Сапаны санақ анықтай ма?

Сапаны санақ анықтай ма?

Сапаны санақ анықтай ма?
ашық дереккөзі

Тамыз айының басында елімізде он тоғыз миллионыншы тұрғын дүниеге келді деп сүйіншілеп едік. Арада бір ай уақыт өткен соң халық санағы басталды. Науқанды өткізу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Халық саны белгілі болса, санақ өткізудің, осындай қысылтаяң шақта бюджетті одан әрі ортайтудың не мәні бар? Жалпы, «халық санағы не үшін қажет?» деген сұрақтар халық арасында туындап отырғаны да жасырын емес.

Халық санағы елімізде осымен үшін­ші мәрте өтіп жатыр. Ең ал­ғаш­қы Ұлттық ха­лық санағы 1999 жылғы 25 ақ­пан­нан бас­тап 4 наурыз аралығында өткі­зілген. Екінші санақ 2009 жылғы 25 ақпан – 6 наурыз аралығында болды. Осы санаққа бөлінген қаражат талан-тараж болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді. 2018 жылғы сәуірде пилоттық санақ өтті. Жоспар бойынша кезекті санақ 2020 жы­лы ұйымдастырылуы керек болған еді, пандемияға байланысты бұл мүмкін болмады. Енді міне араға 12 жыл салып кезекті жалпыхалықтық санақ басталды. Науқан қазанның аяғында аяқталады деп жос­парланып отыр. Жалпы деректерді жи­нау екі әдіспен жүзеге аспақ. Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауал­нама жүргізу. Сайт 2021 жылдың 1 қыр­күйегі мен 15 қазаны аралығында 24 сағат бойы жұмыс істейді. Екінші әдіс – 1-30 қазан аралығында өтетін дәстүрлі жаппай сауалнама. Яғни қызметкерлер үй-үйді аралау арқылы мә­лімет жинайды. Қазіргі ахуалға бай­ла­нысты тек вакциналанған қызметкерлер ғана жұмысқа тартылады. Санақ жүргізу кезінде интервьюерлерде көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады. Мәліметтерді қайта-қайта енгізбес үшін ЖСН арқылы тұл­ғаның санақтан өткен-өтпегені анық­талады. Сонымен қатар, eGov.kz Электронды үкімет сайтының басты парағында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына өтетін сілтеме бар, ол арқылы онлайн ре­жим­де санақ парақтарын толтыруға бола­ды. Сондай-ақ, респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мек­тептерде және т. б. нысандарда орналас­а­тын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады.

Сан белгілі болса, санап не керек?

Статистика бюросының ресми өкілі санақ тек халық санын анықтаумен шек­телмейтінін айтады.

 width= Олжас САЙЛАУБЕКҰЛЫ, «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі:
– Санақ тек адам­­­­дардың санын анық­тау емес. Ха­лық санағында 91 сұрақ қарастырылған, оның негізгі прин­ципі қазіргі кездегі халықтың ахуалын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айқын­дау, көші-қон басқа да маңызды мәселелер бойынша нақты деректер алу, және оны әрі қарай пайдалануға ұсыну екенін айтып өткен жөн. Бұл –әлеуметтік саланың көп­теген аспектілері бойынша ахуалды бол­жауға мүмкіндік береді. Санақ қорытын­ды­сының негізінде мемлекеттік органдар өздерінің жоспарларын құрады, әлеумет­тік-экономикалық бағдарламаларын жа­сайды. Ғылыми қауымдастықтар мен қо­ғамдық ұйымдарға қажетті мәліметтер алы­нады. Қай елді мекенде не жетіспейді, неге мән беру керек, сол анықталады, мәсе­лелерді шешуге жол ашылады. Санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жос­пар­лау және дамыту үшін қажет, яғни құры­лыс және баспаналарды бөлу, демог­ра­фиялық және көші-қон процестері, бі­лім, денсаулық сақтау салаларында және жұ­мыс орын­дарын құру бағдарламаларын да­мытуға көмектеседі.
Экономист-сарапшы Мақсат Халық та санақтың пайдалы тұстары бар екенін айтады, бірақ осындай қиын кезде бюд­жеттен қыруар ақша бөлу тиімді ме деген сұрақ туындайтынын да қосты, сол себеп­ті науқанға қарастырылып отырған қаражатты бақылауда ұстаған жөн дейді сарап­шы.  width= Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
– Он жыл сайын санақ өткізі­ліп тұр­ға­ны дұрыс деп есеп­теймін, белгілі бір дәрежеде ха­лық­тың жағдайын санақ арқылы білу­ге болады, оңтайлы тұстары бар. Бірақ ко­ро­надағдарыс кезінде бюджет қаража­тын жұмсау қаншалықты тиімді деген сұ­рақ, әрине орынды. Не десек те, қазіргі бө­лінген қаражатты ерекше бақылауда ұста­ған дұрыс. Өйткені осы мақсатқа бө­лін­ген ақша талан-тараж болғанын білеміз. Науқанның онлайн өтуі белгілі бір дәре­же­де санаққа жұмсалатын шығынды азайтуы керек деп есептеймін.
Ұлттық статистика комитеті де зама­науи технологияларды қолдану арқылы санақ өткізу 2009 жылғыға қара­ғанда 2,6 есе арзанға түседі деп сендіріп отыр. 2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ доллары дейді жауаптылар. Ал 2009 жылғы халық санағы кезінде адам басына 2,9 АҚШ доллары кеткен екен.

