Қазақ кітабын қайтсек танытамыз?
Қазақ кітабын қайтсек танытамыз?
Жалпы, қазақ әдебиетінің жолы ауыр әдебиет деуге болады. ХХ ғасырға дейінгі жасалған әдебиетіміздің көбісі ұмытылып, аз бөлігі ғана хатқа түсіп аман қалды. Ал ХХ ғасырдың бас кезіндегі азат ойлы, еркін көзқараста қалыптаса бастаған әдебиетімізді жасаушылар кеңестік қан-қасаптың аранына түсіп кетті де, одан кейін жалтақ − партияшыл, саясатқа арқа сүйеген әдебиет пайда болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы секілді бірен-саран ірі шығармалар болмаса, қазақ әдебиетінің дені «әдебиеттің партиялылығы» деген тоқпақтың астында жаншылып, бас көтере алмады. Дегенмен, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап әдебиетімізге келген талантты лек қазақ әдебиетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге күш салып, соның нәтижесінде жаңа ұлттық әдебиет пайда болды. Бірақ ол соның өзінде кеңестік саясаттың бақылауында болды...
Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толса да, біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміз әлемге, толық танылған жоқ. Оның себебі бұл тарапта жасалған жүйелі бағдарламаның жоқтығынан-ау деймін. Әрине, ұлттық әдебиетті шетелге таныту үшін мемлекет тарапынан қаржы да бөлінді, тіпті халықаралық жиын да өткізілді. Мәселен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасымен қазақтың 60 қаламгерінің шығармаларынан құрастырылған екі томдық антология әлемнің ең беделді 6 тіліне аударылып басылып, бірнеше елге таратылды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының ұйытқы болуымен 2019 жылғы 4-6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өтті. Шын мәнінде бұл шаралар – ауқымды іс, бірақ оның нәтижесі қандай болды?
Бізде қай істі болса атқару кезінде «қазақшылық» (оны толық түсіндірсек, әңгіме ұзап кетеді) деген «қасиеттің» араласпай қалатын кезі жоқ. Жоғарыда айтылған екі шараның алғашқысы жөнінде айтар болсақ, сол әлемге тараған антологияға кіргендердің тізімі әлі жұмбақ, оны Қазақстан Жазушылары одағы айта қоймайды, өз бетінше білгісі келетіндер де тізімді түгелдей алмады (ол жайында біз де өзіміздің Túrkistan газетінде жарияланған «Әлемге қазақ сөзін кім танытар?» (№3. 24.01.2019) деген мақаламызда айтып өткен едік. «Сол қаламгерлер арасында жұрт талантын мойындай қоймайтын ақын-жазушылардың шығармалары бар, сосын көрсетпейді» деген сыпсың әңгіме де шыққан сол тұста, бірақ тізімдегі алпыс қаламгердің атын өз көзімізбен оқып көрмеген соң ешкімді күстаналай алмаймыз. Жазушылар одағының да бір білгені бар шығар, дегенмен сонша құпиялайтындай не барын түсінбедік.
Ал І Азия форумын өткізгенде біздің тұлғалы деп жүрген қаламгерлеріміз мұндай халықаралық ауқымды жиында «баланың сөзін» айтып, бәрімізді жерге қаратты. Шамасы жиын елордада өтіп жатқандықтан қатысушыларды жергілікті халықпен шатастырып алса керек, ақсақал жазушыларымыз былайша «көсілді»:
«Кейінгі 20-30 жылдың шегінде өндіріп жазып жүрген жазушы – Сәбит Досанов. Бір күні Сәбит маған келіп, ақша алып кетті. Сөйтіп, кітаптарын бастырды. Сол Сәбит Елбасымен құдандалы болып, жазушымыздың жолы бұрынғыдан да кең ашылды». (Олжас Сүлейменов).
«Бүкіл Азияны жайлаған, Еуропаны билеген Шыңғыс ханды моңғол демейік. Кейінгі ұрпаққа тарихты таза күйінде өткізейік. Бұрынғы империялық саясаттың кемшілігін түзейік. Осы шындықты қалыптастыруға көмектесейік. Біздің қазақтың сөзін біреу тыңдаса, біреу тыңдамайды. Қазір түріктерден қауіптенетін ештеңе жоқ. Қазір біз өз бабамызды қайтарып алуымыз керек. Оның ұрпақтары, төрелер бәрі Қазақстанда. Осы күнге дейін Шыңғыс ханды иемденіп келген моңғолдарға рақмет». (Қабдеш Жұмаділов).
