Жаңалықтар

Шабыт шақыратын шаһар

Шымкент қаласында Туризм және сыртқы бай­ланыстар басқармасының ұйым­дастыруымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма­сы­ның қолдауымен «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» атты форум-көрмесі өтті.

Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылған форум екі күнге созылды. іс-шара «Қазақ ауылынан» бас­тау алды. Шымкент – туристік әлеуеті жо­ғары, 2200 жылдық тари­хы бар, еліміздегі өзінің тарихи өзе­гін сақтап қалған бірегей қала. Сон­дай-ақ ірі өнеркәсіптік және эко­номикалық орталық. 2018 жылы Қа­зақстан Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен Шымкент респуб­ли­калық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол сәттен бастап жаңа мүм­кіндіктер ашылып, биік белес­тер­дің дәуіріне жол салынды. Бұл тұр­ғыда қаламыздың көне Жібек жо­лының бойында орналасуы және геог­рафиялық ыңғайлылығы сауда мен бизнесті, мәдениетті өркен­де­ту­ге үлкен мүмкіндіктер беріп жа­тыр.
Сонымен қатар, Шымкент – елі­міздегі ең үлкен үш мега­по­листің бірі. Үшінші мегаполистің та­рихы тым тереңде жатыр. ЮНЕСКО-ның Бас конферен­ция­сының шешіміне сәйкес шаһардың көне ғасырлар қойнауында жатқан 2200 жылдық тарихы анықталған-ды. Ескі қалашықтағы «Қазақ ауы­лы­на» жиналған қонақтар шымқала тұрғындарының меймандостығын, салт-дәстүрге беріктігін көрді. Мұн­да Шымкенттің шырайын арт­тыра­тын көрікті жерлеріміз кере­меттей көрініс тауыпты.

«Қазақ ауылындағы» кереметтер…

Іс-шараға қатысқан қала әкі­мінің орынбасары Мақсұт Исахов: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жол­дауында атап өткендей, әлем­дегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық та­быс көздерінің бірі болып са­на­лады. «Шымкент 2200: туристік креа­тивті қала бейнесі» іс-шарасы турис­тік индустрияны дамытудың бәсе­кеге қабілетті және табысты жо­баларын анықтауға және өзара та­бысты ынтымақтастық орнатуға тап­тырмас алаң болады деп сене­­­­мін», – деп өз пікірін білдірді.
Ал «Қазақ ауылына» келуші Нұр-Сұл­тан қаласы және Алматы, Қы­зыл­орда, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе об­лыстарының туристік сала өкіл­дері шаһардың қолөнершілері мен суретшілерінің туындыларымен танысты. Жергілікті ас үй тағам­дары­­нан дәм татып, театрландырыл­ған қойылымдарды тамашалады.
Одан соң, іс-шараға қаты­су­шы­лар Цитадель көне қала­шығы, Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесене­лері мен Бәйдібек би ескерткіші, «Қа­зына» этно-кешені, Жайлаукөл сая­бағы, А.Асқаров атындағы Ден­дро­­саябаққа және арбат алаңын­дағы Visit Shymkent туристік ақпараттық орталы­ғының ақпараттық дүңгіршегі сын­ды біршама нысандарды ара­лады.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйым­дастыруымен қолға алынған «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» конкурсына креативті жобалар бойынша өтінімдер қабыл­данды. Онда медиа, IT жоба, креа­тив­ті архитектура, туризм саласын­дағы креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренді және гастрономия бағыттарында үздік жобалар ұсы­нылған. Форумның екінші күнінде осы­нау жобалар бағаланып, мара­патталмақ. Жобаларға Шымкент қа­ла­сының бизнес өкілдіктері, ту­ризм саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері қазылық жасады.
Жалпы, конкурсқа 6 сала бойын­­ша 70-тен аса өті­нім түскен. Ұйымдастыру­шы­лар­дың айтуынша келіп түскен өті­­­нім­дер­дің басым бөлігі IT-жоба мен креа­тивті сәулет салаларының үле­сін­де болған. Әр жобада Шым­кент қа­ласын креативті қалаға ай­нал­дыру мақ­сатында шаһарда бұрын-соңды бол­маған дүниелер де бар.

Саяхат Шымкент қаласынан бастау алады

Шараның екінші күні форум әкім­шілік-іскерлік орта­лы­ғын­дағы көрмеде болып өтті. Жиынды ашқан Шымкент қала­сы­ның әкімі Мұрат Әйтенов барша қа­тысушыларды, қала тұрғындарын Дү­ниежүзілік туризм күні мере­кесі­мен құттықтады. «Шымкент қа­ла­сына жасаған сапары барысында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев қа­ла­ның өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық әлеуетін ескере отырып, Шымкент «Ор­талық Азияның қуатты эконо­ми­калық орталығы» болуы тиіс екен­дігі туралы мәлімдеді. Ал Мем­лекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері болуы тиіс екенін айтты. Әлемдегі көптеген қаланың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Туристік креативті қала қа­лып­тастыру бойынша бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм ин­дустриясын дамыту мүмкіндік­тері қарастырылады. Осы ретте, Шымкент өзінің бәсекелестік ар­тық­шы­лықтарын пайдалана оты­рып, еліміз үшін тірек туристік ор­талыққа айналуына барлық алғы­шар­ттары бар. Қала аумағында ежел­гі Сайрам тұрғын алабында со­пылық ілімнің негізін қалаушы Қ.Ясауидің туған жері, сондай-ақ ата-анасы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері орналасқан. Сон­дық­тан оңтүстік өңірінің тарихи-сак­рал­ды туризміне саяхат Шымкент қа­ласынан бастау алады.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев­­тың тапсырмасына сәйкес елі­мізде «креативті экономиканы» да­мытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы­ған орай, әкімдік тарапынан ту­ризм мен креативті индуст­рия­ның өзара тығыз байланыста жұ­мыс жүргізетінін ескере отырып, ту­ризм басқармасына креативті экономика функциясы берілді. Бұл синергия туризм индустриясының пандемиядан кейінгі кезеңде транс­фор­мацияланып, екі саланың қатар өр­кендеуіне септігін тигізеді. Бұл өз ке­зегінде, салаға түсетін инвестиция кө­лемін арттырып, жаңа жұмыс орын­дарын қалыптастыруға және турис­тік бизнестің дамуына жол аша­ды», – деді М.Әйтенов.
Форумда бұдан бөлек, креа­тивті индустрияларды да­мыту жөніндегі жобалық кеңсенің же­текшісі Данат Жумин, Salem Coffee және Global Coffee кофеха­на­лар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, Шымкент қалалық «Ата­мекен» кәсіпкерлер палата­сы­ның директоры Нұрлан Қабыштаев және басқа да туристік қызмет көр­сететін кәсіп өкілдері жетістіктерін айтып, идея бөлісті.

Туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу маңызды

Нұрлан Қабыштаев туристік бизнесті мемлекеттік қол­дау шараларына тоқталды. Ол үшін Қа­зақстан Үкіметінің бизнесті қол­дау үшін жеңілдетілген несие беру­дің бірнеше бағдарламасын қарас­тыр­ғанын атап өтті. Одан бөлек Шым­кент қаласының туристік әлеу­метін дамыту да бүгінгі жиын­ның басты тақырыбына айналды. «Туризм индустриясы көптеген ірі мегаполистердің маңызды эко­но­ми­калық секторы, олар осы сала­ның кірісіне көбірек тәуелді. Айта кету керек, әлемнің ірі қалаларында құрыл­ған жұмыс орындарының са­ны оларға келетін туристердің са­ны­на тікелей байланысты. Та­ны­мал туристік бағыт саналатын кез кел­ген қала экономикалық тұрғы­дан өркендейді және туризмге жет­кілікті көңіл бөлінбейтін қала­лар­мен салыстырғанда жақсы жағ­дай­да. Сондықтан туристік әлеуетті, оның туристік саласы мен инф­ра­құры­­лымының жай-күйін объек­тив­­ті талдауға негізделген Шымкент қа­ласында туризмді дамыту бағ­дар­ла­масын әзірлеу өзекті», – деді Нұрлан Орын­­басарұлы. Осы мақ­сат­қа жету үшін шешілуі қажет бір­қатар мін­дет­терді атап өтті.
Іс-шара барысында «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бей­­несі» конкурсының жеңім­паз­дары анық­талып, марапатталды. Кон­курс­қа қала тұрғындарынан медиа, IT жоба, креативті архитек­тура, ту­ризм саласындағы креативті қыз­меттер, қаланың қолөнер бренді жә­не гастрономия сынды 6 бағыт бойын­ша 70-тен аса жоба келіп түс­ті. Комиссия қорытындысы бойын­ша үздік жобалар анықталып, жеңім­­паздарына номинацияны қа­­ла әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов табыстады.
Онда «Шымкент қаласының жаңа қолөнер орталығы мен бұйым­­дары» жобасын ұсынған Бо­лат­бек Бейсбеков «Қаланың үздік қолөнер бренді» номинациясын алса, Virtual tour Shymkent жобасы­мен Ерназар Байділбаев IT бағы­тын­дағы үздік жоба номинациясын ием­денді. Ал, Насиба Махмудова Shymkent city Complex жобасымен «Креативті архитектура» бағы­тындағы үздік жоба номинациясын жеңіп алды. Ал «Үздік гастрономия» ба­ғытындағы номинацияны Нияз­бек Дәулет, «Фуд-корт темір жолы» жо­басымен үздік деп танылған жұ­мыстың бірі – «Мобильдік ақпа­рат­тық орталық» жобасы, «Туризм са­ласындағы креативті қызметтер» но­минациясы Сембай Жасұланға берілді. «Қоғамдық хромокей» жо­ба­сын ұсынған Лаура Сарман «Ме­диа» бағытындағы үздік жоба номи­на­циясына ие болды.
Одан өзге, Next Art Shymkent Virtual Museum App жоба-сы – «жыл­дың үздік жаңалығы», «Пиц­ца­ны дронмен жеткізу» жо­басы – «үз­дік бизнес жоба», «Ұлттық қыз­ғалдақ кейіп­тегі сувенирлер» жо­­басы – «үздік ұлттық жоба», «Шым­­кент қа­ла­сын­дағы жаңа Этнопарк» жобасы – «үздік ғылыми жоба», «Жаңа фор­мат­тағы сенсорлы LED экран­дар» ор­наластыру жобасы – «үздік ин­но­вациялық жоба», «Метал­лург­тер сарайын» жандандыру жобасына «үздік әлеуметтік жоба» но­ми­на­ция­лары берілді. Барлық қа­ты­сушыға ба­ғалы сыйлықтар және серти­фи­каттар табысталды.
Іс-шара аясында қалалық Ту­ризм және сыртқы байланыс­тар басқармасы, Нұр-Сұлтан қала­сы­ның инвестициялар және кәсіп­кер­лікті дамыту басқармасы, Қы­зыл­орда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы, М.Әуезов атын­дағы ОҚМУ сонымен қа­тар, Visit Shymkent туристік ақ­парат­тық ор­та­лығы мен «Тараз ту­ризм», OCA TRAVEL туристік агент­тігі арасында екі­жақты келісімге қол қойылды.

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы

Back to top button