Өлшеусіз еңбектің өнегесі

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, 1993 жылдан бері Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахаттың ғылыми шығармашылық және публицистикалық еңбегіне елдік зерде, ұлт мұраты, кемел көзқарас, көркем мінез тән.

35 жыл бойы ұстаздықпен шұ­ғыл­данған алғыр ұйымдастырушы әрі естігені, істегені де, көңілге то­қы­ғаны да мол, зердесі, қиялы, ойы, тілі жүйрік, жинақтаған тәжрибесі де мол Нұртас Ахат мырза этно­пе­да­гогика, лингвистика, фәлсафа, әлеу­меттану, мәдениеттану, заңтану ғылымдарының жетістіктерімен мық­тап қаруланған. Сонымен қатар қа­зақ халқы әдебиетінің ересен қуат­ты рухани игіліктерінің дана­лы­ғын, тәлімгерлігін, көркемдік көз­қарасын, ұлттық психология, эт­номәдени құндылықтарын, эт­ног­рафиялық ұғым-түсініктерін білім­дарлықпен таразылап, «ұлттық тәр­бие ұлылығын» бесік жырлары не­гізінде байыпты баяндайды. «Асы­лы, бесік жыры –тұнып тұрған тәр­бие мұхиты, тәрбие әліппесі». Ұлт­тық дүниетанымымызда бесік жы­рының түпкі мақсаты – сәбиге тіл­дік орта жасау және ұлт тілінің уы­зы мен әуезін болмысына ұялату.
«Тұрмыс-салт жырларындағы ұлт­тық педагогика мәселелері» де­ген оқу құралында ұлттық-ру­хани құн­дылықтарды, халықтық тәжіри­белерді толғайды, саралайды.
Педагог-ұстаз Нұртас Ахат ха­лық педагогикасының тү­бірлі көкейкесті мәселелерін ой еле­гінен өткізіп, алдымен ұлттық сана-сезім, ұлттық дәстүрге баулу­дың кешенін жасап, түйсік пен са­на­ның жаңаруын діттейді, ер бала тәр­биесіндегі ұлттық бағытты (яғ­ни оларды мейірімділік, ізеттілік, өне­гелілік, тазалық, әділдік тәрізді қасиеттерді меңгерту) анықтайды.
Негізінде, балауса балғын қа­сиеттер отбасында гүлдеп, көркейетінін мағыналы мәліметтер­мен дәйектеп дәлелдейді. Ол ес біл­генде көз алдында көркемдік әсер­лілігімен қызықтыратын ға­жайыптар орындалуы шарт. Ол үшін мәні мен сәні керемет үйлес­кен қасиетті, киелі, тамаша әдет-ғұрып­тық дәстүрлер, ұлттық сим­вол­дар, рәміздер, қағидаттар, ха­лық­тық шынайы салтанаттар көр­сетілуі тиіс. Мысалы, шілдехана, бесікке бөлеу, азан шақырып ат қою, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүн­детке отырғызу, тайға мінгізу, сәлем бергізу, қарттарға құрмет жасату). Бұлардың баршасы – әнменен, күйменен, жырлармен, бата сөз­дермен, лала да лағыл лебіздермен, түр­ліше ұлттық ойын-сауық түр­лері­мен ұйымдастырылатын ке­шен­ді жанды құбылыстар. Ендеше, «көкірек толғауынан өткізуіне жол ашады», кемелдікке ұмтылуына серпін береді. Дала философиясы, тәліми-тұрмыстық жағдайлар ер баланың руханилық, биологиялық, физиологиялық қажеттіліктері үшін жақсы қызмет етеді.
Эрудициясы айрықша эн­цик­лопедиялық білімнің иесі Нұртас Ахат әлемдік білім беру жүйе­­сінен (ол Оксфорд және Кемб­ридж университеттерінің оқу бағ­дар­ламаларын ыждаһатпен зер­де­леген) мол хабардар.
Жапония мысалында ұлт­тық тәрбиенің беломырт­қа­сы – ана тілінде сөйлесе, дүние құ­былыстарын өзінің тілінде қа­был­даса, баланың ішкі жан дүниесі, рух әлемі, ой-өріс кеңістігі, психо­логиясы ұлттық негізде қалып­та­сады. Сондықтан да ұлттық тамыр­дан нәр алған жасөспірім өзінің елі­не, жеріне жаны ашиды, жан­қиярлықпен еңбектенеді.
Балабақшада нендей мақсат­ты іске асыру турасында ұл­т­тық балабақшадағы тәлім-тәр­бие бағдарламасын жасау, қазақша тілі шыққан және орысша тілі шық­қан 1 топта болған қателік, ұлттық на­қыштағы қазақы рәсімдерді (сә­лем беру, ақиқат сөйлеу, өтірік айт­пау, қыз баланы ардақтап құрметтеу, ұлттық ойындар (аударыспақ, белбеу тастау, теңге ілу) ұйым­дас­тыру қажет деп қорытады.
