Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан қола жүлдеге таласады

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан қола жүлдеге таласады

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан қола жүлдеге таласады
ашық дереккөзі
Бүгін Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалында Португалиямен кездесіп, жеңіліп қалды, – деп жазды ҚазАқпарат. Португалия - әлемдегі үздік құрамалардың бірі. Әлем чемпионатына алтыншы мәрте қатысып отырған португалдар 2000 жылы 3-орын иегері атанды. Ал 2018 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. Бүгінгі кездесуде қос құрама шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Екеуінің де таблодағы есепті өзгертетін мүмкіндіктері болған еді. Қазақстандық спортшылар тепкен доптар кейбір сәтте қақпа бағанасына тисе, ендігі бір сәтте маңдайшадан кейін қайтты. Тағы бір сәтте олардың соққан голын төрешілер ережеге сәйкес соғылмағанын алға тартып, жаратпай тастады. Екінші кезеңде де ойын барысы осылайша өрбіді. Ойынның 23-минутында португалдық Пани қазақстандық құрама қақпасынан саңылау тапты. Ал 39-минутта қазақстандық Дәурен Нұрғожин таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты. Ал 42-минутта Дуглас Қазақстан құрамасын алға шығарды. Ойынның 49-минутында португалдық Бруну Коэлью мергендік танытты. Осылайша кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Пенальти тебуде Португалияның жолы болып, финалға жолдама алды. Еске салсақ, бұдан бұрын финалға Аргентина құрамасы жолдама алды. Олар 29 қыркүйекте Бразилияны 2:1 есебімен сүріндірді. Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болса, Венесуэламен 1:1 есебімен тең ойнады. Одан кейін 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен басым түсіп, ширек финалда Иранды 3:2 есебімен сүріндірді. Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті. Әлем чемпионатының финалы мен 3-орын үшін сайыс 3 қазанға белгіленген.