«Бүгінгі форум бізге ештеңе бермейді. Осы форумда кешелі бері тыңдап отырмын. Әлемдік мәселе көтерілмеді. Менің қалай жазатыным кімге қызық? Сирияда не боп жатыр? Соларды неге айтпаймыз? Батыста жарылыс болса, бәріміз қайғырамыз. Мұсылмандар қырылып жатқанда неге үндемейміз?» (Дулат Исабеков).
Айта берсек көп енді. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің қаламгерлеріміздің халықаралық арена дегенді онша біле бермейтінін, үлкен жиында ұлттық әдебиет туралы нені айту керек, нені айтпау керек дегенді айыра алмайтынын көрсетеді. Елдің бетке ұстар қаламгер-тұлғалары осылай «көжесін төгіп» отырса, кейінгі жастарға қалай өкпелейміз?..
Ұлттық әдебиетке көңіл бөлу керек, оны шетелдерге таныту қажет деп жатамыз, бірақ сол әдебиетке ең алдымен өз ішімізде әділ болып жүрміз бе?
Мемлекет сыйлықты кімдерге беріп жүргеніміз, оған қол жеткізу үшін қаламгерлер қандай «әдіс-тәсілдер» қолданатыны жайында ел ішінде әңгіме көп. Оның дені қаламгерлер жағынан шығатыны да белгілі, алайда сол сыпсыңдардың жаны бары тағы рас...
Өз ішімізде әдебиетке деген көзқарас дұрыс болмай, лайық қаламгерлер мен лайық шығармалардың бағасын беріп, ұлтымызға дұрыс әдебиет ұсынбай қалай сөз өнеріне жанымыз ашиды деп айта аламыз? Шетелге талантты қаламгерлердің емес, жолы болғыш пысықайлардың шығармаларын аударып таныстырудан қандай пайда бар? Бізді шетелдегілер өз тілдеріне аударылған шығармаларға қарап түсінетінін, соған қарап әдебиетімізге баға беретінін неге ойламаймыз?
Шынын айту керек, бізде қазақтың ұлттық әдебиетіне әділ төрелік айтып, жақсысын «жақсы», жаманын «жаман» дей алатын тұлға қалмады. Қазіргі тобырланып (жершілдік, рушылдық) бара жатқан қазақ әдебиетінің оқырмандары да аймаққа қарай бөлініп кеткен тәрізді. Егер біреу әдебиет жайында аз-кем сын айтқысы келсе (оның өзінде де көңілге қараушылық басым), оны сыналған «тұлғаның» жандайшаптары әлеуметтік желілерде сол сәтінде талап тастайды, кей жағдайда сайттарға мақала жазып ақтап алады немесе сынап отырған адамның жеке басына тиісіп, аузына келгенін айтады. Осындай жағдайдан кейін кімнің жаны ашиды әдебиетке?
Еліміздегі әдебиетке қатысты осындай субьективті жағдайлардың салқыны кейінгі кезде шетелдегі кітап көрмелеріне қатысқан кезде де байқалады. Кейде қазақстандық баспалар белгілі бір іс-шаралар аясында алыс-жақын шетелдерге барып, кітап көрмесін жасап, сол елдегі оқырмандарды өздері шығарып жатқан өнімдермен таныстырады. Ол жақсы нәрсе, алайда басты мақсат өз еліңнің үздік әдеби шығармаларын таныту басты мақсат болса, кәнеки!
2019 жылы Ташкент қаласында өткен І Халықаралық кітап көрмесіне біздің елдің «Фолиант», «Атамұра», «Қазақ университеті» баспалары қатысып, кітап жәрмеңкесін өткізген. Соған барған қандастарымыз (араларында жергілікті қазақ журналистері де бар) бірен-саран керекті кітаптар (салт-дәстүрге, тарихқа байланысты) болмаса іздегенімізді таппадық дейді. Олар «Фолиант» баспасынан шыққан Нобель сыйлығының иегері, түркиялық жазушы Орхан Памуктің, тағы бір мықты түрік қаламгері Әзиз Несиннің қазақшаға аударылған кітаптарын көргенін, бірақ солар деңгейлес қазақ жазушыларының кітаптарын таппағанын айтады. Ташкент қаласында едәуір қазақ диаспорасы шоғырланған. Олар қазақ әдебиетін, оның ішінде жаңа қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларын оқығысы келеді. Ал оларға біздің баспалар шетелдік жазушылардың қазақшаға аударылған кітаптарын ұсынған. «Сонда қазақ баспалары кітап қылып шығаруға қазақтың талантты қаламгерлерінің шығармаларын таппаған ба? Әлде бүгінгі қазақ әдебиетінде деңгейі жоғары шығармалар жасалмай жатыр ма? Соны түсінбедік», – дейді өзбек еліндегі қандастарымыз.
