Қоғам

Ата кәсіптен қол үзіп қалмадық па?

Ата кәсіп оңалмай, ауыл көші түзелмейді. Оған негіз де жоқ емес. Соңғы жылдары болашағы жоқ ауылдардың саны артып, халықтың жаппай қалаға көшу үдерісі белең алды. Оған Тәуелсіздік жылдарындағы статистикалық мәлімет дәлел.

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 1990 жылы елде 9,7 млн сиыр болған. Бес жылдан кейін бұл көрсеткіш 6,8 миллионға дейін қысқарды. Ал 2000 жылға қарай мал басы 4,1 миллионға дейін төмендеді, тек 2005 жылы сиыр саны 5,4 млн болған. Ал 2010-2015 жылдары мал басы 6,1 млн болды.

Қамбар ата тұқымының да жағдайы мәз емес. 30 жыл бұрын елімізде 1,6 млн жылқы болса, 1995 жылы 1 жарым мил­­лионға дейін, ал 2005 жылы 976 мыңға әрең жеткен. Тек 2005 жылдан кейін ғана жа­ғ­дайдың біршама тұрақталғанын көруге бол­­ады. Араға 5 жыл салып жылқы саны ел­де 1 жарым млн, ал 2015 жылы 2 мил­лион­­ға, 2020 жылы 3,1 миллионға дейін өсті. Осы­­лайша, тәуелсіздік жылдарындағы жал­­пы жылқы санының өсімі 1 жарым млн болды. Салыстырмалы түрде айта кетерлігі, өнеркәсіптегі өсім 1,9 есе өскен.

Ұсақ малға жататын қой мен ешкі са­ны 1990 жылы 35,6 млн болды. 1995 жылға қарай бұл көрсеткіш 19,6 мил­лион­ға дейін, ал араға 5 жыл салып бұл көр­­сет­кіш 10 миллионға дейін төмендеген. Был­­тыр тіркелген статистикалық мәлімет бойын­­ша ұсақ мал саны 20 миллионға жет­кен. Жалпы алғанда тәуелсіздік жыл­дары қой шаруашылығы 15,6 миллион бас жоғалтыпты.
Соңғы жылдары мал басы санын арт­тыруда аз да болса өсім бар.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің былтыр жасаған қорытынды есебі бойын­ша елде тіркелген ірі қара мал саны − 7,8 млн. Бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда 5,6 пайыз­ға артық. Қой мен ешкі басы 4,7 пайыз­ға, жылқы 10 пайыз­ға, түйе 5 пайыз­ға өскен. Мал басы саны артқандықтан ет өндірісі 4 пайызға, сүт өндірісі 3 пайызға өсіпті.

Ауыл маңындағы жерлер азып-тозып кетті

Ел аумағының төрттен бір бөлігі жа­зық дала, жартысы шөлейт және қал­ған бір бөлігі таулы аймақ десек, соның 80 пайызы ауыл шаруашылығына қолайлы екен. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайы­лым­дары. Бірақ малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылған­дық­тан ауыл жанындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнім­ділігі төмендеп кеткен. Жайылымды жер­лерге қатысты қордаланған мәселені шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң жобасы күшіне енген болатын. Бірақ заң күшіне енгелі бері бұрынғы қордаланған мәселе­лер әлі оң шешім тапқан жоқ.

