Қазақ кітабын қайтсек танытамыз?

Қазақ кітабын қайтсек танытамыз?

Қазақ кітабын қайтсек танытамыз?
ашық дереккөзі

Жалпы, қазақ әдебиетінің жолы ауыр әдебиет деуге болады. ХХ ғасырға дейінгі жасалған әдебиетіміздің көбісі ұмытылып, аз бөлігі ғана хатқа түсіп аман қалды. Ал ХХ ғасырдың бас кезіндегі азат ойлы, еркін көзқараста қалыптаса бастаған әдебиетімізді жасаушылар кеңестік қан-қасаптың аранына түсіп кетті де, одан кейін жалтақ − партияшыл, саясатқа арқа сүйеген әдебиет пайда болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы секілді бірен-саран ірі шығармалар болмаса, қазақ әдебиетінің дені «әдебиеттің партиялылығы» деген тоқпақтың астында жаншылып, бас көтере алмады. Дегенмен, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап әдебиетімізге келген талантты лек қазақ әдебиетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге күш салып, соның нәтижесінде жаңа ұлттық әдебиет пайда болды. Бірақ ол соның өзінде кеңестік саясаттың бақылауында болды...

Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл тол­са да, біздің әдебиетіміз бен мәде­ние­тіміз әлемге, толық танылған жоқ. Оның се­бебі бұл тарапта жасалған жүйелі бағ­дар­ла­маның жоқтығынан-ау деймін. Әрине, ұлт­тық әдебиетті шетелге таныту үшін мем­лекет тарапынан қаржы да бөлінді, тіпті ха­лықаралық жиын да өткізілді. Мәселен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында «Жаһандағы заманауи қа­зақстандық мәдениет» жобасымен қа­зақ­тың 60 қаламгерінің шығармаларынан құрас­тырылған екі томдық антология әлем­нің ең беделді 6 тіліне аударылып басылып, бір­неше елге таратылды. Сондай-ақ Қа­зақ­стан Жазушылар одағының ұйытқы болуы­мен 2019 жылғы 4-6 қыркүйекте Нұр-Сұл­тан қаласында Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өтті. Шын мәнінде бұл шаралар – ау­қымды іс, бірақ оның нәтижесі қандай бол­ды? Бізде қай істі болса атқару кезінде «қа­­­­зақшылық» (оны толық түсіндір­сек, әңгіме ұзап кетеді) деген «қасиеттің» араласпай қалатын кезі жоқ. Жоғарыда айтылған екі шараның алғашқысы жөнінде ай­тар болсақ, сол әлемге тараған антология­ға кіргендердің тізімі әлі жұмбақ, оны Қа­зақ­стан Жазушылары одағы айта қоймайды, өз бетінше білгісі келетіндер де тізімді тү­гел­дей алмады (ол жайында біз де өзіміздің Túrkistan газетінде жарияланған «Әлемге қазақ сөзін кім танытар?» (№3. 24.01.2019) деген мақаламызда айтып өткен едік. «Сол қаламгерлер арасында жұрт талантын мойын­дай қоймайтын ақын-жазушылардың шы­ғармалары бар, сосын көрсетпейді» де­ген сыпсың әңгіме де шыққан сол тұста, бірақ тізім­дегі алпыс қаламгердің атын өз көзі­мізбен оқып көрмеген соң ешкімді күс­та­на­лай алмаймыз. Жазушылар одағының да бір білгені бар шығар, дегенмен сонша құ­­пия­лайтындай не барын түсінбедік. Ал І Азия форумын өткізгенде біздің тұл­ғалы деп жүрген қаламгерлеріміз мұндай ха­лықаралық ауқымды жиында «баланың сөзін» айтып, бәрімізді жерге қаратты. Ша­масы жиын елордада өтіп жатқандықтан қа­тысушыларды жергілікті халықпен шатас­тырып алса керек, ақсақал жазушы­лары­мыз былайша «көсілді»: «Кейінгі 20-30 жылдың шегінде өндіріп жа­зып жүрген жазушы – Сәбит Досанов. Бір күні Сәбит маған келіп, ақша алып кетті. Сөй­тіп, кітаптарын бастырды. Сол Сәбит Ел­басымен құдандалы болып, жазушы­мыз­дың жолы бұрынғыдан да кең ашылды». (Олжас Сүлейменов). «Бүкіл Азияны жайлаған, Еуропаны би­леген Шыңғыс ханды моңғол демейік. Кейін­гі ұрпаққа тарихты таза күйінде өткі­зейік. Бұрынғы империялық саясаттың кем­шілігін түзейік. Осы шындықты