Жаңалықтар

Польшада қазақ тілін оқытып, ұлттық дәстүрімізді насихаттап жүрген қазақ қызы

ашық дереккөзі

Польшада қазақ тілін оқытып, ұлттық дәстүрімізді насихаттап жүрген қазақ қызы

Польшадағы Адам Мицкевич атын­дағы Познань университеті­нің профессоры Гүлайхан Ақтай – Еуропа уни­­­верситеттерінде қазақ тілін оқыту үшін шақырту алған алғашқы лек­торлардың бірі. Факультет іші­нен қазақтану бөлімін ашып, қа­зақ-поляк сөздігін құрас­ты­рып шығарған білікті ма­ман поляктардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мол екенін айтады. Шетел­де қазақ тілінің насихат­талуы үшін қолымнан кел­генше жұмыс істеймін деп, ауқым­ды жоспар құрып отыр­ған Гүлайханға хабар­ласып, әңгімелескен едік. – Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінде жұмыс істеп жүргеніңізде қа­зақ тілі сабақтарының оқытылу әді­сін ұнатқан еуропалық ғалым сізді По­ль­шаға шақырған деседі. Солай ма? – Солай. Жалпы, өзім Түркістан облы­сы­на қарасты Мақтаарал ауданының тума­сы­мын. Ұстазым Бижан Оразымбетов са­бақ­ты қызықты өткізіп қана қоймай, са­бақ­тан тыс уақытта да бағыт-бағдар беріп, тіл са­ласының маманы болуыма септігін ти­гізді. Десек те, бірінші жылы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-ге оқуға түсе алмай қал­дым, тіпті өз шығармамды тексеру үшін апелляцияға да бердім. Бірақ бұдан ештеңе өн­беген соң, бір жыл жұмыс істеп, келесі жы­лы қалай болғанда да филолог боламын деп Қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім. Біз топта бес-алты қыз күні-түні кітапханадан шықпай, сабақты үздік оқып, оқуды қызыл дипломға бітірдік. Дип­лом жұмысын қорғайтын кезде комиссия қа­тарында отырған академик Сейіт Қас­қабасов бізді ауылға жібермей, қалада алып қалу керек екенін, жастарға осындай жа­лын­дап тұрған мамандар тіл үйрету қажет­тігін айтып, ауылға барып, ата-анамызға дипломымызды көрсетіп, қалаға қайта келуі­мізді сұрады. Бірақ әкем ата-анасыз өс­кен­діктен балаларының қасында болға­нын қалап, Алматыға жібергісі келмеді. Сөй­тіп, үлкендердің сөзінен аттап кете ал­маған мен ғылым жолын қуамын деп, құрыл­ғанына аз ғана жыл болған Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің аспирантурасына оқуға түс­тім. Оны бітірген соң, тіл үйрету орталы­ғын­да оқытушылық жұмысқа тұрдым. Бір кү­ні сабаққа келсем әріптестерім оқу ор­ны­мызға Еуропадан арнайы қонақ келгенін, оның қазақ тілінің қалай үйретілетінін, са­бақтардың қалай жүретінін білу мақ­са­тында келгенін айтып, улап-шулап жүр. Сөйтсек, шығыстанушы, түркітанушы Адам Мицкевич атындағы Познань универ­си­тетінің профессоры Хенрик Янковски Қа­зақстанның түкпір-түкпірін аралап, әр өңір­дегі қазақ тілін оқыту әдістемелерін зерт­теп жүр екен. Арада екі жыл өтер-өтпес уа­қытта Познань университетінің өкілдері біз­дегі оқу жүйесін ұнатып, қазақ тілінің ма­маны қажет екенін айтып, ресми хат жол­дайды. Сөйтіп, орталық басшылығы мені таңдап, екі университет арасындағы ке­лі­сімшарт негізінде 2002 жылдың қыр­күйек айының жиырмаларында Польша­ның Познань қаласына