Бүгінде пай­даланылуға берген жайы­лымды жерлердің 72 пайызы тиімді басқарылмай отыр. Негізі заң аясында елі­міздің 2 548 ауылдық округінің әрқай­сысы өз жерінің табиғи-климаттық ерек­шелігін ескере отырып ауылдық округ және аудандық әкімдіктер­мен, жергілікті өзін-өзі басқару органдары­мен бірлесіп жайы­лымды басқару және оларды пай­далану жөніндегі жоспар жаса­лады. Онда ауыл округінің мал жайылатын жайылым­дарының көлемі анықталады, оның нор­мадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жат­қан жердің иелерін анықтап, сол ар­қылы жайылымдық жерлерді, жайылым пайдаланушылар мен жер иелері арасын­дағы жағдайды реттеп, нормативтік талап­тарға сәйкестігін анық­тауы тиіс.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйы­­мы­ның был­тыр жариялаған зерт­теуінде Қазақстандағы жайылымдардың азып-тозғаны, ауыл халқының кедейлігі және мал өнімділігінің төмендігі климат­тың өзгеруі жайында баяндалады. Соның ішінде шалғайдағы жайылымдарға арам шөп толып, топырақ нәрсіз бола бастағаны ай­тылған.
«Қазақстан жайылым көлемі бойынша әлемде бесінші орын алады. Алайда соңғы жүз жылда 48 млн гектар жер деградацияға ұшырады, оның 38 пайызы – жайылымдық жерлер. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, Ор­талық Азия елдерінде бар түйткілді
мә­се­ле. Негізгі себеп, елдімекен айнала­сын­да шамадан тыс жүктеме қалыптасқан. Жер­ді үздіксіз таптау салдарынан мал жаю­ға арналған орындар деградацияға ұшыраған. Ал шалғай жайылымдарда су көздері мен инфрақұрылымның (жол, көпір, тұрғын үй, байланыс құралдары жә­не т.б.) бол­мауына байланысты қолже­тім­сіз», – делін­ген зерттеуде.

Тұлпардан торайға көп бөлінген субсидиядан қайыр бар ма?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қойдың асылтұқымды ана­лық басына – 4 мың теңге, импортталған асылтұқымды аналық қойларды сатып алуға – 30 мың теңге, асылтұқымды тұ­қым­дық айғыр және асылтұқымды түйе са­тып алуға 100 мың теңге субсидия бері­леді. Ең қызығы, асылтұқымды шошқа са­тып алуға 140 мың теңге қарастырылған.
Статистикалық мәлімет бойынша ауыл халқының басым бөлігі қой шаруа­шылығымен айналысады. Ұсақ малдың етін өңдеп, оны экспортқа шығару оңай шаруа емес екені белгілі. Мысалы, Ба­тыс Қазақстан өңірінде 5,5 мың тонна қой етін өңдеуге қауқарлы зауыт салынған еді. Бүгінде осы кәсіпорынның өндірісін іл­герілету үшін ұсақ мал жетіспейді. Өйт­кені ауылды жерлерде малдың осы түріне берілетін субсидияның көлемі аз бол­ған­дықтан оны өсіруге халықтың ынтасы жоқ.
Ал Ақмола облысында халық 206 мың­нан аса жылқы бағып отыр. Оның 1,6 пайызы ғана – асылтұқымды. Мал тұқымы жылдан-жылға азып барады. Себебі өңірде жылқы тұқымын асылдандыратын бірде-бір шаруашылық жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, субсидия алу үшін бір жылда екі-үш бас асылтұқымды айғыр әкелген адамдар бар. Бірақ облыс көлемін, жылқы санын ес­керсек, екі-үш бастан айтарлықтай нәтиже болмайды. Қазір халықта мал басын асыл­дандырсам деген ұмтылыс жоқ. Жергілікті жұрт жылқыға төленетін субсидиядан үміт үзген. Жылқы мен қойға қарағанда шош­қаға көп бөлінген субсидияның мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрлігі жер­гілікті атқарушы органдарға сілтеп отыр.
Статистика комитетінің деректері бойынша 2020 жылдың басында шошқа 813,3 мың басты құраған. Былтырғы көрсеткіш бойынша Қазақстаннан экспорт­талған шошқа етінің сомасы – 167,3 АҚШ доллары. Импорт көлемі – 557,7 доллар. ЕАЭО елдерінен біздің елге келетін шошқа етінің импорты бір жылда 3,7 есе ұлғайды. Қазақстан нарығын Ресей жаулап алды деп айтуға негіз де жоқ емес. Былтыр жеті айда жалпы салмағы 15,3 тонна болатын құны 142,7 мың доллар шошқа көрші елден келген екен.

