Жаңалықтар

Байбек: Тәуелсіздіктің басты құндылықтарын өскелең ұрпаққа жеткізетін – әдебиет пен өнер өкілдері

ашық дереккөзі

Байбек: Тәуелсіздіктің басты құндылықтарын өскелең ұрпаққа жеткізетін – әдебиет пен өнер өкілдері

Елордада «Nur Otan» партиясы мен Жазушылар одағы Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, оның аясында алғашқы шара – «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізу, еліміздің мәдениеті мен өнерін дамыту, ұлттық құндылықтарды өрістету жайлы істерді бірлесе атқару туралы ортақ бәтуаға келді. Қол қою рәсіміне Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы Әлібек Асқаров, ақындар Несіпбек Айтұлы, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қаламгерлер, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясының басшылығы қатысып, Меморандум шеңберінде алда атқарылатын жобаларды пысықтады. Жиында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі ұйымның мемлекеттік және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мақсаттарының тоғысатын тұстары көп екенін алға тартты. Ол екіжақты меморандумға қол қойып, Елбасы қойған міндеттерді бірлесе жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. «30 жылда біздің жеткен жетістіктеріміз, іркілістеріміз, жемістеріміз бен жеңістеріміз, дағдарыс пен кідіріс дейтін мәселелерді қалай еңсеріп, қалай жеңгеніміз, қандай биіктерге шыққанымыз соның барлығы цифрларда сайрап жатқанынмен, оларды шығармашылық адамдарының жүрегінің домнасында қорытып, образға орап, көркем тілмен бейнелеп, халыққа көркем шығарма ретінде ұсынып жатса, ол ұрпақтардың көңілі мен жүрегінде мәңгілік қалатыны сөзсіз. Ал Меморандум ойға алған істерді заңдастырып беретін құжат болғандықтан, оған біз қуана қол қоямыз. Байқаудың ережесі де көңілімізден шығып отыр. Бес жанр бойынша бес номинация белгіленген. Телесериал сценарийі бойынша номинация тағайындау бұрын болған емес. Бұдан бөлек биылғы жыл Президенттің жарлығымен «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланғанын білесіздер. Осы орайда балалар әдебиетіне де арнайы номинацияның арналып отырғаны өте құптарлық. Балалар әдебиеті осындай қамқорлықтың арқасында бір белестен асып жатса, дүниеге балалар сүйіп оқитын шығармалар, жаңа классика келіп жатса, онда «Nur Otan» партиясы мен Жазушылар одағының бірлескен жобасының мұратына жеткені», – деді Ұ.Есдәулет. «Республикалық «Miras» кеңесінің осыған дейін екі жиыны өтті. Сол жиында Үкіметке нақты 28 ұсыныс берілген. Олардың қазір 25-і жүзеге асып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Үш ұсынысымыз бойынша заңнамаға өзгерістер керек. Заң жобалары желтоқсан айында келіп түседі. Сол заңнамаларға өзгерістер еңгізілгеннен кейін, әсіресе, дубляжға қатысты мәселенің шешімін табамыз деп ойлаймын. Сондықтан бүгін Меморандумның қабылдануы ертең қоғамда өзінің лайықты бағасын алады және жаңа номинациялардың қосылуы бұл заманауи киноиндустрияға, дубляжға қатысты мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді», – деді Ж.Әшімжан. Осы орайда партия Төрағасының бірінші орынбасары зиялы қауымның қоғамдық өмірдегі белсенділігі өте жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы партия өткізген праймеризге республика бойынша 350-ден аса қаламгер, публицист, айтыскер, журналист қатысқан.