Бұғаттау буллиңнен құтқара ма?

Балалар құқығын қорғау мәсе­лелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу» туралы заң жобасына «Nur Otan» пар­тиясының депутат­тары Айдос Са­рым мен Динара За­киева ұсынған өз­ге­ріс­тер әлеуметтік же­ліде қызу талқыға түсті. Депутат­тар­дың ұсынысы бойын­ша, шетел­дік онлайн платформалар мен жедел хабар алмасу қызметтері Қа­зақстан­да заңды тұлға ретінде тір­келіп, өз өкілдіктерін ашуы тиіс екені тура­лы айтылған. Бұл өзгерісті ұсынған де­путаттар мен өзге де медиа сарап­шы­лардың пікірін қаз қалпында бергенді жөн көрдік.

  136974382 10224332492809806 7186401941556005690 n  Айдос САРЫМ, «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мүшесі, Мәжіліс депутаты:

«Әлеуметтік желіні заңсыз бұғаттайтын болса, мен отставкаға кетуге дайынмын» дегенім рас

– Қоғамда жиі талқыланатын әңгіменің бірі – интернет мәселесі. «Әлеуметтік желіні рет­теу немесе тіркеудің керегі бар ма?» деген сауал да жиі алдан шығады. Осының бәрін ес­керетін кез жетті. Қарапайым мысал, ал­дымен автокөлік пайда болды. Уақыт өте келе, көлік саны көбейіп, жиі жол апаты болды. Жол апатының көбейгені сонша, бірнеше адамның ажалына себеп болды. Содан кейін бағдар­шамдар қойылып, жолайрықтар салы­на бастады. Сол секілді интернет өмірімізге енгелі түрлі жағдайға тап болдық. Тіпті, қар­қынды дамығаны сонша дәстүрлі медианы ығыстырып жатқанына өзіңіз де куәсіз.
Осының бәрін ескерсек, баспасөзге байланыс­ты заңға өзгеріс енгізу қажет екенін ұқтық. Мем­лекет бұл заң арқылы бір ғана дүниені көз­деп отыр. Мемлекет заңнама заманның кө­шінен қалмасын деген ниетпен жасап отыр­ған дүниесі. Заңның бірнеше функциясы бар. Оның ең үлкен функциясы – мемлекеттік органдарға тиісті тетіктерді көрсету. Қаржыландыруға араласып, түрлі мәселелерді шешуге ықпал жасау. Екінші мәселе – мәде­ниет қалыптастыру. Заң белгілі бір тұрғыда мәдениетті қалыптастырады. Еліміздегі ең үлкен мінбер – заң. Қоғамға ой салып, мәсе­лені шешуге ықпал етеді. Осы тұрғыдан қарау керек секілді. Егер осы заңды пайдаланып, әлеуметтік желілерді заңсыз бұғаттайтын болса, мен отставкаға кетуге дайынмын деп айт­қан едім. Өмірдің шындығы болатынын ес­керсек, бұл ешқандай эмоциямен айтылған сөз емес.

119525078 1695857063906510 8043119905973974890 n    Бэлла ОРЫНБЕТОВА, медиа сарапшы:

Контентті бұғаттау – суға кеткен қайықтың ішіндегі суды шелекпен төгу

– Алдымен, бұл экспериментті көршілес Ресей қолданды. Нәтижесін көріп отырмыз. Иноагент деп қаншама медианы жапты. Сай­лау алдында саяси оппоненттерінің ресурс­та­рын жауып тастады. Бірнеше күн бұрын ғана Google өкілдігіне тінтумен келіп, қомақ­ты айыппұл салды. Кибербуллиң проблемасы мұнымен мүлдем шешілмейтінін өздері де жақ­сы білуі тиіс. Кибербуллиңге қатысы бар кон­тентті бұғаттау суға кеткен қайықтың ішіндегі суды шелекпен төгіп отыруды елес­тетеді. Кибербуллиңнің негізгі себебі қы­сым жасайтын контентте ғана емес. Неліктен қайықтың тесігін бітемеске, неліктен бул­лиңг­нің алдын алу үшін әділ сот, қоғамдағы коммуникация мәдениетін, көмек көрсетуші құры­лымдарды дамытпасқа ?!. Менің ойым­ша, бұл заңның көздегені – әлеуметтік желі­лерді, тәуелсіз платформаларды бұғаттау я бол­маса өз «сенімді» адамдарын отырғызу ар­қылы толық бақылауға алу. Әлеуметтік же­ліде қазір биліктің кемшіліктерін айту, заң­сыздық жағдайларына қарсылық білдіру, елдегі шиеленіске жағдайларды көрсету өте көп. Өкінішке қарай қазіргі жағдайда ха­лық­тың сенім кредиті төмендеп кеткен. Аза­маттар әділетсіздікке тап болғанда мұңын шағатын, шындықты іздейтін алаң ретінде әлеуметтік желілерді көреді. Кейде әлеуметтік желідегі жариялылық проблеманы шешуге кө­мек­тесіп те жатады. Ал бұл жағдай «бас жарылса бөрік ішінде» деп жақсы жағынан көрінуге тырысатын мемлекеттік органдарға, белгілі бір тұлғаларға ұнамайды. Сондықтан осы заң жобасын ұтымды пайдаланып отыр деп ойлаймын.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:              37419314 1009722939194044 6727179933962993664 n

