Жаңалықтар

Қазақстанда бала саудалау қалыпты жағдай сияқты

ашық дереккөзі

Қазақстанда бала саудалау қалыпты жағдай сияқты

Елімізде баласын тауарға айналдырған ата-аналар саны азаяр емес. Таяуда астанада нәрестесін автокөлікке айырбастамақ болғандар ұсталды. Отбасылық жұп бұған әлеуметтік жағдайының төмендігінен барған-мыс. Ақша азайса болды, бала сату қайдан шықты? Отбасы құндылығын жоғалтқан шаңырақтың болашағы бар ма?

ҚАТЫГЕЗДЕР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Ата-бабаларымыз «ұл өсірсең – азаматты тәрбиелерсің, қыз өсірсең – ұлтты тәрбиелерсің» деп марқайып, әр сәбиге болашағың мен тірегің деп қуана қарағаны белгілі. Алайда бабаларымыз қазіргі заманда сәбидің ақшаға сатылатын затқа немесе лақтырып тастайтын қоқысқа айналғанына сенер ме екен? Бұл масқара жағдай еліміздегі отбасы институтының, жалпы қоғамның құлдырауға ұшырағанын байқатады. Апта басында 25 жастағы әйел мен 29 жастағы ер адам жаңа туылған сәбиін Toyota Camry автокөлігіне айырбастамақ болғаны анықталды. Екеуі де Өзбекстанда туып-өскен екен. «27 қаңтарда салмағы 3,8 келі, дені сау ұл бала туылған, оны ата-анасы автокөлікке айырбастамақшы болды. 29 қаңтарда автокөлікке нотариус арқылы сенімхат жаздырып алып, оны жаңа туылған балаға айырбастағалы жатқан кезде ерлі-зайыпты ұсталды», –делінген Астана қалалық ішкі істер департаменті хабарламасында. Баланың анасы жұмыссыз, әкесі қаладағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтіні белгілі. Олар бұл әрекетке әлеуметтік жағдайының төмендігінен барғанын алға тартқан. Нәресте қазір ауруханада жатыр. Ал бала сатпақ болған ерлі-зайыптылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қылмыстық кодекстің 135-бабының 2-бөлігі – «Кәмелетке толмағандарды саудалау» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Осы сынды қатыгездік жағдайлар еліміздің көптеген аймағында орын алуда. Мысалы, өткен жылдың соңында Алматы облысы, Іле ауданында 27 жасар келіншек баласын 180 мың теңгеге сатқаны белгілі болған. Полицейлердің сөзінше, әйел босанғалы бері өз сәбиіне ата-ана іздеген. Сатып алушы да тез табылған. Жас ана қаражат алу кезінде ұсталып, бар кінәсін мойындап, материалдық жағдайын жақсартқысы келгенін айтқан. «Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының жаңа талаптарына сәйкес, бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелді. Күдіктіден жауап алынды. Оның айтуынша, бұған дейін ол екі бала босанып, оларды перзентханада тастап кеткен. Бұның рас-өтірігі тергеуден кейін анықталады», – деді тәртіп сақшылары.

Сорақылықтың көкесі қараша айында Қарағандыда болған еді. Жергілікті базарда сәбиін 500 теңгеге аукционға қойған әйел қолға түсті. 1984 жылы туған безбүйрек ана мас күйінде ұсталды. Танысымен ащы суды сіміріп отырған азаматша көңілді отырысын одан ары қарай жалғастыру үшін баласын сатуды ұйғарған. Алайда кейін қызын сатпақ болғанын мойындамады. Дегенмен араққа әуес ананың қызына қандай тәрбие бере алмақ. Ал сәбидің болашағы бұлыңғыр болатыны бүгіннен мәлім екені көңілге қаяу түсіреді.

Қылмысқа анасы мен қызы қатар араласып, бірге сауда жасайтын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, 2014 жылы Ақтөбеде шешесі мен қызы жаңа туған сәбиді сатып жібермек болған. 48 жастағы әйел мен оның 24-тегі қызы бала тумай тұрып, сатушыларды іздестірген. Әжесі сәби үшін екі бөлмелі пәтердің құнын сұраған. Тиісті сатып алушыны тауып, 1,6 млн. теңгені алуға келген кезде тәртіп сақшыларының құрығына ілікті. «Алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, кәмелетке толмағандарды сату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда бала сәбилер үйіне орналастырылды.

