Жаңалықтар

Сапаны санақ анықтай ма?

ашық дереккөзі

Сапаны санақ анықтай ма?

Тамыз айының басында елімізде он тоғыз миллионыншы тұрғын дүниеге келді деп сүйіншілеп едік. Арада бір ай уақыт өткен соң халық санағы басталды. Науқанды өткізу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Халық саны белгілі болса, санақ өткізудің, осындай қысылтаяң шақта бюджетті одан әрі ортайтудың не мәні бар? Жалпы, «халық санағы не үшін қажет?» деген сұрақтар халық арасында туындап отырғаны да жасырын емес. Халық санағы елімізде осымен үшін­ші мәрте өтіп жатыр. Ең ал­ғаш­қы Ұлттық ха­лық санағы 1999 жылғы 25 ақ­пан­нан бас­тап 4 наурыз аралығында өткі­зілген. Екінші санақ 2009 жылғы 25 ақпан – 6 наурыз аралығында болды. Осы санаққа бөлінген қаражат талан-тараж болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді. 2018 жылғы сәуірде пилоттық санақ өтті. Жоспар бойынша кезекті санақ 2020 жы­лы ұйымдастырылуы керек болған еді, пандемияға байланысты бұл мүмкін болмады. Енді міне араға 12 жыл салып кезекті жалпыхалықтық санақ басталды. Науқан қазанның аяғында аяқталады деп жос­парланып отыр. Жалпы деректерді жи­нау екі әдіспен жүзеге аспақ. Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауал­нама жүргізу. Сайт 2021 жылдың 1 қыр­күйегі мен 15 қазаны аралығында 24 сағат бойы жұмыс істейді. Екінші әдіс – 1-30 қазан аралығында өтетін дәстүрлі жаппай сауалнама. Яғни қызметкерлер үй-үйді аралау арқылы мә­лімет жинайды. Қазіргі ахуалға бай­ла­нысты тек вакциналанған қызметкерлер ғана жұмысқа тартылады. Санақ жүргізу кезінде интервьюерлерде көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады. Мәліметтерді қайта-қайта енгізбес үшін ЖСН арқылы тұл­ғаның санақтан өткен-өтпегені анық­талады. Сонымен қатар, eGov.kz Электронды үкімет сайтының басты парағында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына өтетін сілтеме бар, ол арқылы онлайн ре­жим­де санақ парақтарын толтыруға бола­ды. Сондай-ақ, респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мек­тептерде және т. б. нысандарда орналас­а­тын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады. Сан белгілі болса, санап не керек?

Статистика бюросының ресми өкілі санақ тек халық санын анықтаумен шек­телмейтінін айтады.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: – Он жыл сайын санақ өткізі­ліп тұр­ға­ны дұрыс деп есеп­теймін, белгілі бір дәрежеде ха­лық­тың жағдайын санақ арқылы білу­ге болады, оңтайлы тұстары бар. Бірақ ко­ро­надағдарыс кезінде бюджет қаража­тын жұмсау қаншалықты тиімді деген сұ­рақ, әрине орынды. Не десек те, қазіргі бө­лінген қаражатты ерекше бақылауда ұста­ған дұрыс. Өйткені осы мақсатқа бө­лін­ген ақша талан-тараж болғанын білеміз. Науқанның онлайн өтуі белгілі бір дәре­же­де санаққа жұмсалатын шығынды азайтуы керек деп есептеймін. Ұлттық статистика комитеті де зама­науи технологияларды қолдану арқылы санақ өткізу 2009 жылғыға қара­ғанда 2,6 есе арзанға түседі деп сендіріп отыр. 2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ доллары дейді жауаптылар. Ал 2009 жылғы халық санағы кезінде адам басына 2,9 АҚШ доллары кеткен екен. Санаққа қанша ақша жұмсалады? 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі ара­лықта (бесжылдық кезең) халық санағын өткізуге бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінген. Статистика бюросының есебіне сүйенсек, қаражаттың басым бөлігі қыз­меткерлердің жалақысын төлеуге қарас­тырылған екен. Тағы біразы санақ өткізуге арналған планшеттер (Қытайда шыққан KOUZONE MTK6592 маркалы планшеттің біреуі шамамен 39 000 теңге тұрады) мен «е-Статистика» интеграцияланған ақпа­рат­тық жүйесін дамытуға жұмсалады. Алайда, бір айта кететін нәрсе, санақ­тан онлайн өтуге арналған sanaq.gov-та да біршама ақау барын байқауға болады. Тіркелу коды бар смс-хабарламаны ұзақ күту, сайттың жүктемесі бойынша кедер­гілер бар екені де айтылып жатыр. Мұны он­лайн санақтың алғаш рет өтуімен бай­ланыстырып, ақтап жатқандар да бар. [caption id="attachment_155865" align="alignnone" width="1920"] sanaq.gov.kz[/caption] Жеке деректерді желіге жүктеу қауіпсіз бе? «Халық санағы кезінде алынған дерек­тер басқаның қолына түсуі мүмкін бе?» деген сұрақ та көп адамды мазалайтынын байқауға болады. Статистика бюросының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы алаңдауға еш негіз жоғын айтады: – Санақ басталмас бұрын оған тың­ғы­лықты дайындық жүргізілді. Пилоттық санақ өткізілді, соған байланысты элект­рон­ды жүйені баптап, реттеп, арнайы сер­ти­фикаттаудан өткізілді. Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне қарасты күнделікті мо­ни­торинг жүргізіліп отырады. Азамат­тар­дың толтырған анкеталары шифр­ла­нып, сол күйінше біздің орталық серверге, Ұлттық статистика бюросының орталық сер­веріне түседі. Сертификатталған, қауіп­сіз байланыс желісі арқылы тізбектеледі. Сайтқа қандай да бір кибершабуыл жасала ма, оның барлығы ҰҚК тарапынан мо­ни­торинг жүргізіледі. Азаматтардың жеке дерек­тері тек статистикалық мәліметтер үшін ғана пайдаланылады, – дейді ол.