Байбалам салмай, байыпты заң жасауға қоғам атсалысуы керек

– Айдос Сарымның ұсынысы деп жеке-дара бөліп жаруға болмайтын шығар. Әлеу­мет­тік желіні реттеу –5-10 жылдан бері мем­лекет тарапынан, қоғам белсенділері мен сала өкілдерінің айтып келген тақырыбы. Сөз бостандығын шектемесек те, жүйелі түрде тәртіп болуы керек. Аузына келгенді айтып, балағаттап алып, сөз бостандығым шектелді деу – демократия емес. Қоғамда діни экстре­мизм мәселесі, жеке басқа тиісу секілді алауыз­дық тудыратын әлеуметтік мәселелер өршіп тұр. Менің айтқым келгені осы келеңсіз дүниелерді ауыздықтау. Жалғыз Қазақстанда емес, дүниежүзі елдеріндегі күн тәртібіндегі мәселе. Жалпы, осындай дүниелерді алдын алуға қатысты іс-шара ұйымдастыру немесе заңға енгізілетін өзгерісті қолдаймын. Әр дүниенің өз ережесі бар. Жол жүргенде әркім өзінің қалаған жолымен жүріп кетпейді ғой. Сол секілді әлеуметтік желіні де ережеге сай пай­даланып, орынды қолдану керек. Мәселе­нің екінші жағы да бар. Сөз бостандығын шектейді деп алаңдап отырғандарды да түсінемін. Себебі тәртіп орнатайық, ережелер енгізейік дегенді желеу етіп, сөз бостандығына шабуыл жасалу қаупі де жоқ емес. Біраз уақыт бұрын, әлеуметтік желіде шектеу болма­ғанымен, бұқаралық ақпарат құралдарына шектеу енгізілген. Естеріңізде болса соның бірі төтенше оқиғаларға байланысты.
Төтенше оқиғалар болса БАҚ өздігінен ақпа­рат таратпауы керек. Ресми мекемелермен келісіп қана ақпарат жариялауға болады деген мәселені көтерді. Ресейде «Интернет та­за­лығын» желеу етіп, сөз бостандығына шабуыл басталып жатқанын байқаймыз. Бір жағынан «Интернет тазалығын» қамтамасыз ету дұрыс та шығар. Бірақ іс жүзіне асыруға кел­генде түпкі мақсат жолда қалып, сөз бостандығын шектеуге алып келмей ме деген сұрақ тұр. Бұл қоғамның да алаңдаушылығын тудырып отыр. Меніңше, осы екі мәселені бөліп, қарастыру керек. Тағы бір анықтап алатын дүние бұл заң бүгін-ертең қабылдай­тын деңгейде емес. Жалғыз Мәжіліс депу­таттары мен Ұлттық кеңестің қарауындағы дүние емес. Қоғам болып осы заңның түпкі мақсатына назар аударайық. Айқай-шу, ақ пен қараны ажыратпай жатып, дүрбелең туғызу қажет емес. Негізінен елімізде жап-жақсы, ойға қонымды заңдар жазылады. Алайда тиісті жұмыс оң нәтиже беруі үшін қоғамның өзі нақты критерий бойынша бақылап, қате шешім қабылданса, оны дұрыс­тай алатын ережелер керек. Ал ол үшін қоғам белсенділері мен журналистер, басқа да мүдделі азаматтар мен тараптар қызбалыққа салынбай мәселені бүге-шегесіне дейін зерт­теп барып оңтайлы нұсқаның қабылдануына үлес қосқан жөн. Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде айтарым, ашық талқылауға ұсынып, қо­ғам болып пікір білдірейік. Жақсы мен жа­ман тұсын нақты аргументтермен талқы­лайық.

whatsapp image 2020 10 15 at 15.41.19 800x1024 1 Думан СМАҚОВ, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы, медиа сарапшы:

Бұл заң әлеуметтік желідегі әлімжеттікті ауыздықтайтынына кепілдік жоқ

– «Балалар құқығын қорғау мәселелері жө­ніндегі кейбір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасына депутаттардың ұсынған өзгерістері қо­ғамда пікірталас тудырғаны рас. Менің ойым­ша, онлайн платформаны тіркеудің еш­қандай маңызы жоқ. Өйткені ол реттел­мейтін және мемлекет тарапынан реттеуді қажет етпейтін дүние. Себебі мемлекет тара­пы­нан қадағаланса, қоғам мүшелерінің сөз бос­тандығына, сөйлеу еркіндігіне нұқсан кел­тіретіні анық. Сондықтан бұл тұрғыдан қара­ғанда әлеуметтік желіні тіркеу, оның жұ­мысын реттеу секілді жұмыстар адамдар­дың сөз бостандығынан бұрын еркін пікір білдіріп, жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Егер заңға өзгеріс енсе, буллиң мен кибербуллиң мә­селесі ауыздықталатынына да ешкім кепіл емес. Мемлекетке ұнамсыз, түрлі билік орган­дарын қудалайтын саяси оқиғаларды жария­лап, теріс пікір білдірген жеке тұлғаның немесе ұйымның әлеуметтік желісін нысанаға алып, бұғаттау, көзін жою – демократиялы ел­дің ұстанымына қайшы.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА 

Back to top button