қазақ тілі пәні бойынша оқытушы ретінде жұмысқа тұр­дым. –Факультетте қазақтану бөлімінің ашылуы­на мұрындық болыпсыз. Кейін түсінгенімдей, бұл бөлім жабы­лып қалған секілді... – Иә, осында жұмысқа тұрғалы бері сол мақ­сатты көздеп, ақыры 2009 жылы Қазақ­тану бөлімі ашылды. Сол кезде «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» де­­гендей, асықпай, үнсіз жүріп те біраз жұмыстың бетін қайыруға болатынына кө­зім жетті. Қазақтану бөлімінде өте көп шаруалар атқарылды: қазақ тілі мен әде­биеті туралы ғылыми еңбектер жазылып, ғы­лыми конференциялар өткізілді, көп­теген ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Ғылыми еңбек демекші, әр оқулық шыққан сайын ең алдымен Қазақстанға, соның ішін­де ұлттық кітапхана мен А.Байтұр­сын­ұлы атындағы тіл білімі институтына жіберіп отырамын. Одан бөлек, қазақтілді оқулықтар әзірлеп, қазақ-поляк сөздігін құрас­тырып шығардық. Әдепкіде оқулық­тар мен сөздіктер жеткіліксіз болды. Сту­денттер алдымен поляк тілінен орысшаға, сосын орыс тілінен қазақшаға аударып жүр­ді. Ескіріп қалған қазақ-ағылшын сөз­дігі болды, бірақ оны пайдалану мүмкін емес еді. Сөйтіп, 2002-2011 жылдар ара­лы­ғында сөздікті әзірлеп шығардық. Бұл тек сөз­дердің аудармасы ғана емес, ішінде түрлі мы­салдар мен түсініктемелер берілген, сон­дай-ақ грамматика ережелері кіріктірілген. Со­дан не керек, он жылдығымызды атап өте­міз деп жүрген кезде 2019 жылы Поль­ша­­ның білім жүйесіне енгізілген құры­лым­дық өзгерістер себебінен қазақтану бөлімі жабылып қалды. Он жылдық мерейтойды атап өте алмасақ та, осындай бөлімнің бол­ғаны ұмыт қалмасын деген мақсатпен 2020 жылы «Қазақтану бөлімінің он жылдығына арналған жинақты» жарыққа шығардық. Десек те, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз­дің университетте жалпы саны қырық төрт­тен астам тіл оқытылады. Мен бака­лав­риат бөліміндегі студенттерге қазақ тілі, қа­зақ тілінің грамматикасы, Орта Азия қо­ғамы, кәсіби қазақ тілі секілді сабақтар жүр­гіземін. Ал магистранттарға биылдан бастап жаңадан ашылған қазақ тіл білімі мен Орта Азиядағы тілдік байланыстар курс­тарынан дәріс бермекпін. Жоғарыда мен айтып өткен өзгерістерге байланысты көп тілдің оқытылу жүйесі қайта қарас­тырыл­ды. Бір бөлім ашу үшін оқытушылық құрамда кемінде үш доктор болуы керек де­ген секілді университеттің ішкі нор­ма­тивті қағидалары бар. Осы және өзге де шарт­тарға сай болып, болашақта Қазақтану бө­лімін қайта жандандырсақ деген жос­пары­мыз бар. – Шетелдегі лекторлар мажар­лар­дың қазақтармен туыс халық екенi та­­­рихтан белгiлi болғандықтан оларға қазақ тілін үйрену оңай дейді, ал қазақ тілі кәріс тілі секілді алтай тілдерінің то­бы­на кіретіндіктен корейлерге қа­зақ­ша сөйлеу қиындық тудырмайты­нын айтады. Ал поляктар бұл жайында не дейді? – Негізі, Еуропада тіл үйренуге деген көз­қарас басқаша. Мысалы, поляктардың тү­сінігіне салсақ, сіз қанша тіл білсеңіз, мы­на әлем соншалық сізге жарқын көрінеді әрі жолыңыз ашық болады. Одан бөлек, олар әрбір тіл жаңа табыс көзі деп есеп­тей­ді. Олар