Мұндайды талай естіп жүрміз. Мәселен, Қарақалпақстандағы қандастарымыз ширек ғасырдан бері ол елге бір де бір қазақ кітабы не баспасөзі келмегенін айтады. Ал ол елдегі төрт жүз мыңдай қандасымыздан бөлек, саны жеті жүз мыңға жуық қарақалпақ халқы да қазақ тіліндегі шығармаларды еркін оқып, түсіне алатынын ескерсек, қазақ әдебиеті қаншама оқырманынан айрылып отырғанын есептей беріңіз. Сол сияқты Өзбекстанның Ташкент, Сырдария, Жызақ облыстарында да қазақтар өмір сүріп жатыр. Оларға да қазақ әдебиеті керек...
Қазір шетелге қазақ қаламгерлерінің мықты туындыларын танытудың тиімді шараларының бірі кітаптар көрмесі екені аян. Бірақ соны тиімді пайдаланып жүрміз бе? Меніңше, жоқ. Өйткені осындай оңтайлы сәттің өзіне де біздегі өзімшілдік араласып кете беретіні бар.
Жақында елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Түркиядағы үлкен кітапханалардың бірінен «Қазақ әдебиеті» бөлімін ашыпты. Ал сол іс-шараға қатысқан жас ғалым Елдос Тоқтарбай біз жақтан барған кітаптардың көркемдік сапасы сын көтермейтінін айтып, өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды. Жас ғалым өз жазбасында көрмеде «Мен Төкен Танаұлымын» деген сияқты естелік кітаптардың тұрғанына қынжылысын жасырмайды.
Онда: «Бауырлас ел Түркияның Қазақстанға деген көзқарасы мен құрметі айрықша. Әсіресе, ғалымдары мен жас зерттеушілерінің қазақ тарихына, әдебиеті мен тіліне, мәдениетіне, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайына деген ынталары сұмдық. Ізденіп, жаңалық ашуға ұмтылып тұрады. Талай сақа ғалымдардың әңгімесін тыңдап, қатарлас жастармен пікір алмастым. Бәрінің айтатыны сол − Түркияның Ұлт кітапханасы мен Ұлттық кітапханасындағы қазақ кітаптарының аздығы және сапасы.
Ел іздейтін, оқырманға аса қажетті кітаптарды неге жеткізбейді? Мәселен, қырғыз, өзбек сықылды қандас ағайынның кітап бұрышында Ұлттық энциклопедиясынан бастап классик жазушыларының, танымал ғалымдарының кітаптары, сол мемлекетті танытатын нағыз керек әм пайдалы кітаптар самсап тұр! Қазақтың кітап бұрышы − жетім бұрыш сықылды… Біздің ұлттық 12 томдық энциклопедия, «Абай», «Мұхтар Әуезов» сияқты тұлғалық энциклопедия, «Шаңырақ» этнография энциклопедиясы, «Қазақстан тарихы» көптомдығы сияқты кітаптар қайда?! «Абай жолы» романының қазақшасы жоқ, есесіне орысшасы бар. Орысша кітаптар ығы-жығы. Бұл Қазақстанның емес, Ресейдің бұрышы сияқты көзге қораш көрінеді. Әбден орысқұл болып кетіппіз ғой. Тым болмаса өз сөремізге ана тіліміздегі кітапты қоя алмадық. Ал түріктер орысшаны оқи ма?
Жарайды, Еуропаның бір мемлекеті болса, көз жұматын едік. Бұл қазақша білетін ағайын ел емес пе? Неге кітап сөресінде академик Рәбиға Сыздық бастаған лингвистердің, академик Серік Қирабаев бастаған қазақ әдебиеттану ғылымының аса керекті кітаптары көрінбейді?!
Неге шетел кітапханаларына жіберілетін кітаптар таным-талғам сүзгісінен өтпейді?! Неге байлардың шимай-шатпай өлеңсымақтары мен шежіре, өмірбаяндары жіберілген?!» − деп ашына жазыпты ол.
