Жаңалықтар

Салтанат Байқошқарова: «Ертең...» дегенді ұнатпаймын

ашық дереккөзі

Салтанат Байқошқарова: «Ертең...» дегенді ұнатпаймын

– Салтанат Берденқызы, ең алдымен сіздің осындай биіктерден көрінуіңізге мұрындық болған ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

 

– Ерен еңбегімен, білікті маман ретінде есімде ерек қалған ұстаздарымның бірі – академик, ғалым Қазис Тәшенов. Ол кісі өте білімді әрі интеллигент еді. Физиология институтының директоры болды. Мен сол кісіні өзіме үлгі тұттым. Биология факультетінің Адам және жануарлар физиологиясы кафедрасын тамамдағанмын. Алғашқы екі жылда жалпы білім беріледі де, үшінші курстан бастап маман даярлау курстары жүргізіледі. Кафедраны орыс тілінде аяқтадым. Сол уақыттағы физиология институтында түрлі жан-жануарларға жасалатын ота, тәжірибелерді ұстазыммен бірге атқардым. Ол кісі білімділігімен ғана емес, адами қасиеттерімен де маман болып қалыптасуыма көп септігін тигізді. Кандидаттық, докторлық қорғағанымда қатысып, әрдайым қолдап жүретін. Сонда ұстазым: «Докторлықты сен қорғамағанда кім қорғайды? Сен алмағанда кім алады?» – деп шабыттандырып, арқаландырып қоятын. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, Қазис Тәшенов, өкінішке қарай, екі жыл бұрын өмірден озды. Асылы, ғалым, елге ұстаз боларлық жандар сол кісідей болса екен дер едім.    

       Дара ұстазымның тағы бірі – Қайырбек Рымжанов. Ол кісі де үлкен ғалым, биология ғылымының докторы, академик, профессор. Кейіннен кандидаттық және докторлық диссертацияма ғылыми жетекші болды. Ол кісі де өз ісінің шебері әрі рухани құндылықтарымен қатар, бірнеше тілді (француз, неміс т.б.) өз ана тіліндей білетін. Кезінде Германия, Франция университеттерінде дәріс оқып, сабақ берген. Ұстазым жан-жақтылығымен ерекшеленетін, мәселен, ол Кеңес Одағының бокстан спорт шебері еді.

Одан кейінгі білім жолында биік шыңдарға шығуыма септігін тигізген ұстазымның бірі – биология ғылымының докторы, академик, профессор, Адам физиологиясы кафедрасының меңгерушісі болған Қабдырахман Дүйсенбіұлы. Ол кісі сабырлы да байсалды, көркем мінезді болатын. Ілімін шәкірттерге сіңімді болсын деп, асықпай, аптықпай түсіндіре, жеткізе білетін.

       Үлкен ғалым – Төлеген Мәсенұлы да ұлағатты ұстаздарымның бірі. Көңілі баладай таза. Содан да шығар, студенттердің қитұрқы бұзақылықтарын байқамағандай кейіп танытып, дәрісін санамызға барынша жеткізуге тырысатын.

       Жоғарыда атап өткен тұлғалар биология, адам физиологиясы салаларына өздеріне тән әдістемелерін ұсына отырып, шәкірттердің маман болып қалыптасуына қосқан үлестері ұшан-теңіз. Ғылыми жетістіктерінің өзі бір төбе. Мінеки, осындай сегіз қырлы, бір сырлы ағаларымыздан тәлім-тәрбие, білім алғаным үшін қуанамын әрі мақтан тұтамын.  

       Ерекше атап өткім келетін ұстазым – ойы терең, керемет ғалым, аса мәдениетті, өзінің ерекше аристократтық келбетімен қатар, нағыз қазақ қызының кейпімен үйлескен Майя Хаджеддинқызы Шигаева. Ол биология ғылымының докторы, профессор, биология факультетінің деканы еді. Біз, қыздар, сол кісіге ұқсағымыз келетін. Ол кісі боянбайтын, табиғи сұлулығымен шашын желкесіне түйіп, бірқалыпты болып дүниеден өтті. Не деген керемет адам еді, мен де сол кісіге ұқсап, үнемі бірқалыпты, шашымды желкеме түйіп жүремін.