Туған баласынан құтылудың жолын іздеген аналардың қитұрқылығында шек жоқ. Өткен жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында бір әйел сәбиін пакетке салып, көшедегі дәретханаға тастап кеткен. Кейін нәрестені жергілікті тұрғындардың бірі тауып алған. Көп ұзамай баланы еш жерде жұмыс істемейтін 33 жастағы әйелдің өз үйінің сарайында босанғаны анықталды. Баладан құтылудың амалын іздеп, дәретханаға тастауға бел байлаған. Еске сала кетейік, дәл осындай оқиға Көкшетауда да болған еді. Полицейлер 1993 жылғы қыздың дәретханада босанғаннан кейін сәбиін полиэтилен пакетке орап, бақшаға тастағанын анықтаған. Ал Алматыда зейнеткер әйел тастанды сәбиді ауладағы қоқыстан тауып алды. Баланың жылаған дауысын кездейсоқ естіп қалған екен. Өлім аузында жатқан сәби кейіннен емханаға жатқызылды. Егде жастағы әйел ендігі таңда ұлы мен келінін жаңа туған баланы асырап алуға көндіріп отыр.

Бала сатуды бизнеске айнал­дыр­ғандар азаймай отырғаны алаңдатады. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Күркелес ауылында көп балалы ана мен медбике бала сатумен айналысқаны үшін қамауға алынды. 27 жастағы әйел өз балаларын сауда­лауды ауылдық фельдшерлік-акушерлік емханада істейтін мейір­би­кенің көмегі арқылы жүзеге асырған. Басында баспанасы жоқ, жұмыссыз әйел бірнеше жылдан бері өзінің балаларын түрлі адамдарға сатқан. «Осылайша ол жеті жасар қызын 30 мың теңгеге, төрт және бес жасар екі баласын 30 бен 40 мың теңгеге, сонымен бірге екі жасар қызын 120 мың теңгеге сатып жіберген. Үлкен қызын сатып алған әйел арада көп уақыт өтпей баласын қайтарып берген», – делінген тергеу құжаттарында. Бұған дейін сатылған екі баланың бірі тағы да анасына қайтарылған. Бірақ бір таңданарлығы, әйел оны акушермен бірге екінші рет сатып жіберіп, 60 мың теңге пайда тапқан. Қазіргі таңда бір сәби атасы мен әжесінің қолында, тағы бір баласы балалар үйінде тәрбиеленуде. Ал қалған екі баласының тағдыры белгісіз. Ішкі істер органдары оларды іздестіруін жалғастыруда.

Ақ халаттылардың қатысуымен болған тағы бір атышулы іс Жамбыл облысында тіркелді. Жеке медициналық орталықтың басшысы Раушан Арынғазина кәмелетке толмағандарды саудалау, құжаттарды қолдан жасау, құзіреттілігін асыра пайдалану фактілері бойынша 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Сот кезінде бала сатудың 12 жағдайы дәлелденген. Бұл қылмысқа көмектескен екі акушер-гинеколог бес жылға қамалды. Бұл сәбилерді Жамбыл облысынан бөлек Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарына саудалап отырған.

ЗАҢ ДА СӘБИ САУДАСЫНА ИТЕРМЕЛЕП ОТЫР

Бас прокурор Асхат Дауылбаев биылғы есебінде 2014 жылы елдегі қылмыстық ахуалдың біршама жақсара түскенін мәлімдеген болатын. Айтуынша, қылмыстылық 5,2 пайызға, яғни, 359 мыңнан 341 мыңға дейін азайған. Алайда кәмелетке толмағандарды саудалау азаймай тұр. Өткен жылы балаларды сату бойынша тіркелген фактілердің артқанын Дауылбаевтың өзі мойындады. «Асырап алудың 17 пайызға азаюының аясында кәмелеттік жасқа толмағандарды сату бойынша тіркелген фактілердің саны 2-ден 25-ке дейін артып отыр. Оның алтауы потенциалды асырап алушылардың жаңа туған нәрестелерді сатып алуымен байланысты болды. Мұндай қадамға баруға оларды заңды асырап алу тәртібінің қиындығы мен көптеген әкімшілік кедергілер, балалар туралы бірыңғай мәліметтер базасының жоқтығы мәжбүрлеген. Салдарынан бұл азаматтар өздері қалаған баланы асырап алу мүмкіндігінен айрылды», – деді. Прокуратураның 2014 жылғы қазан айындағы мәліметтері бойынша Қазақстанда адам саудасындағы әрбір тоғызыншы қылмыстық іс балаларды жезөкшелікке тартумен және кәмелетке толмағандарды сатумен байланысты. Соның ішінде өткен жылдың 10 айында бала сатудың 17 фактісі тіркелген. «Елімізде негізінен әлеуметтік осал топ өкілдері, мысалға, облыс орталықтарына, ірі қалаларға күнкөріс үшін ақша табу мақсатымен келген адамдар, тұрмысы нашар отбасылардан шыққан жасөспірімдер, тұрғылықты мекенжайлары жоқ жандар адам саудасының құрбанына айналып жатады», –делінген хабарламада. Елімізде асырап алу процедурасының қиындығы талай рет көрсетілген. Алайда қанша айтылса да, бұл іс жеңілдеген жоқ. Әлі де 45 мыңға жуық бала балалар үйінде. Ендеше мемлекет бір жағынан, бала саудасының дамуына қолайлы орта жасап отыр деген сөз. Кей жағдайларда арсыз шенеуніктердің де бейнесі елес беретін сияқты. Оған дәлел әлемнің әр қиырынан табылады. Мысалы, өткен жылы Испанияда жарты ғасыр бойы бала сатумен айналысқан ірі қылмыстық желі анықталды. Оның құрамында католиктік аурухананың дәрігерлері, медбикелері, шіркеу қызметкерлері мен шенеуніктер болған. Олар елу жыл ішінде 300 мыңға жуық сәбиді сатқан. Қылмыскерлер балалардың аналарына сәбилерінің қайтыс болғанын айтып, ал қолдан жасалған құжаттары арқылы басқа ата-аналарға сатып отырған.