қа­лып­тастыруға көмектесейік. Біздің қазақтың сөзін біреу тыңдаса, біреу тыңдамайды. Қа­зір түріктерден қауіптенетін ештеңе жоқ. Қа­зір біз өз бабамызды қайтарып алуымыз ке­рек. Оның ұрпақтары, төрелер бәрі Қа­зақстанда. Осы күнге дейін Шыңғыс ханды ием­деніп келген моңғолдарға рақмет». (Қабдеш Жұмаділов). «Бүгінгі форум бізге ештеңе бермейді. Осы форумда кешелі бері тыңдап отырмын. Әлемдік мәселе көтерілмеді. Менің қалай жа­затыным кімге қызық? Сирияда не боп жа­тыр? Соларды неге айтпаймыз? Батыста жарылыс болса, бәріміз қайғырамыз. Мұсылмандар қырылып жатқанда неге үндемейміз?» (Дулат Исабеков). Айта берсек көп енді. Бұл нені көр­се­теді? Бұл біздің қаламгерлеріміздің халық­аралық арена дегенді онша біле бермейтінін, үлкен жиында ұлттық әдебиет туралы нені айту керек, нені айтпау керек дегенді айыра алмайтынын көрсетеді. Елдің бетке ұстар қаламгер-тұлғалары осылай «көжесін төгіп» отырса, кейінгі жастарға қалай өкпелейміз?.. Ұлттық әдебиетке көңіл бөлу керек, оны шетелдерге таныту қажет деп жа­тамыз, бірақ сол әдебиетке ең алдымен өз ішімізде әділ болып жүрміз бе? Мемлекет сыйлықты кімдерге беріп жүргеніміз, оған қол жеткізу үшін қа­ламгерлер қандай «әдіс-тәсілдер» қол­дана­тыны жайында ел ішінде әңгіме көп. Оның дені қаламгерлер жағынан шығатыны да белгілі, алайда сол сыпсыңдардың жаны бары тағы рас... Өз ішімізде әдебиетке деген көзқарас дұрыс болмай, лайық қаламгер­лер мен лайық шығармалардың бағасын беріп, ұлтымызға дұрыс әдебиет ұсынбай қалай сөз өнеріне жанымыз ашиды деп айта аламыз? Шетелге талантты қаламгерлердің емес, жолы болғыш пысықайлардың шы­ғармаларын аударып таныстырудан қандай пайда бар? Бізді шетелдегілер өз тілдеріне аударылған шығармаларға қарап түсіне­тінін, соған қарап әдебиетімізге баға бере­тінін неге ойламаймыз? Шынын айту керек, бізде қазақтың ұлттық әдебиетіне әділ төрелік айтып, жақсысын «жақсы», жаманын «жа­ман» дей алатын тұлға қалмады. Қазіргі то­бырланып (жершілдік, рушылдық) бара жатқан қазақ әдебиетінің оқырмандары да аймаққа қарай бөлініп кеткен тәрізді. Егер біреу әдебиет жайында аз-кем сын айтқысы келсе (оның өзінде де көңілге қараушылық ба­сым), оны сыналған «тұлғаның» жандай­шап­тары әлеуметтік желілерде сол сәтінде талап тастайды, кей жағдайда сайттарға мақала жазып ақтап алады немесе сынап отырған адамның жеке басына тиісіп, аузына келгенін айтады. Осындай жағдай­дан кейін кімнің жаны ашиды әдебиетке? Еліміздегі әдебиетке қатысты осындай субьективті жағдайлардың салқыны кейінгі кезде шетелдегі кітап көрмелеріне қа­тысқан кезде де байқалады. Кейде қазақ­стандық баспалар белгілі бір іс-шаралар ая­­сында алыс-жақын шетелдерге барып, кітап көрмесін жасап, сол елдегі оқырман­дарды өздері шығарып жатқан өнімдермен та­ныс­тырады. Ол жақсы нәрсе, алайда бас­ты мақсат өз еліңнің үздік әдеби шығар­ма­ларын таныту басты мақсат болса, кәнеки! 2019 жылы Ташкент қаласында өткен І Халықаралық кітап көрмесіне біздің елдің «Фолиант», «Атамұра», «Қазақ университеті» бас­палары қатысып, кітап жәрмеңкесін өт­кізген. Соған барған қандастарымыз (ара­ларында жергілікті қазақ журналистері де бар) бірен-саран керекті кітаптар (салт-дәс­түрге, тарихқа байланысты) болмаса ізде­генімізді таппадық дейді. Олар «Фолиант» бас­пасынан шыққан Нобель сыйлығының иегері, түркиялық жазушы Орхан Памуктің, тағы бір мықты түрік қаламгері Әзиз Не­син­нің қазақшаға аударылған кітаптарын көр­генін, бірақ солар деңгейлес қазақ жазу­шыларының кітаптарын таппағанын айтады. Ташкент