KikebaevНәбидолла КИКЕБАЕВ,
Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі:

Барлығы жекеменшікке өтіп, қолдаусыз қалды

− Еліміздегі ғалымдардың басын қосып, селекциялық орталық ашу қажет. Экспорт­қа бағытталған асылтұқымды жылқыларға басымдық беріліп, жем-шөп пен күтіп-бағуға емес, нақты асылдандыру жұмыс­та­рын жүргізуге қаражаттың бөлінуін мін­дет­теп қою керек. Қазір бұрынғы жылқы зауыттары атқарған жұмыстың ыр­ға­ғымен келе жатырмыз. 30 жылда бірде-бір нақты жұмыс атқарылған жоқ. Өйткені барлығы жекеменшікке өтіп, олар қол­даусыз қалды. Мысалы, бұрын жылқы зауыт­­тарында ғалымдар жұмыс істейтін. Олардың алдына үлкен міндет қойылатын. Оның нәтижесі көп күттірмейтін. Бүгінде се­лекционер ғалымдардың алды зейнет жасында. Енді олардың ісін жалғастыратын жастар аз. Жоғары оқу орнын аяқтаған мамандардың өзі бұл салаға көп беттей бер­мейді. Осы сабақтастықтың арасы үзіліп қалса, он жылдан кейін жағдайымыз мүшкіл болатыны күмәнсіз. Субсидияны бөлген кезде, шошқа шаруашылығына ана­лық басына, асылдандыру жұмыстарына белгілі бір сома төленеді. Жылқыға кел­генде, мұндай ақша қарастырылмайды. Егер де жылқы шаруашылығындағы селек­циялық жұмыстарға субсидия беру пәрмені шықса, ғалымдар бұл салаға келе бастайды. Шаруа қожалықтарындағы жұмыс жан­данады. Сөйтіп ғалымдар да көбейеді, жас­тардың да қызығушылығы оянады.

KirilКирилл ПАВЛОВ, тәуелсіз сарапшы:

Барлығын қолдан қиындатып отырмыз

− Елдегі мал басы санының күрт төмен­деуіне бірнеше фактор себеп болып отыр. Оның ішінде жайылымды жерлердің жүйе­ленбеуі, аналық мал басы санының артуы­на жағдай жасамау, ветеринарлық мәсе­лелер өз деңгейінде оң шешім тапқан жоқ. Сал­дарынан жалпы мал шаруашылығы кен­же қалды. Мысалы, әлемдік стандарт бойынша сиыр төлдеу көрсеткіші бойынша біздің нәтижеміз әлдеқайда төмен. Себебі аналық мал басына айтарлықтай көңіл бөле алмай отырмыз. Оның үстіне мал ба­сын жасанды түрде көбейту мәселесі мүл­де ұмыт қалды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асып жатыр. Оны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюд­жеттен 2 трлн 774 млрд теңге қарас­тырыл­ды. Осындай қаншама бағдарлама­лар мен жобалар бар. Меніңше, одан нәти­же шамалы. Мысалы, малмен айна­лысатын кәсіпкерлерді қолдауға түрлі грант­тар беріледі. Бірақ оның өзі жүйе­лен­беген. Мұны сәтсіз бастама дер едім. Дамы­ған е­л­дер­дің тәжірибесінде мемлекеттен берілетін қолдау ретіндегі қаражат шаруа қожалығы иесінің атына ашылған карточ­каға бірден аударылады. Сол арқылы тиісті орган кәсіпкердің қаражатты қалай, қайда жұмсағанын көріп отырады. Ал бізде суб­си­дияны алудан «тозақты жеті рет» айна­лып өткен оңай. Барлығын қолдан қиын­датып отырмыз. Бұған қоса, шаруа қожа­лықтарына несие алу да қиынның қиыны. Қағазбастылық басым. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерде несиені төмен пайызбен ұзақ мерзімге беру жолға қойылған. Бізде екінші деңгейлі банктер шаруаларға несие беруге құлықсыз.

