Жаңалықтар

“Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығы басталды

ашық дереккөзі

“Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығы басталды

27 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесі атынан төрайым Нәзипа Шанаи  мен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан төраға Мақсұтбек Айтмағанбет арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қол қою рәсімі  дәстүрлі “Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығының ашылу барысында өтті. Шараның ұйымдастырушылары  - «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі,  «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қоры,  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы. Нәзипа Шанаи Аналар кеңесінің атынан Министрлік өкіліне айналамызда, көрші елдерде жастар арасында болып жатқан барлық қайғылы келеңсіздіктерді біздің балаларымыздың да жасау ықтималының алдын алу мақсатында әлеуметтік зерттеулер жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асырып, қоғамдық бірлестіктер мен түрлі ұйымдардың жылдық жұмыс жоспарына өзек етіп беру жөнінде  ұсыныс  білдірді. Сонымен қатар  мемлекеттік тілдің жағдайын да баяндай келе, қазақ тілді орта құру, қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдыру маңыздылығына тоқталды. Жетістігі бар тіл ғана өзін мойындата алады. «Біздің міндетіміз қазақ тілінде жаңалықтар аша алатын, әлемді таң қалдырып, мойындата алатын ұрпақ тәрбиелеу» - деді Н.Шанаи. Нақты ұсыныстар бере отырып, әке талабы бойынша отбасы тілін қазақшалауға, олай болмаған жағдайда қалған жұмыстар маңыздылығын жоятындығын атады. Назипа Ыдырысқызының сөзінің жемісті қорытындысы ретінде Әкелер кеңесі мен Аналар кеңесі алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға келісіп, екі жақты құжатқа қол қойды. Қысқа мерзім аралығында аталған екі ұйымның бірлесе атқаратын шараларының бірлескен   жұмыс жоспары бекітілетіні хбарланды. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры президенті  Дархан Өте ұрпақ санасын қалыптастыруда балаларды тани білу, олармен етене жақын қарым қатынас орната білу, тыңдай, құптай, қолдай және санаса білудің маңызын атаса, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры  Тимур Нуркешов түрлі деңгейлі тәрбие мен білім ошақтарының ата-аналармен жұмысын жандандыру бағытында ұсыныстар берді. Оқу-тәбие үрдісіндегі екі жақтың да атқарар қызметінің үлес салмағының маңыздылығын және оны дұрыс ұйымдастыра білу тетіктерін өз тәжірибесімен бөлісіп, отбасы мектебін құру туралы ойымен бөлісті. Әкелер кеңесін құруда белсенділік танытып жүрген Күзембай Бекайдар әрбір ізгілікті істі балалардың қатыстыра отырып, масылдықтан ада ұрпақ тәрбиелеуге және шараны жан-жақты қолдап, насихаттайтындығын жеткізді. «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшісі Баян Ахатай әкелердің белсенділігін тек мектеп қабырғасы емес, балабақшалардан бастау алу қажеттілігі туралы айта келе, ІТ технологтармен біріккен «MUNARAT» жобасымен таныстырды. Жобаның мақсаты – қазақ тілінде сапалы контент қалыптастыру, оны балабақшалардың жұмысымен байланыстыру, ата-аналармен байланыс орнатудың тиімді тетіктерін насихаттау. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы  Мақсұтбек Айтмағанбет әкелердің қоғамдағы ролінің маңыздылығын іс жүзінде көрсетіп жүрген азамат ретінде балаларды тәрбиелеудің ең тиімді әдісі – өзіңді тәрбиелеу деп, интернет желісінің еркін қолданушысына айналып отырған балалардың сапалы сараптамалық дағдысын қалыптастырудың негізі олармен сапалы коммуникация жасай білу екендігін атады. «Бала арқылы ата-атасын, оның артында қоғамды дамытуда бірлескен жұмыстар атқару біраз мәселені шешеді. Әр азамат өз отбасын қолдап, қорғай білсе, Отанды қорғаушылар да көптеп қалыптасады» дей келе әйел азаматтар белсендірек болып тұрған заманда әкенің ролін арттырудың нақты шешімдерін кең насихаттап, оған республикалық сипат беру жағын ұсынды. Шара соңы тыңдаушылардан түскен ұсыныс-пікірлер қаралып, жауап берілді. Сонымен қатар қатысушылар бірлесе отырып, апталықты сапалы, нәтижелі, жемісті өткізуге атсалысуға келісті. Апталыққа сәттілік тілей отырып, қарттығымның рахаты, өмірімнің жалғасы, елімнің ертеңі деп үкілеп ұрпақ тәрбиелеп отырған әр азаматты  белсенділік танытуға шақырамыз. Сөз соңын Назипа Шанаидің «Ертең ұрпақ Сіздерді тастап кетпесін десеңіздер, бүгін сол ұпрақпен диалог құруымыз қажет» деген сөзімен түйіндей келе қоғамның бірлестіруде, ұрпақтың саналы да салауатты қалыптасуында, ұлттық болмысымызды ұлықтауда немқұрайлы болмай, қайтсек алға жылжимыз деп әрекет етуші азаматтарға алғыс білдіре отырып, сауапты істе сәттілік тілейміз. Апталық жоспары төмендегідей: 1.               Тренингтер - 2 күн - 29.09.2021ж., Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:00-17:00 аралығы (онлайн, YouTube платформасы, «Senimen Bolashaq» аккаунты.) 2.               Үлгі әкелер кеңесі презентациялары - 4 күн - 30.09.2021ж., Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:00-17:00 аралығы (онлайн, zoom). 3.               Әкелер арасында интеллектуалдық сайыстар - 5 күн - 01.10.2021ж., Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:00-17:00 аралығы. 4.               Жабылу салтанаты. (онлайн, YouTube платформасы, «Senimen Bolashaq» аккаунты.) Барша ата-аналарды  аталмыш шараға қатысуға шақырамыз. Байланыс телефоны: +77079514748 Нуртазина Еркежан Нуржановна