Еуропаға бағыт алған «Бөрте»

Еуропаға бағыт алған «Бөрте»

Еуропаға бағыт алған «Бөрте»
ашық дереккөзі
Түрленген Түркістанда халық игіліне берілген мәдени нысанның біріТүркістан музыкалық драма театры. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті алыстан көз тартады. Театрда тек қазақ актерлары ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де түркі әлеміне ортақ қойылымдарды сахналай алады. Театр құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылдың соңында аяқталған. Театр 4 қабаттан тұрады, аумағы – 11 000 шаршы метр. 500 адамдық көрермен залы бар. Ақпан айынан  бастап кастинг жарияланып, жаңа театрдың әртістер құрамы жасақталды. Түркістан драма театры сахна саңлақтарының басын қосқан қара шаңыраққа айналды. Жаңа театрда  түркі әлеміне ортақ қойылымдар сахналанады. Композициялық көрінісі мен  сәулеттік келбеті өзгеше театрда шетелдік танымал өнер қайраткерлері де өнер көрсетеді. Бұл жерде вестибюльдің, кулуарлардың, фойенің, жинақтау холлдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Театрда көрермендерге және қызметкерлерге шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерге дейін қарастырылған. Театрдың бас директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, 190 адам штаттық режимде жұмыс істей алады. Қазір  актерларды жұмысқа қабылдау аяқталған.  Олардың қатарында Дубайда, Мәскеуде тәжірибе жинаған режиссерлар мен композиторлар, менеджерлер бар. Елбасының қатысуымен өткен Түркістан музыкалық драма театрының ашылу салтанатына əзірлеген «Шаңырақ» қойылымының идеясы түбі бір түркі халықтарының бірлігі, ынтымағы, бауырластығына құрылған. Бабалар жолының саралығы, ұрпақ сабақтастығы, өткенін қастерлеп, өркениетке ұмтылған түркі ұрпағының өміршеңдігі қойылымға арқау болған. Бір шаңырақ астындағы түркі халқының тектілігі мен қайсарлығын көрсететін спектакльде дауылпазбен дауылдатқан мінез де, домбырамен дүбірлеткен дала да, сыбызғы үніндей сыр шерткен тарих та астасады. Өткен дəуір, бүгін жəне болашақ тізбектелетін қойылым арқылы түркі халқының даналығын, дүниеге деген түсінік-пайымының тереңдігін, бүгінгі ел келбеті мен болашақ бедерін қысқа уақыт ішінде сахнаның техникалық ерекшеліктерін пайдалана отырып көрерменге жеткізеді. Жаңа театрдың жаңа құрамы, жаңа мүмкіндіктер, заманауи технологияның соңғы жетістіктері сахна қойылымында үйлесім тапқан. Шығармашылық құрамның дені – 25 жасқа дейінгі жас актерлар. Олар үш жылдың ішінде театр қабырғасында тәрбиеленіп, үлкен сахналарға жолдама алады. Бұл Түркістан музыкалық драма театры эксперименттік бағыттағы тұңғыш театр. Онда жақын арада көрерменге жол тартатын премьера «Бөрте» қойылымына қызу дайындық басталған. Театрдың бүгінгі тынысы мен болашақтағы жоспарын театр басшысы айтып берді.    width=  Айнұр КӨПБАСАРОВА, Түркістан музыкалық драма театрының директоры:

Елімізде заманауи театр декорациясының тілін білетін маман тапшы

– Түркістан – тарихы терең, көне шаһар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында жаңа театр жаңа маусым шымылдығын түрмек. Ауыз толтырып айтатын басты жаңалықты бөлісіп кетейін. Дулат Исабековтің су жаңа, сиясы кеппеген «Бөрте» пьесасы алғаш рет Түркістан драма театрында сахналанады. Толық пьеса туралы әңгіме барысында айтып берейін. Жалпы театр 511 орындық көрерменге арналған. Басқа театрлардан ерекшелігі көп. Кеше ғана жоғары оқу орнын бітірген, 20-ға жуық жас маман жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақ хореография академиясының әртістері, ресейлік балетмейстр Агриппина Ваганованың балет мектебі, А.Селезнев хореография училищесінің және шетелдік балетмейстрлер де театр сахнасында өнер көрсететін болады. Одан кейін еліміздегі ең мықты әрі талантты актерларды да театр сахнасынан көре аласыздар. Олар келісімшарт арқылы жұмыс істейді. Ең алғашқы эксперимент ретінде «Бөрте» қойылымына шетелде тұратын әртістерді де шақырттық. Австрияның Вена қаласынан Түркістанға қоныс аударған талантты актрисамыз Айя Шәріп «Бөрте» рөліне бекітілді. Театрда тұрақты жұмыс істеп, түрлі қойылымдарда өнер көрсететін болады. Осы қойылымдағы кейіпкерлерді сомдауға М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртістері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың әртістері, Б.Римова атындағы Талдықорған театры мен Қостанай театрының әртістерін арнайы шақырып, рөлге бекіттік. Жалпы айтқанда «Бөрте» спектаклі еліміздегі 10 театрдың әртістерінің басын қосатын қойылым болмақ. Бөрте ханым – дүниежүзі тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғысханның  қоңырат тайпасынан алған алғашқы әйелі. Бөртеге арналған тұңғыш шығарманың  қазақ сахнасында қойылуы да «тұңғыш»  екенін атап айту керек. Қойылым 10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде Темучин алауыздық жайлаған моңғол тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Шыңғыс қаған атанады. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған атақты «Калқа өзені бойындағы шайқасқа» дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп-артылатын қайсар әйелдің ғұмыры баяндалады. «Бөрте» спектаклін қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливермор шақырылды. Режиссер – Карло Сиаккалуга, сценограф – Анна Варальдо,  координатор – Алиса Ферранти. Тарихи спектакльдің  ғылыми кеңесшісі, тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев. Айя Шәріп, Ақбота Қаймақбаева, Нүркен Өтеуілов, Еркебұлан Дайыров, Лейло Бекназар-Ханинга, Әділ Ахметов бастаған талантты әртістер қойылымда өнер көрсетпек. Декорация шынайылығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындауымен  ерекшеленеді.  Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев спектакльге арнап эксклюзивті музыка жазды. Ол кісі де Астана опера театрынан Түркістанға ауысып келді. Болашақта театр жанынан түрлі спектакль мен отандық фильмдерге саундтрек жазатын үлкен музыкалық студия ашылайын деп жатыр. Театр әртістерінің киімін тігу белгілі дизайнер Айжан Абдубаитке жүктелді. Театрдағы көп сыналатын дүниенің бірі – декорация жағы. Қазақстандағы жас декорация сала мамандары заманауи технологиямен сахнаны жабдықтап жатыр. Шетелдік мамандармен бірлесіп, декорация жағы да басқа театрлардан ерекше болады. Заманауи технологиялармен жабдықталуға кез келген театрдың күші жетеді. Десек те, технологияны іске қосу үшін оның тілін білетін мамандар керек. Елімізде декорация саласының кәсіби мамандары тапшы екенін айтпай кетуге болмас. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы шақырумен еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелде тәжірибе алмасып келген жас мамандарға қолқа салып отырмыз. Одан кейін театрдың тағы бір ерекшелігі – афиша. Бұрын өзіміз көріп жүргендей афиша плакатқа салынып, коллаж суреттермен бейнеленетін. Бұл аса бір қатты көңіл бөлетін шаруа болмайтын. Түркістан театры қойылымдарының арнайы афишасын суретші мамандар эксклюзив  нұсқада салатын болады. Мысалы, «Бөртенің» афишасын  отандық иллюстратор-дизайнер Ассоль Сасқа тапсырыс бердік. Театрдың ашылғанына үш ай болса да, қарқыны мықты. Пандемия жағдайына қарамастан қызу жұмыс жүріп жатыр. Жаңа репертуарлар жарық көреді. Алматы, Мәскеу, Нұр-Сұлтан қалаларында аншлагпен көрермен жинаған «Фариза» қойылымы да сахналанбақ. Жыл соңына дейін төрт премьера өткізу ойда бар. Оның атын айтып, түсін түстеп қойсам, көрерменге қызық болмай қалатыны анық. Сондықтан, театрда жүздесейік!