Kekimzhan SARHANOVКәкімжан САРХАНОВ,
Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

189 млн гектар жайылымдық жердің басым бөлігі тастанды жерге айналып барады

− Елімізде мал санының айтар­лық­тай төмендеуі совхоздарды жекешелендіруге байланысты. Мемлекеттік құрлымдар мал-мүлкін, тегін бөліп беру, жаппай жеке шаруашылық құрылымдарын құрады, яғни тиімді меншік иесі тұрғысында, әсіресе мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттырады деген сенім ақталмады. Мұның бірнеше себебі болды, ең бастысы дер кезінде маңызды іс-шараға мемлекет тарапынан дәйекті қолдау, көмек бол­мады. Осыған байланысты басқасын айтпағанда, асылтұқымды мал бастары да азық-түлік нарығы айналымына түсті. Мысалы, кешегі жоспарлы экономика жүйесінде мемлекет мал басын өсіруге қатысты еңбеккерлерге (малшылар, мал мамандары), қажетті әлеуметтік инфра­құрлымдық жағдайдың бәрін жасады емес пе, яғни бақташыларды бақты, ал олар малды бақты деп айтуға болады. Өкінішке қарай, бүгінде саны мен өндіретін өнім көлемі басымдығымен ерекшеленетін орта, шағын ауыл шаруа­шылығы құры­лымы, құнарлылығы төмен ауылдық елді мекендер маңайын­дағы жер­лерде, өзімен-өзі жеке дара қалып отыр. Сонымен қатар ішінара зерттеу жұмыстары соңғы уақытта мал санының азаюымен қоса, өнімділігінің де орта есеппен 30 пайыз­ға дейін төмен­дегенін көрсетіп
отыр.
Бүгінде 189 млн гектар жайылымдық жердің басым бөлігі тастанды жерге айна­лып барады, демек «Шалғай жайылым­дық мал шаруашылығын» дамыту кезек күт­тір­мейтін мәселе деп айтар едім. Бұл ба­ғытта бос жатқан жайлымдық мал шаруа­шы­лығы өндірісіне пайдалануға қажетті әлеуметтік-өндірістік инфрақұры­лымд­ық жүйені қалыптастыру мемлекеттің міндеті болуы керек, яғни, бұл мақсатқа «Мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік» не­гізінде ірі шаруашылық құрылымын құру маңызды. Бұл іс-шара мал шаруа­шы­лығы өнім көлемін арттыруға және мал өні­мі нарығында шынайы бәсекелестік қа­лып­тас­тырады, баға тұрақталады.
Екіншіден, отбасы шаруашылығының тиімділігін арттырудың маңызы зор. Бұл алдымен ауылда жаңа жұмыс ор­нын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауылдан қалаға көші-қон легінің саябырлауына оң ықпал етеді. Бұл үшін ауыл тұрғындары жеке қосалқы, отбасы шаруашылық негізінде ауыл шаруа­шылығы кооперативін құру қажет.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өндірісіне мемлекеттік қолдау ке­рек. Әлемнің қай елінде болмасын, ауыл шаруа­шылығы саласы тиімді тетіктер негізінде, экспорттық өнім көлемін қоса есептегенде мемлекет тарапынан 70 пайыз­ға дейін субсидиялау жүйесі қалып­тасқан. Жасыратыны жоқ, біздің елде жыл сайын мал шаруашылығы саласын субси­диялау көлемі артып, тетіктері жетілдіріл­генмен, өнім өндірушілердің ынтасын, өндіріс тартымдылығын арттыруға, мал өнімдері бағаларының тұрақтануына бә­лен­дей әсер ете алмай келеді. Менің ойым­ша, мал шаруашылығын субсидиялау жүйесі мейлінше (ақшалай емес) қызмет­тер көрсетуге, барлық шаруашылық түрлері үшін қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Осы орайда, мал өнімдері өзіндік құнының басым бөлігін (70 пайыз) мал азығы құны құрайтынын ескерсек, бұл саланы субсидиялау сомасы­ның басым бөлігін мал азығы қорының көлемі мен сапалық көрсеткішін арттыруға бағыттаудың тиімділігі айтпаса да түсі­нікті. Бұл үшін облыс, аудандарда еншілес кәсіпорындары бар, Республикалық ауыл шаруашылығы жерлерін құнарландыру кәсіпорнын құру қажет. Сондай-ақ сырттан асылтұқымды мал сатып алуға субсидия­лық көмек көрсеткенше келісімшарт негізінде шаруашылық құрлымдарында бұл қаражатқа мал тұқымдарын асылдан­дыру, яғни қызмет көрсету жолымен іс-шара­лар атқару отандық құрылымдар үшін де тиімді емес пе!?

Back to top button