КІМ КІНӘЛІ?

Тастандылардың көп болуы­ның басты себебі, бұл – отбасы институтының құлдырауы, отбасылық құндылықтың жоғалуы, қоғамның деградациясы. Халқымыздың тарихында бала сүю бақыты бұйырмағандарға өз сәбиін беретін жағдайлар болды. Ұрпағы жоқ бейбақтар «Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып» Жаратқаннан бір бала сұрайтын. Баланы басқаға беру ата-ананың келісімімен жүзеге асырылатын, бөтен адамдарға берілмейтін. Кейіннен балаға, неліктен олай болғаны жөнінде жай-жапсарына дейін айтылатын. Алайда бір қой үшін немесе бір қап алтын үшін баласын сатқан арсыздар туралы естімеппіз. Психологтар бала сатуға бару, өз сәбиінен бас тарту жағдайлары адамның кішкентай кезіндегі тәрбиесімен байланысты дейді. Себебі жастайынан өз ата-анасынан немқұрайлықты көріп өскендер, кейіннен бұл тәрбиенің ізін өзі қайталайды. Демек, ол да өз баласына осындай қарым-қатынаста болады. Сондықтан, баланы туғанда оның жағдайына алаңдамау, саудалау, оны тастап кетуді қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Екіншіден, бұндайға баратындар ұлттық тәрбиеден жұрдай, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін ұмытқан жандар. Ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрін жадында ұстайтындар баланы саудалауға ешқашан бармайды.

Үшіншіден, бұл қоғамға қауіпті адамдар. Олар өте қатыгез, қылмыскер адамдар. Себебі, ішінен шыққан жанды ақшаға сату немесе дәретхана-қоқысқа, өлім аузына тастап кетуге кез келген адам бара алмайды. Нағыз тасжүректердің ғана қолынан келер іс. Мәселен, Ресейдің Астрахан облысында әйелімен айырылысып, баласынан айырылған еркек кек алу үшін ғаламторға 1 жас 8 айдағы баласын 800 мың рубльге сататыны туралы хабарлама таратқан. Тіпті, органдары бойынша бөлшектеп сатуға даяр екенін айтқан. Демек, бұл адамдар өзінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруды ғана басты міндет санайды.

Төртіншіден, қазақ отбасылары­ның тәрбиелеу әдісі қазіргі заман талаптарына сай емес. Олай болуына Кеңес Одағындағы тыйым салулар, кінәліні іздеу сынды үрдістер ықпал етті. Егер некесіз бала туылса, онда ата-ана қызының баласынан құтылуды емес, өздерінің кезінде дұрыс тәлім бермегенін ойлауы керек. Көп отбасылар балаларына қиын жағдайларды қалай жеңуді үйретпейді. Сондай-ақ, бұрынғыдай шаңырақтың ұйытқысы болатын, өнеге беретін ата-әже, әке мен шеше жетіспейді. Абай мен Шоқан заманындағы Зере мен Айғаным әжелерді кез келген қазақ отбасынан таба алмайсыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, азаматтардың көпшілігі сәбиін сатуға әлеуметтік жағдайын түзеу үшін барады екен. Әрине, өмір болған соң әр түрлі жағдайлар болады. Кейде қызды алдап соғып, жауапкершіліктен қашатын арсыздар бар. Осы тұста «некесіз баласы бар» деген атаққа қалмас үшін қаншама бойжеткен баладан құтылады, кейде өз-өзіне қол жұмсауға барады. Ең бастысы, қызының не ұлының бұндай жауапсыздығына ең алдымен ата-ана кінәлі.

Диас БЕЙСЕНБЕК