қаласында едәуір қазақ диас­порасы шоғырланған. Олар қазақ әдебиетін, оның ішінде жаңа қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларын оқығысы келеді. Ал оларға біздің баспалар шетелдік жазушылардың қазақшаға аударылған кітаптарын ұсынған. «Сонда қазақ баспа­лары кітап қылып шығаруға қазақтың та­лант­ты қаламгерлерінің шығармаларын тап­паған ба? Әлде бүгінгі қазақ әдебиетінде дең­гейі жоғары шығармалар жасалмай жа­тыр ма? Соны түсінбедік», – дейді өзбек елін­дегі қандастарымыз. Мұндайды талай естіп жүрміз. Мә­се­лен, Қарақалпақстандағы қандас­тары­мыз ширек ғасырдан бері ол елге бір де бір қазақ кітабы не баспасөзі келмегенін ай­тады. Ал ол елдегі төрт жүз мыңдай қан­да­сымыздан бөлек, саны жеті жүз мыңға жуық қарақалпақ халқы да қазақ тіліндегі шығармаларды еркін оқып, түсіне алаты­нын ескерсек, қазақ әдебиеті қаншама оқыр­­ма­нынан айрылып отырғанын есептей беріңіз. Сол сияқты Өзбекстанның Ташкент, Сыр­дария, Жызақ облыстарында да қазақтар өмір сүріп жатыр. Оларға да қазақ әдебиеті керек... Қазір шетелге қазақ қаламгерлерінің мықты туындыларын танытудың тиімді шараларының бірі кітаптар көрмесі екені аян. Бірақ соны тиімді пайдаланып жүрміз бе? Меніңше, жоқ. Өйткені осындай оңтайлы сәттің өзіне де біздегі өзімшілдік араласып кете беретіні бар. Жақында елордадағы Ұлттық акаде­миялық кітапхана Түркиядағы үл­кен кітапханалардың бірінен «Қазақ әде­биеті» бөлімін ашыпты. Ал сол іс-шараға қа­тысқан жас ғалым Елдос Тоқтарбай біз жақ­тан барған кітаптардың көркемдік сапасы сын көтермейтінін айтып, өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақ­ша­сына жазды. Жас ғалым өз жазбасында көр­меде «Мен Төкен Танаұлымын» деген сияқ­ты естелік кітаптардың тұрғанына қын­жылысын жасырмайды. Онда: «Бауырлас ел Түркияның Қа­зақстанға деген көзқарасы мен құр­меті айрықша. Әсіресе, ғалымдары мен жас зерттеушілерінің қазақ тарихына, әде­биеті мен тіліне, мәдениетіне, әлеуметтік-эко­номикалық және саяси жағдайына деген ынталары сұмдық. Ізденіп, жаңалық ашуға ұмтылып тұрады. Талай сақа ғалымдардың әңгімесін тыңдап, қатарлас жастармен пікір алмастым. Бәрінің айтатыны сол − Түркия­ның Ұлт кітапханасы мен Ұлттық кітапха­на­сындағы қазақ кітаптарының аздығы жә­не сапасы. Ел іздейтін, оқырманға аса қажетті кі­таптарды неге жеткізбейді? Мәсе­лен, қырғыз, өзбек сықылды қандас ағайын­ның кітап бұрышында Ұлттық энцикло­пе­диясынан бастап классик жазушыларының, танымал ғалымдарының кітаптары, сол мемлекетті танытатын нағыз керек әм пай­далы кітаптар самсап тұр! Қазақтың кітап бұрышы − жетім бұрыш сықылды… Біздің ұлттық 12 томдық энциклопедия, «Абай», «Мұхтар Әуезов» сияқты тұлғалық энцик­лопедия, «Шаңырақ» этнография энцикло­педиясы, «Қазақстан тарихы» көптомдығы сияқты кітаптар қайда?! «Абай жолы» рома­нының қазақшасы жоқ, есесіне орыс­шасы бар. Орысша кітаптар ығы-жығы. Бұл Қа­зақстанның емес, Ресейдің бұрышы сияқты көзге қораш көрінеді. Әбден орысқұл болып кетіппіз ғой. Тым болмаса өз сөремізге ана тіліміздегі кітапты қоя алмадық. Ал түріктер орысшаны оқи ма? Жарайды, Еуропаның бір мемлекеті болса, көз жұматын едік. Бұл қа­зақша білетін ағайын ел емес пе? Неге кітап сөресінде академик Рәбиға Сыздық бастаған лингвистердің, академик Серік Қирабаев бастаған қазақ әдебиеттану ғылымының аса керекті кітаптары көрінбейді?! Неге шетел кітапханаларына жібері­летін кітаптар таным-талғам сүзгі­сі­нен өтпейді?! Неге байлардың шимай-шат­пай өлеңсымақтары мен шежіре, өмір­баяндары жіберілген?!» − деп ашына