24 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

24 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

24 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1934 жылы 24 қыркүйекте Ұйғыр музыкалық комедия театры құрылды. Театр 1941-1961 жылдары Еңбекші қазақ ауданында болған, кейінірек Алматы қаласына қоныс аударған. 1964 жылы атауы Республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп өзгерді. 1991 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаларға байланысты мән-жайларды түпкілікті бағалау жөніндегі комиссияның қорытындылары туралы қаулының алғашқы ресми құжатын қабылдады, онда жастардың алаңға шығып сөз сөйлеуі ұлтшылдық емес екені және бастапқы кезеңде құқыққа қарсы сипатта болмағаны туралы айтылды. 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт қол қоюға ұсынылды. Құжатқа сәйкес, қатысушы мемлекеттердің әрбірі сынау үшін ядролық қаруды жармау, өз бақылауындағы кез келген жерде ядролық жарылысқа тыйым салу міндетін алды. Қазақстан құжатқа 1996 жылғы 30 қыркүйекте қол қойып, 2001 жылдың 14 желтоқсанында ратификациялады. 1997 жылы Франция ұлттық типографиясында жаңа қазақстандық пошта маркасы жасалды. Онда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың суреті мен республика картасы бейнеленген. 2005 жылы Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Жобаның авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Хасен Абаев. Петропавлда ескерткіш орналасқан жерде бұрын Халықтық Ішкі істер комиссариатының ғимараты орналасқан болатын. Ескерткіштің іргетасына шойын жолға бекітілген пирамида орнатылған. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» деген жазу қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Үшбұрышты пирамида - бұл бәріне белгілі адам символы болып табылады. Ол шойын жолға бекітілген сияқты, сол жолмен кезінде репрессияға ұшырағандарды Қазақстанға жеткізген. Шетінде - үш жол, ол жарлық шығарған сталиндік «үштікті» бейнелейді. Композицияда үш түс пайдаланылған: қара түс - өлім, қызыл түс - қан, ақ түс - болашаққа деген сенім мен үміт. Ескерткіш орнатылған алаңда қазіргі заманғы талаптарға сай жасалған шағын бақ ашылды. 2010 жылы танымал қазақстандық ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Жәңгір» тарихи драмасының сценарисі және продюсері атанды. Жаңа жоба – 1825 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы тарихи драма, оның эпицентрінде Қазақ ханы Жәңгір болған. Фильмнің түсірілімі Санкт-Петербургте өтті. Картинаға ресейлік, қазақстандық, сондай-ақ француз және фин кинематографистері тартылған. Картинаның жалпы бюджеті – 8-9 млн АҚШ доллар. 2011 жылы «Еуразия» VII Халықаралық кинофестивалінде қазақ режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов пен режиссер Сано Синдзюдің «Найзағай алдында» картинасы үздік фильм атанды. 2012 жылы Павлодарда Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанинге ескерткіш ашылды. XIX ғасырда тұрып, Қазақстанның мәдениеті, ғылымы және әдебиетіне үлкен үлес қосқан екі көрнекті тұлға, екі дос қоладан жасалған мүсіндік композицияда мәңгі есте қалдырылды. «Ш. Уәлиханов пен Г. Потанин» мүсіндік композициясының биіктігі 3,6 метр, ол танымал қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұровтың жұмысы. Оның тұғыры өңделген гранитпен қапталған. 2013 жылы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Иран мен Үндістаннан XI-XVIII ғасырларға жататын, Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар 40-қа жуық көне қолжазбалардың көшірмесін әкелді. Құжаттарды Қазақстан ғалымдары «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы аясында Иран Ислам Республикасы мен Үндістанның музейлеріне ұйымдастырған экспедициясы кезінде тапты. 2018 жылы Ақтөбе қаласының 5-шағын ауданында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың атындағы көпір ашылды. 2019 жылы Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік Германияның әлемге әйгілі «Баден-Баден» клубымен келісімшартқа қол қойды. «Баден-Баден» әйелдер клубы классикалық шахматтан да, жылдам шахматтан да әлем чемпионы атанған ең мықты шахматшыларды қатарына қосып келеді. «Баден-Баден» командасының капитаны жас әрі мықты шахматшыны қатарына қосып алғанына қуанып отырғанын жеткізді. 2020 жылы Түркияда қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абайдың құрметіне саябақ пен ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Анталия қаласының Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал саябаққа Абайдың атын беру қазақ және түрік халықтарының рухани және мәдени жақындығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті. 2020 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттамаға қол қойды. 2020 жылы Әбу-Дабиде (БАӘ) «Абай» мәдени-танымдық залы ашылды, онда оқырмандар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қазақ, араб және ағылшын тілдеріндегі шығармалармен таныса алады. Аталған зал Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелеріне арналған ресми іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында да пайдаланылатын болады.