арамыздағы кейбір қазақтар секіл­ді «басқа тілді үйрен де, өз тіліңді жайына қал­дыр» деген «ұстанымды» ұстанбайды. По­ляк­тардың өз тілі мен тарихына деген құр­меті ерекше. Кейде «Әттең-ай, бізде де осын­дай құрмет болсайшы» деп арман­дай­мын. Бүгін өткен форумнан тағы бір мысал ай­тайын. Форум кезінде техникалық ақаулықтар себебінен поляктардың сөйлеген сөзі естілмей қалып, орыс тіліндегі синхронды аударма ғана естіліп тұрды. Сонда поляктар «біздікілердің сөйлегені естіл­мей жатыр» деп, барлығы реттелгенше тыным таппай кетті. Әйтпесе, олар орыс тілін білмейді емес, біледі. Тілге деген құр­метін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Жоғарыда айтып өткенімдей, студенттер бастапқыда қазақ тілін үйренуді табыс көзі деп қара­ғандықтан ерекше қызығушылықпен үйренді. Бірақ технология дамыған заманда ешкімнен ештеңені жасыра алмайсың, олар қазақ тіліне деген сұраныс тіпті Қазақ­стан­ның өзінде төмен екенін, қазақ тілін мең­герген аудармашы маманның мардымды та­быс таба алмайтынын естіп-білді. Қазір олар қазақ тілін табыс көзі ретінде емес, білік­ті түрколог маман болу үшін үйреніп жүр. Әсіресе, түркі тілдерінде жазылған қол­жазбаларды түсіну үшін қазақ тілінің пай­дасы зор екенін біледі. Жалпы, поляк хал­қы – қазақтар секілді өте қабілетті ха­лық. Жұмыста бірнеше ұлт өкілдерімен жұ­мыс істедім, салыстыра келе, олардың ішінде поляктардың кез келген тілді тез меңгеріп, аз уақыттың ішінде емін-еркін сөйлей алатын қабілетіне тәнті болдым. Айта кетерлігі, олар қазақ тілін түрік тілі­мен салыстырып отырып оқиды. Жал­пы, түркі тілдерін енді үйреніп жүрген студенттерге түрік тілінде сөйлеу әлдеқайда оңай. Қазақ тілінде дыбыс үндестігіне қа­рай көптік жалғаудың лар, лер, дар, дер, тар, тер секілді алты нұсқасы болса, түрік тілін­де лар, лер жалғаулары ғана қолданылады. Сосын түріктерге «Meraba, nasılsın?» десеңіз, олар «Ой, жаным, күнім, қандай керемет жансың, саған қандай көмек керек?» деп жаныңа жылу беретін сөздер айтып, өзіне баурап алады. Ал бізге сұрақ қойса, «Жақсы, сен қазақ тілін не үшін оқып жүрсің?» деп, тіке айта саламыз ғой (күліп). Сол себепті алды­мен түрік тілін меңгерген оларға қазақ тілін үйрену оңайға соғады. Сосын сабақ­тардың көпшілігі салт-дәстүрімізбен сабақ­тастырылып оқытылатындықтан, біздің мә­дениетке, салт-дәстүрімізге қызығушы­лық танытып жатады. Әсіресе, шілдехана, бесікке салу секілді дүниелерді оқу кезінде олардың көздері оттай жанып, ерекше ықы­ласпен тыңдап отырғанын байқап, іш­тей қуанасың, жаның жадырап, көңіл күйің көтеріліп сала береді. Арагідік студент­тердің қоятын сұрақтарын естіп, кейде өзің де ойға шомып кетесің. Танысу барысында ең алдымен руын сұраймыз, руымыз бір болып шықса, туысқандай көріп, бауыр тартып, араласатынымызды айтып жатсаң, «Қалай сонда? Қыз бен жігіт руын сұрамай тұрып, бір-біріне бір көргеннен ғашық бо­лып қалса ше?» деп сұрайды. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын салтымыз жайлы әңгімелеп жатқанда олардың таң-тамаша қалғанын байқайсың.