Мектеп тәрбиесінде ер бала­ның өзін-өзі ұстай білуіне, көнтерлі болуына, сөйлеу мәдениеті мен абзалдық қасиеттерінің кемел­денуіне жарқын жол ашу керек. Сондай-ақ ұлт тарихы мен мәде­ние­ті бойынша курстар және қолөнері, саятшылық, ұлттық спорт түрлері­нен секциялар ұйымдастырылса, ер балалардың ой-санасы, көзқарасы, сезім дүниесі рухани жағынан тү­лер еді.
«Мемлекеттік білім құндылық­тарын қалыптастыру Ыбырай Ал­тын­сарин мұралары», «Әлемдік жаһан­дастыру процесі жағдайында эт­нотәрбиенің бүгінгі өзекті мәсе­лелері», «Жаңа қоғамдық сананы қа­лыптастыруда этнопеда­гоги­ка­ның маңызы», «Ер бала тәрбие­сін­дегі ұлттық бағыт», «Қазіргі мек­­тепке дейінгі ұйымдарда педа­го­гикалық үрдісті», «Жаңалан­дыру­дағы инновациялық педагогикалық технологиялар», «Білім ақпаратын­дағы жаңалықтар», «12 жылдық білім беру жүйесіне сай құзыретті ма­мандар даярлаудың өзекті мә­селелері», «Кәсіптік білім сапасын жаңартудың негізгі – тұлға құзырлылығы», «Ауыл мектебіндегі білімге қамқорлық қажет», «Білік­тілікті сертификаттау және өнді­рістік іс-тәжірибені ұйымдастыру» тәрізді еңбектерінде этнопедаго­гиканың (фольклортану, этногра­фия, психология, лингвистика, фәл­сафа ғылымдарының байла­нысы) өзекті мәселелері, нақты айтқанда, «білімнің» классикалық және генетикалық анықтамасы, тұлға мәдениеті (ұлттық діл, адам­шылық, тәжірибе), жаңа сапалық ойлау жүйесін қалыптастыру, гума­нистік, этикалық, көркем тәрбие мәнісі, инновациялық педагоги­калық технологиялар, интеллек­туал­дық, кәсіптік, руханилық, креа­тивтік, синергетикалық сықылды құзырлылық бірегей қабілеттер. Осылардың барлығына ұлттық рух пен патриотизм шұғыласын мол түсіру ләзім.
Жаһандану үдерісі, заман, қо­ғам, руханият, ғаламтор, зия­лылар жайы хақындағы көз­қарасы да шынайы, дәлелді. «Абай жолын» неге оқымағансыңдар?» деп «соғысып» жүрген алакөңіл ұстаз­дың жанайқайы бар бұл шығармада.
«Ел» (2021) еңбегі – тарихи-фи­лософиялық, танымдық шығарма. Мұнда ол Ұлы даланың тағдырына, тарихына, өркениетіне, дәстүріне, тіліне, ел басқару жүйесіне, Мәңгілік ел идеясына (Түркі қағанаты, Дешті-Қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан бастап, Алаш идеясына дейін), Ұлт Тәуелсіздігіне қатысты түйінді, тұрлаулы тұжырымдар өрбітеді. «Ел» ұғымының қыр-сырын пайым­дайды. «Ел болғанбыз» дей отырып, Отбасы, Ауыл, Ел, Би құрылымын, Ел басқару жүйесін, елшілдікті, мем­лекетшілдікті бар дауыспен жыр­лаған қолбасшылық жасаған жы­рау­лар дәуірін тарихи-шежірелік, әдеби деректер негізінде толыққан­ды баяндайды. Әрі дала демокра­тиясы, демография, миграция, гео­саясат, жаһандану үдерісі, ұлттық салт-дәстүр, Алаш идеясының, сая­си-идеологиялық ұстанымдары те­рең, толық талданады. «Ел» кітабы – ­ұлт ар-намысының айнасы.
Ұлттық поэзия тарихында айтулы тұлға Орынбай Бер­та­ғыұлының (1813-1891) импро­ви­заторлық өнерін, өнерпаздық ор­та­сын, діни-мұсылмандық көзқара­сын («Адамның жаратылуы туралы», «Қырық парыз», «Бұл дәуір тұрар ма екен сізге ұдайы», «Жүз жұлдыз»), көркемдік әлемін тиянақты мұқият тексерді. Қолжазба қорларындағы тарихи-мәдени, әдеби деректерге ие материалдарды ғылыми айналымға қосты.
