«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы қырыққа жуық стансаға тоқтайды
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы қырыққа жуық стансаға тоқтайды
1 қарашада Астана стансасынан сапарға аттанған «Тәуелсіз Қазақстан» жолаушылар пойызы қырыққа жуық стансаға тоқтайды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен басталған акция.
Пойыз сегіз вагоннан тұрады. Ол Қазақстанның барлық өңірін аралайды. Акция құрамында ҚР Мемлекеттік хатшысы - Гүлшара Әбдіхалықова, ҚХА төрағасының орынбасары -Ералы Тоғжанов, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мәдениет және спорт қайраткерлері, медицина қызметкерлері, әлеуметтік сала мен ұлттық компаниялардың өкілдері бар.
Сапар 44 күнге жалғасады. Пойыз Республиканың қырықтан астам стансасына аялдайды. Онда медициналық, әлеуметтік, құқықтық қызметтер көрсетеді. Акция аясында әлеуметтің барлық топтары қамтылады. Онда әлеуметтік аз қамтылған отбасылары мен ҰОС ардагерлеріне, шалғай станса тұрғындарына көбірек көңіл бөлінеді.
Пойыздың сапарға шығарып салу салтанатында «Халық Қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған акцияның маңыздылығын, ерекше атап өтті. «Біздің еліміздің 25 жылдағы жеткен жетістіктері мен табыстарын, ҚР Президентінің басшылығымен әлемнің жетекші мемлекеттерінің қатарына енгендігі барынша жарқын көрсетілуі тиіс».
«Біз бүгін республикамыздың барлық өңіріне маңызды миссиямен баратын темір жол құрамын шығарып салып тұрмыз. Шараға қатысушыларға акцияларының табыстарға жетіп, аман-есен оралуларына тілектеспін»,- деді Т. Әубәкіров.
Жылжымалы құрамына Руслан Барбасов бастаған пойыз бригадасы қызмет көрсетеді. Теміржолшылар жылжымалы құрамның қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Акция желтоқсанның 14-іне Алматыда аяқталады.