Ауыр атлетитка федерациясы Альберт Линдердің өлімінен кейін тексеріс басталғанын мәлімдеді

ҚР Ауыр атлетитка федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов Vesti.kz сайтына берген сұхбатында 17 қыркүйек күні өзіне қол жұмсаған 25 жастағы спортшы Альберт Линдердің өлімінен кейін тексеріс жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол тексеріс кезінде ұлттық құрамадағы бапкерлердің жұмысына наразылық білдірген бір топ атлеттің де пікірі де ескерілетінін айтты.

Белгілі болғандай, арнайы құрылған комиссияға мүше мамандардың қатарында ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы Светлана  Подобедова да бар.

Алдияр Нұралиновтың айтуынша, федерация спортпен қош айтысқан атлеттердің жұмысқа тұру мәселесімен айналыспауы керек әрі ондай мүмкіндік те жоқ. Ол федерацияның міндеті елдегі спортты дамыту, ұлттық құраманың жаттығу процесін ұйымдастыру және командаға қолдау көрсету, Халықаралық және азиялық федерацияларда ел мүддесін қорғау екенін атап өтті.

«Қазір көптеген атлет жаттықпай, еш нәтиже көрсетпей жүріп-ақ, кезінде көрсеткен жақсы көрсеткіштері үшін өмір бойы жалақы алып тұру керек деп ойлайды. Бірақ бұл – ағат пікір.

Әлбетте, олар өмірін спорт саласын дамыту ісіне сарп етті, жақсы нәтиже көрсетті, медаль жеңіп алды… Осы еңбегі үшін оларға мемлекет, соның ішінде облыстық басқармалар мен демеушілер әлем бойынша ең қомақты саналатын сыйақы беріп, пәтер мен автокөлік кілтін табыстайды», – дейді А.Нұралинов.

Сондай-ақ, ол атлеттердің көбі жасқаншақ, томағай тұйық мінезіне бола психологиялық көмекке жүгінуге әзір емес екенін айтады.

«Одан бөлек, психологқа психологиялық ауытқулары бар адамдар ғана барады деген соқыр сенім тағы бар. Мысалы, біз 2018-2019 жылдары психолог маман жалдадық, ол командамен бірге жарыстар мен жаттығу жиындарына барып жүрді. Бірақ, өкінішке қарай, көпшілік бұл мүмкіндікті пайдаланбады, десек те біраз спортшыға оның көмегі тиді»– дейді федерация өкілі.

Сонымен қатар, Алдияр Нұралинов спортпен қош айтысқан спортшының басқа ортаға бейімделуі атлеттің өзіне байланысты екенін айтады.

«Олардың үйреншікті өмір салты ауысады, ортасы да ауысады. Алайда, бұған қарамастан басқарушылық қызмет атқарып, тіпті басқа салаларда табысты жұмыс істеп жүргендер де баршылық: Илья Ильин – Қызылордадағы «Мұз айдыны» мұз сарайының директоры, Светлана Подобедова фитнес орталығында жаттықтырушы, қазір ол ана атанып, ұл тәрбиелеп отыр.  Рүстем Сыбай да үйленді, Қызылордадағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істейді. Айдар Қазовты ауыр ауыр атлетикадан олимпиадалық даярлау орталығына жұмыс істеуге бірнеше мәрте шақырғанын білемін. Ал Александр Зайчиков Олимпиададан кейін ауыл шаруашылық саласында жеке кәсіппен айналысуда, дейді А. Нұралинов.

 

Back to top button