Жаңалықтар

Ақпараттық қоғам немесе Z ұрпағын алда не күтеді?

ашық дереккөзі

Ақпараттық қоғам немесе Z ұрпағын алда не күтеді?

Жаһандану дәуірімен бірге адамзат дамуының төртінші –  постиндустриалды кезеңі келіп жетті. Бұл қоғамда дүниеге келген Z ұрпағын 2010 жылдан бастап өмір есігін ашып жатқан Альфа(А) ұрпағы алмастыруда. Жасанды интеллект заманында ер жететін бұл тұлғалардың пайым деңгейі өзгеше болып келеді, сол сияқты, өзіндік құндылықтары да басқа болатыны сөзсіз. Әріп танымай жатып гаджет тілін алдымен меңгеретін бұл жеткіншектер үшін талғам еркіндігі мен өзін-өзі жетілдіру мәселесі бірінші орында тұрады. Олар әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы өз даралығын жан-жақты айшықтайды, сонымен қатар, өздері жақсы көретін мультфильмдер мен музыканы «ақылды алгоритм» жүйелеп беретініне үйренген. Сандық технологиялар жаңалығын қалай пайдалануды сәби кезінен меңгергендіктен, болашақта жылдам әрекетке бейімделген ерекше кеңістікте өмір сүретіні даусыз. Олай болса, бүгінгі ақпараттық қоғамдағы ғылым-білім жүйесі осындай даму үрдісіндегі тұлғаларға лайықты жүйеленген бе? Бұл саланың қазіргі ахуалы қандай? Постиндустриалды қоғамдағы ғылым-білімнің қазақстандық моделі туралы «Aspandau» ғылыми-білім беру Қорының негізін қалаушы, ғалым, DBA Қанат Нұров өзінің «Ақпараттық қоғам ағартушыларының манифесі» кітабында талдап, өзіндік ерекшелігін айқын көрсетіп береді. Ақпараттық қоғамдағы білім берудің мақсаты басқа. Ендігі білім объектісі болатын тұлға өз бойындағы рух, жан, ар-ождан, ұжымдық бейсаналық, супер-эго, т.б. сияқты объективті құндылықтар жүйесін жете түсініп алып, өзін-өзі шығармашылық дамытуы маңызды. Ақпараттық қоғамда білім беруші мен алушының мақсатқа жетуінің алғышарты – олардың бойында ішкі мотивацияның болуында жатыр. Қазақстандағы ғылым-білім жүйесі ақпараттық қоғам идеологиясы мен философиясын негізге алғанда ғана мақсатына жетуі мүмкін.