“700 мыңға сатып алдым”: Биыл мамырда сотталған әкім бостандыққа шықты

“700 мыңға сатып алдым”: Биыл мамырда сотталған әкім бостандыққа шықты

“700 мыңға сатып алдым”: Биыл мамырда сотталған әкім бостандыққа шықты
ашық дереккөзі
Аягөз қаласының бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов бостандыққа шықты. Ол биыл мамырда бас бостандығынан айырылған. Ол түрмеде бес айға жуық қана отырып, артынан бостандыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Ол бес ай ғана түрмеде отырса да, заң және құжат жүзінде жазасын толық өтеп шыққан. 2020 жылдың 17 қыркүйегі күні қамауға алындым. Үкім шыққанға дейін Семей, Өскемен қалаларындағы түрмелер мен Аякөздегі тергеу изоляторында жаттым. 16-маусымда үкім күшіне енген соң мені Өскемендегі ОВ156/16 түрмесінен Семейде орналасқан ОВ156/1 мекемесіне ауыстырды. Ескірген, баяғы Сталиннің заманында қамалған адамдарды таситын пойызбен апарды. Вагонда үш адам жаттық. Түрмеде жазасын өтеп жатқандар өздеріне қандай адамның қосылатынын, оның қандай бап бойынша сотталып келетініне дейін біліп отырады екен. Адам түрмеге жетпей, уақытша ұстау изоляторына түскен кезінен бастап біліп алады. Түрмедегілер менің қыркүйекте қамауға алынғанымды да, істің қалай жүріп жатқанынан да хабардар болыпты, - деді ШҚО Аякөз қаласының бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов. Экс-әкіммен бірге камерада тағы 11 адам жатқан. Азыхановтың айтуынша, түрмеге түскендер бар ашуын сол жердегі қызметкерлерге көрсетеді. Жасы алпысқа жақындап қалған бұрынғы шенеунік қалған 2 жыл, 8 ай, 11 күнді айыппұл жазасы ретінде ауыстырып, сатып алыпты. Өтелмеген жазамды жеңілдетілген айыппұл ретінде 702 мың 997 теңге төлеп, сатып алдым. Яғни, мен өзіме берілген 4,5 жыл жазамды толық өтеп шыққан болып саналамын. Шартты жазаға ауыстыру немесе бақылауда болу деген жазалар емес. Мені солай түрмеден, түзету мекемесімен шығарды, өйткені мен түзелген - түрме түзеткен адам саналады екем енді. Маған берілген жазаның 3/1 өтеген соң, сотқа арызданып, босап шықтым. Түрмеде өзіңді қалай көрсетсең, ондағы өмірің де соған байланысты. Абыройлы болдым. Түрмеге кеткенде Аягөз халқы қимай қоштасып еді, бостандыққа шығар кезде бірге жатқандар, яғни, «зектер» қимай шығарып салды. Алаштың азматы екенімді сездім. Сотталғандардың арасында жасаған теріс әрекетіне үшін түрмеге қамамай, жазалаудың өзге әдістерін қолдануға болатын адамдар бар. Түрмеде ақыл тоқтатқан, басы мықты істейтін азаматтар көп, - деді Қуаныш Азыханов.