Елдостың айтып отырғанының жаны бар, шетелге шыққан әрбір кітап еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің қуатын танытатын шығармалар болуы керек. Әйтпесе несіне кітап көрмелеріне қатысып, әр жерден «Қазақ әдебиеті» бөлімін ашамыз?
Жалпы, бұл мәселеде Қазақстан Жазушылар одағы мен еліміздің баспалары бірігіп жұмыс істемесе, жақсы нәтижеге қол жеткізу қиын. Мәселен, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың қазіргі таралымы еліміздегі кітапханалардың бәріне бір-бір данадан да жетпейді. Сонда кітапханалар жаңағыдай шараға не апарады? Бұл – бір. Екіншіден, қазақ әдебиетінде шығып жатқан кітаптардың қайсысын шетелге таныстыруға болады, қайсысының сапасы ол талапқа жауап бермейді дегенге қазақ қаламгерлерінің басын қосып отырған ұйымның жауап бергені жөн. Сондай-ақ еліміздегі көдедей көп баспалар да көркемдік сапасы мықты туындыларды басып шығаруға басымдық беруі керек. Міне, осыдан соң ғана шетелдегі көрмелерге, кітап жәрмеңкелеріне ұялмай қатыса беруге болады.
Арғы дәуірді айтпай-ақ қояйық, тәуелсіздіктен бергі кезеңде шыққан көркемдік деңгейі жоғары талай кітаптар өзге түгілі өзімізге жетпей жатқаны белгілі. Кітапханаға жұрттың бәрі бара бермейтіні белгілі, ал сатып алуға мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар дүкенге түспейді. Жақынға дейін мың, екі мың данамен шыққан қазақ кітаптары кімге жеткендей еді? Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясын, Мұхтар Мағауиннің кейінгі романдарын, Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясын, Тұрысбек Сәукетаевтың романдарын халықтың көбі оқып көрген жоқ. Ал ақындар Байбота Қошым-Ноғайдың «Тәңірі таразысы», «Жұмақ нұры», Мейірхан Ақдәулетұлының «Дәруішнама», «Бейуақтағы мінажат», Шаһизада Әбдікәрімовтің «Гладиатор», «Сүлейдария», Есенғали Раушановтың «Періштелер мен құстар», «Амал деген айыңыз», Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Алқоңыр дүние», Светқали Нұржанның «Ай таранған түн», «Жұлдыздардың жұпары», Сабыр Адайдың «Әр қазақ − менің жалғызым», «Серттесу» секілді күллі қазаққа жете қоймады. Міне, осы секілді мықты кітаптарды елімізде жиі өтіп жататын кітап жәрмеңкелеріне шығарса, шетелдерде ұйымдастырылатын кітап көрмелеріне апарса ұлттық әдебиетіміздің деңгейінің қандай екенін өзіміз де, өзгелер де білмес пе еді?
Кеңестік кезеңде Қазақстанда «Кітап-поштамен» деген тарату мекемесі болды. Сол арқылы әлемнің кез келген жерінде тұрып қазақ кітаптарын пошта арқылы сатып алуға болатын еді, қазір ол жүйе жоғалған. Ендеше қазақ кітаптарын әлемге тарататын америкалық Amazon секілді бір жүйе жасау керек, әйтпесе әлемдегі бүкіл қазақтың біртектілігіне жоғалып кету қаупі төніп тұр...
Сөздің басы кітап көрмелеріне қатысқан біздің елдің кітапханаларының ісіндегі шикіліктерден шықты ғой, олардың шалалығын әрине ақтауға болмайды, дегенмен ондай саяси мәні бар нәрселерді мемлекет қатаң бақылауда ұстауы керек. Кеңестік кезеңде КСРО-дағы қазақтың біртұтастығын сақтаған қазақ ақын-жазушыларының кітаптары. Сол кітапты оқып өскен әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ балалары бір-бірінің жанын түсініп, рухани жақындық сезініп өсті. Сондықтан тәуелсіздік алған кезімізде күллі қазақ азат ел, еркін мемлекет болғанымызда бір адамның баласындай қуанып, ұлттық тұтастығын көрсетті. Ендеше мемлекетіміз дүниежүзіне өзінің кімдігін танытқысы келсе, жер бетіндегі бар қазақтың рухының тұтастығын сақтағысы келсе, ең алдымен қазақ кітабын әлемге танытуды басты мақсат қылуы керек!