жа­зыпты ол. Елдостың айтып отырғанының жаны бар, шетелге шыққан әрбір кітап елі­міз­дің әдебиеті мен мәдениетінің қуатын та­нытатын шығармалар болуы керек. Әйтпесе несіне кітап көрмелеріне қатысып, әр жерден «Қазақ әдебиеті» бөлімін ашамыз? Жалпы, бұл мәселеде Қазақстан Жа­зу­шылар одағы мен еліміздің баспалары бірігіп жұмыс істемесе, жақсы нә­тижеге қол жеткізу қиын. Мәселен, мем­лекеттік тапсырыспен шығатын кітап­тар­дың қазіргі таралымы еліміздегі кітап­ха­налардың бәріне бір-бір данадан да жет­пейді. Сонда кітапханалар жаңағыдай шара­ға не апарады? Бұл – бір. Екіншіден, қа­зақ әдебиетінде шығып жатқан кітап­тардың қайсысын шетелге таныстыруға болады, қайсысының сапасы ол талапқа жауап бермейді дегенге қазақ қаламгер­лерінің басын қосып отырған ұйымның жауап бергені жөн. Сондай-ақ еліміздегі көде­дей көп баспалар да көркемдік сапасы мықты туындыларды басып шығаруға басымдық беруі керек. Міне, осыдан соң ғана шетелдегі көрмелерге, кітап жәрмең­ке­леріне ұялмай қатыса беруге болады. Арғы дәуірді айтпай-ақ қояйық, тәуел­сіз­діктен бергі кезеңде шыққан көркемдік деңгейі жоғары талай кітаптар өзге түгілі өзі­мізге жетпей жатқаны белгілі. Кітап­ха­наға жұрттың бәрі бара бермейтіні белгілі, ал сатып алуға мемлекеттік тапсырыспен шық­қан кітаптар дүкенге түспейді. Жа­қынға дейін мың, екі мың данамен шыққан қазақ кітаптары кімге жеткендей еді? Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясын, Мұхтар Мағауиннің кейінгі романдарын, Сайлаубай Жұба­тырұлы­ның «Абыржы» трилогиясын, Тұрыс­­бек Сәукетаевтың романдарын ха­лық­­тың көбі оқып көрген жоқ. Ал ақындар Бай­бота Қошым-Ноғайдың «Тәңірі таразы­сы», «Жұмақ нұры», Мейірхан Ақдәу­летұ­лы­ның «Дәруішнама», «Бейуақтағы мінажат», Шаһ­изада Әбдікәрімовтің «Гладиатор», «Сүлейдария», Есенғали Раушановтың «Пе­ріш­телер мен құстар», «Амал деген айыңыз», Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Алқоңыр дүние», Светқали Нұржанның «Ай таранған түн», «Жұлдыздардың жұпары», Сабыр Адай­дың «Әр қазақ − менің жалғызым», «Серт­тесу» секілді күллі қазаққа жете қой­ма­ды. Міне, осы секілді мықты кітаптарды елімізде жиі өтіп жататын кітап жәрмең­ке­леріне шығарса, шетелдерде ұйымдас­тыры­латын кітап көрмелеріне апарса ұлттық әдебиетіміздің деңгейінің қандай екенін өзіміз де, өзгелер де білмес пе еді? Кеңестік кезеңде Қазақстанда «Кітап-поштамен» деген тарату мекемесі бол­ды. Сол арқылы әлемнің кез келген жерін­де тұрып қазақ кітаптарын пошта арқылы сатып алуға болатын еді, қазір ол жүйе жоғалған. Ендеше қазақ кітаптарын әлемге тарататын америкалық Amazon секілді бір жүйе жасау керек, әйтпесе әлем­дегі бүкіл қазақтың біртектілігіне жоғалып кету қаупі төніп тұр... Сөзд­ің басы кітап көрмелеріне қа­тыс­қан біздің елдің кітапханаларының ісіндегі шикіліктерден шықты ғой, олардың шалалығын әрине ақтауға болмайды, деген­мен ондай саяси мәні бар нәрселерді мемле­кет қатаң бақылауда ұстауы керек. Кеңестік кезеңде КСРО-дағы қазақтың біртұтастығын сақтаған қазақ ақын-жазушыларының кітап­тары. Сол кітапты оқып өскен әлемнің түк­пір-түкпіріндегі қазақ балалары бір-бірінің жанын түсініп, рухани жақындық сезі­ніп өсті. Сондықтан тәуелсіздік алған кезімізде күллі қазақ азат ел, еркін мемлекет болғанымызда бір адамның баласындай қуанып, ұлттық тұтастығын көрсетті. Енде­ше мемлекетіміз дүниежүзіне өзінің кім­дігін танытқысы келсе, жер бетіндегі бар қа­зақтың рухының тұтастығын сақтағысы кел­се, ең алдымен қазақ кітабын әлемге танытуды басты мақсат қылуы керек!