30 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?

30 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?

30 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады. 1996 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Білім» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды. 2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің қатысуымен Балқаш көлінің мәселелеріне бағытталған халықаралық экологиялық форум болып өтті. Форумға Қытайдың, Қырғызстанның белгілі ғалымдары, экологтары, мамандары, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімшіліктері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығы 400-ден астам делегат қатысты. Форумның мақсаты - Балқаш көлінің мәселелеріне әлемдік қоғам назарын аудару, бірлескен іс-әрекеттің кешенді бағдарламасын құрастыруға Қазақстанның қоғамдық, үкіметтік және бизнес ұйымдарының қызығушылығын біріктіру, сонымен қатар Балқаш көлі бассейнінің барлық аумағындағы экологиялық және экономикалық ынтымақтастық аймағын құрастыру. 2010 жылы Түркияда қазақстандық ауыр атлет Майя Манеза 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рекорд орнатып (143 келі), әлемнің екі дүркін чемпионы (2009 және 2010 жылдар) атанды. 2011 жылы Ақтауда қала күніне орай Ынтымақ орталық алаңында Құрманғазы Сағырбайұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ат мінген күйшінің мүсіні таза қоладан жасалған екен. Тұғырымен қоса есептегенде, ескерткіштің жалпы биіктігі 11,7 метрді құрайды. Ескерткіштің авторы - танымал мүсінші Көшер Байғазиев. Ынтымақ алаңына толық жөндеу жұмыстарын қоса алғанда, ескерткішті дайындау және орнату үшін 146 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. 2013 жылы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен Испанияның «EFE» халықаралық ақпарат агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстандық тараптан меморандумға «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігінің директоры Дәурен Дияров, испан жағынан - «ЕҒЕ» басқарушы директоры Игнасио Санз қол қойды. «ЕҒЕ» - Associated Press, United Press International, Thomson Reuters және Agence France-Presse сияқты агенттіктермен қатар халықаралық ақпарат агенттіктерінің «үлкен бестігіне» кіретін испан тіліндегі әлемдегі жетекші ақпараттық-жаңалықтар агенттігі. Агенттіктің өз жаһандық тілшілер желісі бар, онда оқиғаларды әлемнің 120 елінен тәулік бойы жариялауға мүмкіндік беретін 3000-нан астам мамандар жұмыс істейді. 2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келген Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Мариано Рахоймен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан-Испания стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Экономика, инвестиция, көлік, өнеркәсіп, жаңартылатын энергетика, мәдениет салаларындағы және өзге де бағыттардағы ынтымақтастыққа кездесуде ерекше назар аударылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі қонаққа Қазақстанда әскери тұтқында болған 152 испандық туралы мұрағат құжаттарын табыс етті. 2014 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ватикан мұрағатынан табылған туындылардың фотокөрмесі ашылды. Ватикан мұрағатынан Қазақстан тарихына қатысты баға жетпес деректер табылды. Құнды жәдігерлерді Италия елінің Рим қаласына барған ғылыми зерттеу тобы анықтады. Зерттеу жұмыстары Ватикан мемлекетінің мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген. Екінші зерттеу тобының құрамында Колумбия университетінің тарих ғылымдарының профессоры Рафис Абазов пен "Қазақстан тарихы мен әлеуметтік ғылымдар" кафедрасының оқытушысы Кармине Барбаро болды. Тарихшы профессор Рафис Абазовтың айтуынша, зерттеу барысында Ватиканның құпия мұрағатынан қазіргі Қазақстан территориясы бедерленген 6 бірегей карта мен 13-15 ғасырларда Рим папасының түрік қағанына жазған хаты табылған. Карта 1684 жылы жасалған. 2014 жылы Қазақстан және Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Еуразия» бірлескен жобасын іске қосты. Қос мемлекет басшылары кілт белгінің көмегімен жобаны іске қосты. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін Каспий ойпаты аумағында 7-9 шақырым тереңдікте жатқан көмірсутегі қорын өндіруге мүмкіндік тумақ. Геологтар «Қазақстандағы көмірсутегі қорының 80 пайызға жуығы осы аймақта шоғырланған» деген болжам жасап отыр. 2014 жылы Түркістан қаласында ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-­түрік университетінің президенті Уәлихан Әбдібеков екі құрылым арасындағы түсіністік меморандумына қол қойды. Аталған құжатқа сай, екі тарап түркі ынтымақтастық құрылымдарының алдында тұрған ортақ мақсат­-мүдделердің діттеген межеден шығуы үшін бірлесе әрекеттесуге келісті. 2015 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп «Абай әлемі» көрмесін өткізді. Бұл көрмеде ҚР ҰММ қорында сақталған А. Құнанбаевтың қолжазбалары, кітаптары, басылымдары көрсетілді. 2015 жылы Google-дің белгілі видеоплатформа нұсқасы - YouTube-тің қазақстандық нұсқасы іске қосылды. Ол қазақстандық интернет пайдаланушыларға youtube.kz доменінде араласуға, видеомен бөлісуге мүмкіндік береді. 2015 жылы Қазақстан астанасында жыл сайынғы MEDIA EXPO 2015 IV республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесі ашылды. 1882 жылы америкалық Эпплтон (Висконсин штаты) қалашығында Фокс өзенінде әлемдегі алғашқы гидроэлектр стансасы іске қосылды. Динамо-машина қуаты 12,5 кВт.