Еуропаға бағыт алған «Бөрте»
Еуропаға бағыт алған «Бөрте»
Түрленген Түркістанда халық игіліне берілген мәдени нысанның бірі – Түркістан музыкалық драма театры. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті алыстан көз тартады. Театрда тек қазақ актерлары ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де түркі әлеміне ортақ қойылымдарды сахналай алады.
Театр құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылдың соңында аяқталған. Театр 4 қабаттан тұрады, аумағы – 11 000 шаршы метр. 500 адамдық көрермен залы бар. Ақпан айынан бастап кастинг жарияланып, жаңа театрдың әртістер құрамы жасақталды. Түркістан драма театры сахна саңлақтарының басын қосқан қара шаңыраққа айналды. Жаңа театрда түркі әлеміне ортақ қойылымдар сахналанады. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті өзгеше театрда шетелдік танымал өнер қайраткерлері де өнер көрсетеді. Бұл жерде вестибюльдің, кулуарлардың, фойенің, жинақтау холлдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Театрда көрермендерге және қызметкерлерге шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерге дейін қарастырылған. Театрдың бас директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, 190 адам штаттық режимде жұмыс істей алады. Қазір актерларды жұмысқа қабылдау аяқталған. Олардың қатарында Дубайда, Мәскеуде тәжірибе жинаған режиссерлар мен композиторлар, менеджерлер бар.
Елбасының қатысуымен өткен Түркістан музыкалық драма театрының ашылу салтанатына əзірлеген «Шаңырақ» қойылымының идеясы түбі бір түркі халықтарының бірлігі, ынтымағы, бауырластығына құрылған. Бабалар жолының саралығы, ұрпақ сабақтастығы, өткенін қастерлеп, өркениетке ұмтылған түркі ұрпағының өміршеңдігі қойылымға арқау болған. Бір шаңырақ астындағы түркі халқының тектілігі мен қайсарлығын көрсететін спектакльде дауылпазбен дауылдатқан мінез де, домбырамен дүбірлеткен дала да, сыбызғы үніндей сыр шерткен тарих та астасады. Өткен дəуір, бүгін жəне болашақ тізбектелетін қойылым арқылы түркі халқының даналығын, дүниеге деген түсінік-пайымының тереңдігін, бүгінгі ел келбеті мен болашақ бедерін қысқа уақыт ішінде сахнаның техникалық ерекшеліктерін пайдалана отырып көрерменге жеткізеді. Жаңа театрдың жаңа құрамы, жаңа мүмкіндіктер, заманауи технологияның соңғы жетістіктері сахна қойылымында үйлесім тапқан.
Шығармашылық құрамның дені – 25 жасқа дейінгі жас актерлар. Олар үш жылдың ішінде театр қабырғасында тәрбиеленіп, үлкен сахналарға жолдама алады. Бұл Түркістан музыкалық драма театры эксперименттік бағыттағы тұңғыш театр. Онда жақын арада көрерменге жол тартатын премьера «Бөрте» қойылымына қызу дайындық басталған. Театрдың бүгінгі тынысы мен болашақтағы жоспарын театр басшысы айтып берді.