Жаңалықтар

Бүгін елімізде дәстүрлі халық санағы басталды

1 қазан күні Қазақстанда дәстүрлі форматтағы халық санағы басталады. Оған онлайн санақтан өтпегендер қатыса алады.

Ұлттық халық санағы республика бойынша он жылда бір рет өткізіледі. Биылғы санақ еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткізіліп отыр.

Биылғы санақтың басты жаңашылықтарының бірі – санақтың дәстүрлі және онлайн форматта өтуі болды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады, сайтта бланк толтыруды тоқтатып, кейіннен жалғастыра алады.

Одан басқа, Egov платформасында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы, sanaq.gov.kz сайты арқылы санақтан өтуге болады. Sanaq.gov.kz жүйесі тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады.

Ал дәстүрлі ұлттық санақ онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді. Дәстүрлі санақтың жаңашылықтары – интервьюердің электронды планшеттерді пайдалануы, заманауи цифрлық технологияның енуі мен үрдістердің автоматтануы болмақ. Бұл деректер сапасына адам факторының ықпалын азайтады және деректердің базаға толық енуіне мүмкіндік береді.

Халық арасындағы сауалнама жүргізетін интервьюерлер үшін міндетті талап – жеке басын куәландыратын құжат пен бейдждің болуы, суреті, аты-жөні, берілген күні, қолдану мерзімі аумақтық статистика органының қолымен және мөрімен расталған болуы тиіс. Халық санағы белгісі бар көк түсті шарф пен портфель болуы керек.

Санақ барысында республика тұрғындары үшін 1446 бірыңғай колл-орталығы жұмыс істейді. Оған стационарлық және ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін.

Соңғы мәліметтер бойынша, санақтан онлайн өткендер қатары 6 миллионнан асты. Түркістан облысы көш бастап тұр.

Back to top button