Санаққа қанша ақша жұмсалады?

2018 жылдан 2023 жылға дейінгі ара­лықта (бесжылдық кезең) халық санағын өткізуге бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінген. Статистика бюросының есебіне сүйенсек, қаражаттың басым бөлігі қыз­меткерлердің жалақысын төлеуге қарас­тырылған екен. Тағы біразы санақ өткізуге арналған планшеттер (Қытайда шыққан KOUZONE MTK6592 маркалы планшеттің біреуі шамамен 39 000 теңге тұрады) мен «е-Статистика» интеграцияланған ақпа­рат­тық жүйесін дамытуға жұмсалады. Алайда, бір айта кететін нәрсе, санақ­тан онлайн өтуге арналған sanaq.gov-та да біршама ақау барын байқауға болады. Тіркелу коды бар смс-хабарламаны ұзақ күту, сайттың жүктемесі бойынша кедер­гілер бар екені де айтылып жатыр. Мұны он­лайн санақтың алғаш рет өтуімен бай­ланыстырып, ақтап жатқандар да бар. [caption id="attachment_155865" align="alignnone" width="1920"] width= sanaq.gov.kz[/caption] Ал 1,1 миллиард теңгеге сатып алынған 27 412 планшет санақ аяқталғаннан кейін мемлекеттік органдарға берілмек екен. Ста­тистика бюросы осы кезеңде 32 509 адам жұмысқа орналастырылатынын мә­лім­деген еді. Бірінші кезеңде тіркеуші ре­тінде 4 562 адам, ал екінші кезеңде санақ жүргізетін интервьюер қызметіне 23 033 адам қабылданады. 1-кезең интервьюеріне (тіркеушіге) 30 күн үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған. 2-кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) 94 679 теңге төле­неді. 45 күнге толық көлемде қызмет көрсе­тіл­ген кезде 1-ші және 2-ші нұсқау­шы-бақылаушы 113 614 теңге жалақы алады. Жұмысқа алынған санақ персоналы арнайы дайындықтан өтеді. Уақытша қызметкерлермен өтеулі қызмет көрсету шарты жасалады. [caption id="attachment_155866" align="alignnone" width="686"] width= sanaq.gov.kz[/caption]

Жеке деректерді желіге жүктеу қауіпсіз бе?

«Халық санағы кезінде алынған дерек­тер басқаның қолына түсуі мүмкін бе?» деген сұрақ та көп адамды мазалайтынын байқауға болады. Статистика бюросының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы алаңдауға еш негіз жоғын айтады:
– Санақ басталмас бұрын оған тың­ғы­лықты дайындық жүргізілді. Пилоттық санақ өткізілді, соған байланысты элект­рон­ды жүйені баптап, реттеп, арнайы сер­ти­фикаттаудан өткізілді. Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне қарасты күнделікті мо­ни­торинг жүргізіліп отырады. Азамат­тар­дың толтырған анкеталары шифр­ла­нып, сол күйінше біздің орталық серверге, Ұлттық статистика бюросының орталық сер­веріне түседі. Сертификатталған, қауіп­сіз байланыс желісі арқылы тізбектеледі. Сайтқа қандай да бір кибершабуыл жасала ма, оның барлығы ҰҚК тарапынан мо­ни­торинг жүргізіледі. Азаматтардың жеке дерек­тері тек статистикалық мәліметтер үшін ғана пайдаланылады, – дейді ол.
 width= Ал ІТ маман Ти­мур Бектұр ық­ти­мал­дық әрдайым бар екенін айтады.
– Онлайн өтке­ні уақыт талабы деп ой­лаймын. Ал қа­уіп­­­сіздік мәселе­сі­не ке­лер болсақ, халық са­нағын жүргізіп жат­қан жүйені тех­ни­калық тұрғыдан толықтай аудит жасап барып, сұрақ не күмән туындаса ғана бірдеңе деуге болады. Нақты техникалық себеп болуы керек. Ал ықтималдық әрдайым бар. Бірақ ол деген қауіпті дегенді білдірмейді, – дейді маман.

