Жаңалықтар

Ағасының мәйітін 7 ай қорада жасырған атыраулық мұғалім не үшін мұндай қадамға барғанын айтты

Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты, Таңдай ауылында тұратын биология-химия пәнінің мұғалімі ағасының мәйітін 7 ай бойы қорасында жасырып келген. Мұғалімді ауылдастары мектептен шығаруды талап етіп отыр. Ал Аида Ақберліқызының өзі КТК арнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сұхбат берді.

Сұхбатты stan.kz порталы жариялаған.

Күдіктінің 34 жыл бойы іргелес тұрған көршісі үйдің ауласынан өткен жылдың мамыр айынан бастап жағымсыз иіс шыққанын айтады. Алайда ол мәйіттің иісі болуы мүмкін деген ой Салтанат Рамазанованың үш ұйықтаса, түсіне кірмеген.

«34 жыл көрші болдым, ашу-аразым жоқ. Бірақ мынадай әрекеттеріне наразымын. Қыстан бастап ол кісі ауырды. Дәретханаға әзер барып жүрді, көрдім. Көктемде ол кісі жоқ. Мамыр-маусым-шілде айларында үйден жаман иіс шықты. Адам өлді деп ойлаған жоқпын, мал ма бірдеңе өлді деп ойладым. Өзімнің ағайындарым келгенде «өліктің иісі» деді. Мұрнымызды, көмекейімізді бітеді. Ұйықтай алмадық. Маусым айында келін алдық. Күн ыстық қой. Балаларыма базардан барып, клей алып келіңдер, дедім. Екі үйдің арасын бітеді. Содан кейін сырттан, фундаменттен иіс шығып, көк шыбын жүргізбеді», – деді ол.

Туысы Нұргүл Абдуллованың айтуынша, марқұм астма ауруымен ауырған. Сөзіне қарағанда, Аида Ақберліқызы өткен жылдың наурыз айынан бастап қисынға келмейтін әңгімелер айта бастаған. 82 жастағы қарияны біресе қарттар үйіне, біресе жалдамалы күтушіге бердім, деп алдаған.

«Ақпан айында ауырып жатыр деп естідік. Астматик болатын. Шамамен наурыз айында «үйімді жөндеймін, біреуге ақшасын беріп, қалада бақтырып жатырмын» – деді.

Барып көрейік дегенде, адресін айтпады. Күдіктендік. Біресе Қызылордаға, біресе қарттар үйіне апарып тастадым, деп әртүрлі нәрсе айта бастады.

Тамыз айында бардық. Үйден иісті сездік. Есік алдында верандада ол кісінің төсегі, ноутбугы тұрды. Бірақ арғы жағына кіргізген жоқ. Шай ішетін ас үйге ғана кіргізді.

Иісті сезіп, күйеуім сыртқа шыққаннан кейін күдіктеніп: «Бұл нағашымды өлтіріп, арғы бөлмеге тығып тастаған», деді. Біз оны полицияға айта алмадық, өйткені ондайға қимадық», – дейді Нұргүл Абдуллова.

Нұргүлдің сөзіне қарағанда, қария мен қарындасының қарым-қатынасы онша жақсы болмаған. «Атам екеуі күнде қырылатын», – деп еске алды ол.

Тергеу нәтижесі бойынша, Аида Ақберліқызының кінәсі дәлелденбеген. Ал Сағынғали Ақберлиев өз өлімімен өлді, деген қорытынды шыққан.

«Айта алмадым. Қимадым ба, білмеймін. Қаңтардың 19-20 күні айттым. Өзімнің қолымнан істеген соң, бәрібір менен көреді ғой. Мен істесем де, басқа біреу істесе де, менен көреді ғой деген ойда болдым. Облыстық ДП-ға барып, өзім мойындадым», – деді Аида Ақберліқызы «Астарлы ақиқат» бағдарламасына берген сұхбатында.

 

Back to top button