 

– Студент кезіңізде кім болуды, қандай биіктерді бағындыруды армандадыңыз? Бүгінде сол арман-мақсатыңызға жеттіңіз бе?

– Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, оқуға түстім. Сонда менің көкейімде студенттік өмір адам ғұмырының ең жарқын шағы болып елестейтін. Құдды бір студенттік өмір аяқтала салысымен үлкен өмір зуылдап өтіп, зейнеттен бір-ақ шығатындай боп көрінетін. Сол үшін де студенттік шақ бітпесе екен деп тілейтінмін. Биология факультетінде бес жыл емес, жеті жыл оқыдым. Себебі сол шақта қолым сынып, академиялық үзіліс алып, бір жылдай жұмыс істедім. Кейін тұрмыс құрып, бедеулік дертіне тап болып, ота жасатып, тағы бір жыл академия алдым. Жас күнімізде сондай бір сынақтар болды. Жастық желікпен студенттік өмір бітпесе екен деп қанша тілесем де, жанымның түкпірінде тығылып жатқан үлкен арман болды, ол – медицина ғылымы еді. Жыл сайын медицина факультетіне ауыссам ба екен деп толғанып жүретінмін. Әу баста медицинаға бармаған себебім – өзіндік бір үрей болды. Яғни қаннан қорқатын фобиям бар еді. Тамырдан қан алса талып қалатынмын. Тіс дәрігеріне барсам да, сондай күй кешетінмін. Қанша жерден дәрігер болғым келсе де, қорқақтық жеңетін. Анам сол себепті медицинаға баруыма қарсы болды. Медициналық оқуға түсіп, сосын талып жатсам, оқудан шығып кететінімді ескертті.

       Сол кездері әкем атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің қызы, Ұлттық ғылым академиясының президенті Асқар Қонаевтың жұбайы, тарих ғылымының докторы, профессор Ләйлә Әуезовамен өте жақын араласатын. Яғни Қонаевтар отбасымен жақсы қарым-қатынаста болдық. Әкем анам екеуміздің Ләйлә Мұхтарқызымен ақылдасуымызды жөн санады. Ол кезде Жамбыл облысындағы Қордай ауданының тұрғыны едік, оқу бітіре салысымен анам екеуміз Алматыға келдік. Ләйлә апай бізді жылы қарсы алып, менің тамырымды басқандай, шын мәнінде нені жақсы көретінімді сұрады. Мен медицина ғылымын айттым. Ал қандай пәндерді жақсы көретінімді сұрағанда, өзіме ұнайтын математика, органикалық химия, биология пәндерін атадым. Сонда Ләйлә апайдың бір білгені болар, математикаға түсуімді құптамады. Медицинаға түсуімді құп көрген соң, өзімнің қорқынышымды айтып едім, ол сәл ойланыңқырап отырып медицинаның анасы, негізі – биология факультетіне түсуіме кеңес берді. Ғылымның сандаған тармақтарын зерттеп, түрлі жұмбақтары ашылатынын айтқан соң, мен осылайша болашақтың алғашқы адымын аттадым. Қарашаңырақ – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетіне медалист ретінде химия пәнінен бір ғана емтихан тапсырып, оқуға түстім. Университетті қызыл дипломмен бітіріп шықтым.  

 

– Мінез-құлқыңыз қандай?

– Мінез-құлқыма келсем, жылдам адаммын. Жылдам шешім қабылдаймын. Өзім байсалды болғаныммен, өмірде «ертең» дегенді ұнатпаймын. Бүгін істелуі керек жұмысты сол күні бітіріп тастауға тырысамын. Қайын атам «Ертең деген ешқашан келмейді» деп ескертетін. Біреу айтып үлгергенше, мен жасап үлгеремін.