Спортшылар мемлекеттік сыйақыны қайтармайды

Спортшылар мемлекеттік сыйақыны қайтармайды

Спортшылар мемлекеттік сыйақыны қайтармайды
ашық дереккөзі
Олимпиада чемпионы атағынан айырылған спортшылардан мемлекеттік сыйақы қайтарып алынбайды. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков айтты. «Спортшы жарысқа шығар алдында ең бірінші кезекте Олимпиада хартиясымен және WADA кодексімен толықтай келіседі. Міне, спортшы осы екі негізгі құжатты қабылдай отырып, Олимпиада ойындарына қатысады. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшы қандай да бір допингтік оқиғаға тап болар болса, онда медальді қайтару туралы шартқа қол қояды»,-  деді вице-министр. Осы ретте ол бұған дейін де допинг дауына ұрынған спортшылардың болғандығын атап өтті. Мәселен, оның сөзіне қарағанда, допинг дауына іліккен АҚШ-тың 15 спортшысының 4-еуі ғана медальдарын қайтарып берген. Ал 14 ресейлік, 11 болгар медальдарын қайтармаған. «Бұл нақты ақпараттар. Сондықтан да бұл спортшының өз шешімі болмақ. Егер ХОК мұндай талап қоятын болса, онда мұндай шешімге наразылық танытуға 20 күн бар. Ал егер спортшы (наразылық танытудан) бас тартса, онда медальді қайтару-қайтармау оның ар-ожданына байланысты. Бірақ, оның ешқандай да құндылығы болмайды. Тек Лондондағы немесе Бейжіңдегі Олимпиада ойындарынан естелік медаль болып қана қалмақ. Өйткені, қалай болғанда да оны атағынан айырады», — деді  Мұсайбеков. Сонымен қатар ол БАҚ өкілдерінің Олимпиада чемпиондарына мемлекет тарабынан берілген сыйақыға қатысты сауалдарына да жауап берді. «Мұндай жайт орын алды, не істейміз, енді? Оған көну қажет. Ал сыйақыға, пәтерге қатысты айтар болсам, біздің заңнамамызда спортшы допингке ілігетін болса, онда бұған дейін берілген сыйақы немесе пәтер қайтарып алынады деген норма жоқ», — деді ол. Айта кетейік,  Халықаралық Олимпиада комитеті допинг сынамада тыйым салынған заттар табылған 2012 жылғы Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанлоның көрсеткен нәтижелері жоққа шығарылғанын ресми хабарлаған болатын.