Жаңалықтар

Жастар – дамудың қозғаушы күші

ашық дереккөзі

Жастар – дамудың қозғаушы күші

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «30 жылдыққа 30 апталық» бағдарламасы аясында БҰҰ-ның Алматыдағы Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы Ақпараттық бюро жетекшісі Властимил Самек көшбасшылық дәріс оқыды. «Бейбітшілікті құру мен сақтаудағы қазіргі жастардың рөлі» тақырыбындағы дәріске оқытушылар мен білім алушылар офлайн және онлайн қатысты.

Дәріс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Халықаралық бейбітшілік күні және Ядролық қаруды толық жоюға бағытталған халықаралық күннің мәні мен маңызына негізделді.

Жиынды ашқан оқу орнының әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масалимова ҚазҰУ мен БҰҰ арасындағы жемісті ынтымақтастық жетістіктеріне тоқталды.

Қарашаңырақ 2011 жылы Орталық Азия университеттері арасында алғашқы болып «Академиялық ықпал» – UNAI бағдарламасына қосылды. ҚазҰУ – БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы. Университет әлемдік академиялық қоғамдастықты біріктіріп, адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруға атсалысуда.

Сонымен қатар проректор спикердің халықаралық істер, дипломатия, коммуникациялар және қоғаммен байланыс саласындағы мол тәжірибесін ерекше атап өтті.

БҰҰ өкілі өз кезегінде көшбасшы оқу орнына деген зор құрметін білдіріп, бейбітшілік пен халықаралық келісім идеяларын насихаттай отырып, жастардың жарқын өзгерістердің қуат-күші екенін баса айтты.

Сарапшы: «Әлемдік саясатта қозғалыстың белгілі бір тетігі – жастар. Олар әрқашан прогресс тасымалдаушысы болды. Қазіргі жастарда қажеттінің бәрі бар: ақпаратқа еркін қол жеткізе алады, әлемде не болып жатыр, бәрін біле алады, еркін талқылап, сұрақтар қоя алады. Сіздерге Мемлекет басшысы, саясаткерлер, профессорларыңыз жауап береді және басқа елдегі замандастарыңызбен пікір бөлісе аласыздар» дей келе, Малала Юсуфзайдың адам құқықтары жөніндегі және Грета Тунбергтің экологиялық бастамаларын мысалға алды. Қазақстанда Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде пікір білдіру біршама қиын болғандығын айтып, өскелең ұрпақты белсенді болуға, болашақты бағдарлауға жауапкершілікпен қарауға үндеді.

Властимил Самек дәрісте Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту шешімінің әлем жұрты үшін маңыздылығына мән беріп, алапат қарудың адамзатқа тигізер зардабына тоқталды. Сонымен қатар бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін халықаралық ұйымдарға жастар жиі жүгінетінін мәлімдеп, олардың қатысуымен инновациялар пайда болатынын жеткізді. Қоршаған ортаны қорғау, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы сынды өзекті мәселелерді шешудегі жастар белсенділігі жайлы жан-жақты әңгімеледі.

Сондай-ақ кездесуде жастар елімізде және әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға байланысты сұрақтар қойып, шешу жолдарын талқылады.

Шара ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті мен Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстандағы өкілдігі арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік аясында жүзеге асты.