«Біртүрлі» сұрақтар немесе «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?»

Жалпы, санақ 91 сұрақтан тұрады. Сауалдарға қарап бұл санақ жай ғана санақ емес, әлеуметтік сауалнамаға көбірек ұқсайтынын аңғаруға болады. Алайда адамдардың көбі, соның ішінде қоғам белсенділері санақ сұрақтары «біртүрлі» екенін айтып, сынға алып жатыр. Шынында да, оғаш, тосаңсытарлық сауалдар көп. Мәселен, «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?», «Оның ішінде Сізде туылғаны», «Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыртқы қабырғаларының материалдарын көрсетіңіз», «Сіз жүру, есту, көру және сөй­леу қиындықтарын сезінесіз бе?» және со­лай жалғаса береді. 2021 жылғы 15 қыркүйекте Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конферен­ция­сында Ұлттық статистика бюросының бас­шысы Нұрболат Айдапкелов халық са­на­ғының аралық қорытындылары ту­ралы баяндаған еді. Сол кезде азаматтардың үй-жайы туралы алынатын мәлімет ары қарай елді мекендердің тұрғын үй қоры­ның жағдайына сараптама жасау үшін қажет екенін, бала туу туралы сұраққа жауап алу нәресте және бала өлімі туралы жан-жақты толық мәлімет жинақтауға мүм­кіндік беретінін мәлімдеді.
Ал «Тұр­мыс-тіршіліктің шектеулері жайлы сауал­дар мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі жандар мен өмір сүруінде үлкен қиындықтары бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген адамдардың саны туралы неғұрлым толық деректер береді», – дейді Нұрболат Айдапкелов.
Одан бөлек, санақ сұрақтарындағы грамматикалық қателерден де көз сүрі­неді. Орыс тілінен сол күйі қотара салған калька аудармалар да көзге ұрып тұр. Елорда көшелерінде ілінген халық санағының баннерлерінен де «Қазақстанда әркім маңызды» деген жазуды байқадық. Ал Статистика бюросының өкілі бұл сұ­рақтарды мүдделі органдар мақұлда­ға­нын айтады.
– Бұл сауалдардың барлығы үш мәрте қоғамдық талқылауға жіберілген болатын. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды. Оған қоса мүдделі мемлекеттік органдар мақұлдаған, оны статистика бюросы өзі құрастырып, бекіте салған жоқ. Келісуден, бекітілгеннен кейін ғана Әділет министрлігі оны бекітеді, сөйтіп санақ парақтары жасалады. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталы­нан бөлек, sanaq.gоv сайтында да барлық мәліметтермен танысу мүмкіндігі болған. Ешқандай сыни пікір айтылған жоқ. Тек «ұтқыр телефон» деген сөзге қатысты сын айтылды, бірақ «ұтқыр» сөзі 2000 жылы бекітілген термин ретінде termincom.kz сай­тында тұр. Оған қоса, сұрақтар бұған дейін­гі санақта да қолданылған, – дейді Олжас Сайлаубекұлы.
Сонымен қатар, санақ сұрақтарына немқұрайды жауап беру мәселесі де қарастырылған екен, азаматтар жал­ған ақпарат бергені үшін жауапқа тартыл­майды. Бірақ жауапты мамандар сұраққа мұқият жауап беріп, санаққа жауапкер­шілікпен қарау маңызды екенін айтады.

Түйін:

Не десек те, жауапты мамандар мен мекемелер бұл санақ сан мен сапаны қатар анықтайды деп сендіреді. Тәуелсіз сарапшылар да бұл пікірді қостап отыр. Ал санақтың онлайн өтуі өте ұтымды бастама. Тек осы айтылғанның барлығы шынымен жүзеге асса, бөлінген қаржы кімнің қалтасында кетті деп алаңдамасақ болғаны. Ең бастысы, санақ қорытындысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, түйдек-түйдек мәселенің түйінін шешуге сеп болса дейміз.