Бүгін Қаллеки театры жаңа маусымын ашады
Бүгін Қаллеки театры жаңа маусымын ашады
1 қазан күні Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық–драма театры XXXI жаңа маусымын ашады.
Қаллеки театры дәстүр бойынша жаңа маусымды М.Әуезовтың «АБАЙ» қойылымымен бастайды. «Абай» трагедиясының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Сахнада Аға Абай бейнесін Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай бейнесін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды.
«Премьерасына 12 жыл болған бұл қойылымның театр репертуарындағы орны ерекше. Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ», - деп жазылған театрдың баспасөз қызметінің ақпаратында.
Сонымен бірге, биыл ел Тәуелсіздігіне және Қаллеки театрына 30 жыл толады. XXXI жаңа маусымда Қаллеки театрының 30 жылдық мерейтойына арналған шаралар да ұсынылады.