Nur Otan

Кедергісіз ортаны қалыптастыру – мамандар назарында

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалының қоғамдық қабылдауында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдауға арналған «Бірыңғай қабылдау күні» өтті.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар өздерін қызықтырған сұрақтарға толық ақпарат алу үшін кездесуге облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Департаментінің, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, туризм, дене шынықтыру және спорт, білім басқармасының және  қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары шақырылды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша деректер базасында 24 272 мүгедек тіркелген, олар облыс халқының жалпы санының 3,7% – ын құрайды, оның ішінде 2 801 бала. Қабылдауға мүгедектерге арналған қосымша үйірмелер, Даун синдромы бар балаларға арналған үйірмелер ашу, мүгедек балаларды мектеп асханаларында ыстық тамақпен қамтамасыз ету, МҚП (митральды қақпақшаның пролапсы) қорытындысымен Даун синдромы бар баланы жалпы білім беретін мектептерде оқыту мүмкіндігі, Әлеуметтік қорғау желісі бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету, санаторийлерге, емдеу-сауықтыру кешендеріне жолдама беру, мүгедектікке қажетті құжаттардың тізімі, әлеуметтік төлемдердің тағайындалуы, ОЖБ анықтамасын алу үшін құжаттардың тізімі, І топтағы мүгедектер үшін әлеуметтік төлемдердің түрлері, оларды азық-түлік себеттерін алу үшін тізімге тіркеу, мүгедектерді жұмыспен қамту, «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіп ашу, мүгедектерге арналған бір реттік төлем алу жолдары, оңалту бағдарламасын тағайындау үшін қай мекемеге жазылу керек секілді сұрақтар көтерілді.

Қабылдау барысында медициналық – әлеуметтік сараптама жүргізу ережелері, Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері, мүгедектікті анықтау мәселесі, мүгедектік тобын қандай диагноз арқылы тағайындалатындығы жөнінде сұрақтар көтерілген. Біріншіден, мұндай азаматтар емдеу мекемелеріне жүгінуі керек, содан кейін диагностикалық, емдік, реабелитациялық шаралар жүргізілуі керек. Егер науқаста өмірді шектеудің тұрақты қайтымсыз процесі болса, онда көрсеткіштерге сәйкес 031 анықтамасын толтыру қажет. Жолдамамен және жеке басын куәландыратын құжаттармен бірге медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгініп, онда мүгедектікті және мүгедектіктің себебі мен мерзімін белгілеу бойынша сараптамалық қорытынды шығарылады. Бүгінгі таңда қағазбастылыққа жол бермей, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіп жатырғандықтан, тек ең маңызды деген құжаттарды қабылдаймыз. Бұл жеке куәлік және негізгі құжат – МӘС – ке жолдама, – деп түсіндіреді, БҚО бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Департаменті басшысының орынбасары Мұқанова Ардақ Ізімқызы.

Гүлзада Құрманалиева «Бірыңғай қабылдау күні» туралы әлеуметтік желілерден біліп, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ әлеуметтік қорғау басқармаларына толғандырған мәселесін айтып, бір көмек болар деген үмітпен келді.

– Мүгедектікке дейін мен ауыр атлетикамен айналыстым, ал қазір денсаулығыма байланысты бұл мүмкін емес. Әзірге мен тек дойбы ойнай алатындықтан, үйірмесіне жазылдым. Мүгедектерді жұмыспен қамту туралы білдім. Екі күрделі операция болғандықтан, омыртқаға импланттар орнатылды және бұл жағдай әдеттегі стандартты арбаларда қозғалуға мүмкіндік бермейді, сондықтан мен әмбебап немесе жаңа үлгідегі мүгедектерге арналған арба сұрадым. Менің өтініштерім жазылып, ертең қайта қоңырау шалуға уәде берді. Әрі қарай қалай әрекет ету керектігін түсіндіретіндігін айтты мамандар, – деді Гүлзада Хамидоллақызы.

Айта кетсек, облыстық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жыл басынан бері 188  мүмкіндігі шектеулі азамат  қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, кеңес, қажетті көмектерін алды. Бұл санаттағы азаматтарды әсіресе әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру бағытындағы сұрақтар толғандыратыны анықталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Back to top button