Жазушы-драматург Шахмет Хұсайынов (1905-1972) пен қазақ әдебиетінің классигі «шын­дық шырағы» Сәкен сері Жүні­сов, сондай-ақ Көкен Шәкеев, Кә­кім­бек Салықов, Нұрмияш Көбенов, Төлеген Қажыбаев тәрізді жыр дүл­дүлдерінің шығармашылық өмір­баяны турасындағы мейірленіп жазған ой-толғаныстары оқырман­дарды сүйсіндірері хақ. Өйткені ол шы­ғармашылық өнер иесінің та­биғатын, қабілетін, болмысын, көр­кем ойының ішкі құбылыстарын жі­ті таниды да, құштарлықпен сөй­летеді.
Кісілік келбеті келісті, зия­лылық шуағы мол төгілген Нұртас Ахаттың өзінің мектептегі ұстаздарына деген ілтипаты ерекше. Мысалы, «Ары мен адалдығы тең еді» (Күлбаршын Сәлімқызы жай­лы) және «Ұстаз ұлағаты» (Гүлнәр Шәй­мергенқызы туралы). «Сөз айттым жаны таза жандарға» деуі – оның ішкі мәдениетінен туған сырлы ле­біз.
«Сөз және сурет» еңбегіндегі тоқ­сан афоризм тоқсан тарау тұр­мыс-тіршіліктен сыр толғайды. Тағ­дыр тәмсілдері, өмір оқулығы іс­петті. Ой құшағындағы, аудитория ал­дын­дағы халық қызметкерінің үнін миға жүгіртейік, зердемізге түйейік: 1. «Жер бетіндегі өз дене­сінен миы үлкен құмырсқа екен. Миының арқасында миллиондаған жылдар бойы жан сақтап келеді. Адал, еңбекқор осы жәндікке теңесе алмай келеміз. Адамды неге осынша жа­зылады екен?!». 2. «Балабақша мен бастауыш мектептегі басқа тіл­дің берілуін түбегейлі жоймай, жақ­сы жетістіктерге жетпейміз. Бізге осы жолда бір-ақ таңдау бар. Ол – күрес!». 3. «Санасы ассимиля­ция­лан­ған биліктегі қазіргі буын аттан түс­­­­­пейінше, ана тіліміз төрге шы­ға­ды деу – құр бекершілік».
Жаңашыл ұстаздың бұл дү­ниесі ата мен немеренің бірі­гіп жасаған шығармашылық үйле­сімінен туған. Атасы аталы ой тол­ғаса, немересі сурет салады…
Ол республикамыздың әде­би-мәдени өміріне белсене араласады. Соның бір мысалы – Алаш үкіметінің 100 жылдығына орай Көкшетау қаласында «Алаш және Тәуелсіздік» дейтін тақырыпта ғылыми конференция өткізді және де студент жастардың рухани түлеуі мақсатында «Айбын» әскери-пат­риот­тық «Ар-Намыс» саяси-интел­лектуалдық клубтарда жүйелі түрде рух дәрістерін, даналық сабақтарын шалқыта оқиды.
Колледжде 1 060 студент пен 90 ұстаз-педагог бар. Осын­дай ұжымға басшылық жасау (білім беру, үйрету, шынайы педагог даяр­лау, материалдық-техникалық база­сын жақсарту, оқу-әдістемелік құрал­дармен қамтамасыз ету, жылу мен жарық мәселесі) – қайраткерлік пен ізгілікті, әдептілік пен кісілікті, әді­леттілік пен жауапкершілікті ті­лейді. Мінеки, осындай қасиеттер ұстаз көрген ұстаздың бойынан та­­бы­лады. Осы бір қадір-қасиет­тері­нің арқасында Көкшетау қала­сында 1997 жылдың 1 қаңтарында ТЭЦ апатқа тап болғанда, директор Н.Ахат бастаған ұжым педколледжді қауіп-қатерден сақтап, оқу ісін тоқ­татқан жоқ. Бұл бір ұжымның рухани-қаһармандық ерлігі еді. Мұ­ның басында таудың құл­жа­сындай қасқиып Жәпек батырдың көзіндей Нұртас Ахат тұр.
Нұртас Ахаттың болмысын, тұл­ғасын, берекелі хареке­тін, әдепті, мәдениетті жүріс-тұры­сын білгеніме, ішіме түйгеніме, куә­гер болғаныма, оның ішкі жан дү­ниесінің тұңғиығына шамамша бой­лағаныма 29 жылдың жүзі бо­лыпты. Оның өн бойы тұнған өне­­ге. Соның бір қыры – дала сы­рын, аң-құстардың тілін, тәсілін білетін өнерлі, құмарпаз, мейірбан сая­хат­шы.
Ата жұртымыздың асыл дәс­түрлерін, мұраларын, әдет-ғұрыптарын, даналық жауһарларын, кісілік қасиеттерін кие тұтып, ұс­таз­дық өмірінің қазығы еткен Нұр­тас Ахаттың өнегелі істері – елге қыз­мет етудің абыройлы жолы.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Back to top button