзімізді де таныған артықтық етпейді. Бірақ өзімізді неге өзгеден іздеп жүрміз?! Жаратылғанның “өзім” дегені - Жаратқанымен қарым-қатынасынан басталмаушы ма еді. Пенде пендешілігіне салып жолында кездескен бір сәтсіздігіне бола “мен бақытсызбын” дейді. Және бір айы оңынан туған сәтінде “енді бақыттымын” дейді. Егер біз бір сәттік қуаныш пен қайғыға “бақыт және бақытсыздық” деп ат беріп, айдар тағатын болсақ, түңіліп үлгермей жатып қуанып, қуанып үлгермей жатып түңіліп жүрмейміз бе?! Кейде маған ауаны өкпеге толтырып кеп тыныс алудың өзі - бақыттың бір дәміндей. Ендеше бақыт деген біз бағаламай жүрген қарапайым құндылықтар емес пе екен - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.