Иманбек өзіне ескерткіш қою ұсынысына қатысты пікір білдірді

Grammy сыйлығының иегері қазақстандық диджей Иманбек Ақсу қаласында оған ескерткіш орнату ұсынысына қатысты пікір білдірді. Tengrinews.kz порталының жазуынша, музыкант ойын Instagram-да тікелей эфирде бөлісті.

«Көбі Ақсу қаласына Иманбекке мурал қойылмақ дегенді естіген шығар. Бұл жалған», – дейді ол.

Диджей бір ай бұрын оған жергілікті әкімдіктен қоңырау шалып, Ақсу қаласына оның беделді музыкалық байқаудағы жеңісіне орай граммофон мүсінін орнату туралы ойын сұраған.

«Мен қиын болмаса қойыңыздар, керемет, маған бәрібір дедім. Бірақ журналистсымақтар осыны басқаша жеткізіп, енді адамдар ол өзіне ескерткіш орнатқысы келеді, өзіне көп алады деп ойлайды», – деді диджей.

Иманбек өзіне қатысты айтылып жатқан негізсіз сынды тоқтату үшін эфирге шыққанын атап өтті.

«Мені білетін адамдар ондай емес екенімді біледі. Ескерткіш жасауды сұрау – менмендіктің шыңы деп ойлаймын!», – деді Иманбек эфирде.

Еске салайық, креативті индустрия қызметкерлерінің кездесуінде Ақсу тұрғындары Павлодар облысының әкіміне Иманбек Зейкеновтың Grammy-дегі жеңісі құрметіне монумент орнатуды сұраған болатын.

 

Back to top button