Өлшеусіз еңбектің өнегесі
Өлшеусіз еңбектің өнегесі
35 жыл бойы ұстаздықпен шұғылданған алғыр ұйымдастырушы әрі естігені, істегені де, көңілге тоқығаны да мол, зердесі, қиялы, ойы, тілі жүйрік, жинақтаған тәжрибесі де мол Нұртас Ахат мырза этнопедагогика, лингвистика, фәлсафа, әлеуметтану, мәдениеттану, заңтану ғылымдарының жетістіктерімен мықтап қаруланған. Сонымен қатар қазақ халқы әдебиетінің ересен қуатты рухани игіліктерінің даналығын, тәлімгерлігін, көркемдік көзқарасын, ұлттық психология, этномәдени құндылықтарын, этнографиялық ұғым-түсініктерін білімдарлықпен таразылап, «ұлттық тәрбие ұлылығын» бесік жырлары негізінде байыпты баяндайды. «Асылы, бесік жыры –тұнып тұрған тәрбие мұхиты, тәрбие әліппесі». Ұлттық дүниетанымымызда бесік жырының түпкі мақсаты – сәбиге тілдік орта жасау және ұлт тілінің уызы мен әуезін болмысына ұялату.
«Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері» деген оқу құралында ұлттық-рухани құндылықтарды, халықтық тәжірибелерді толғайды, саралайды.
Педагог-ұстаз Нұртас Ахат халық педагогикасының түбірлі көкейкесті мәселелерін ой елегінен өткізіп, алдымен ұлттық сана-сезім, ұлттық дәстүрге баулудың кешенін жасап, түйсік пен сананың жаңаруын діттейді, ер бала тәрбиесіндегі ұлттық бағытты (яғни оларды мейірімділік, ізеттілік, өнегелілік, тазалық, әділдік тәрізді қасиеттерді меңгерту) анықтайды.
Негізінде, балауса балғын қасиеттер отбасында гүлдеп, көркейетінін мағыналы мәліметтермен дәйектеп дәлелдейді. Ол ес білгенде көз алдында көркемдік әсерлілігімен қызықтыратын ғажайыптар орындалуы шарт. Ол үшін мәні мен сәні керемет үйлескен қасиетті, киелі, тамаша әдет-ғұрыптық дәстүрлер, ұлттық символдар, рәміздер, қағидаттар, халықтық шынайы салтанаттар көрсетілуі тиіс. Мысалы, шілдехана, бесікке бөлеу, азан шақырып ат қою, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, тайға мінгізу, сәлем бергізу, қарттарға құрмет жасату). Бұлардың баршасы – әнменен, күйменен, жырлармен, бата сөздермен, лала да лағыл лебіздермен, түрліше ұлттық ойын-сауық түрлерімен ұйымдастырылатын кешенді жанды құбылыстар. Ендеше, «көкірек толғауынан өткізуіне жол ашады», кемелдікке ұмтылуына серпін береді. Дала философиясы, тәліми-тұрмыстық жағдайлар ер баланың руханилық, биологиялық, физиологиялық қажеттіліктері үшін жақсы қызмет етеді.
Эрудициясы айрықша энциклопедиялық білімнің иесі Нұртас Ахат әлемдік білім беру жүйесінен (ол Оксфорд және Кембридж университеттерінің оқу бағдарламаларын ыждаһатпен зерделеген) мол хабардар.
Жапония мысалында ұлттық тәрбиенің беломыртқасы – ана тілінде сөйлесе, дүние құбылыстарын өзінің тілінде қабылдаса, баланың ішкі жан дүниесі, рух әлемі, ой-өріс кеңістігі, психологиясы ұлттық негізде қалыптасады. Сондықтан да ұлттық тамырдан нәр алған жасөспірім өзінің еліне, жеріне жаны ашиды, жанқиярлықпен еңбектенеді.
Балабақшада нендей мақсатты іске асыру турасында ұлттық балабақшадағы тәлім-тәрбие бағдарламасын жасау, қазақша тілі шыққан және орысша тілі шыққан 1 топта болған қателік, ұлттық нақыштағы қазақы рәсімдерді (сәлем беру, ақиқат сөйлеу, өтірік айтпау, қыз баланы ардақтап құрметтеу, ұлттық ойындар (аударыспақ, белбеу тастау, теңге ілу) ұйымдастыру қажет деп қорытады.
Мектеп тәрбиесінде ер баланың өзін-өзі ұстай білуіне, көнтерлі болуына, сөйлеу мәдениеті мен абзалдық қасиеттерінің кемелденуіне жарқын жол ашу керек. Сондай-ақ ұлт тарихы мен мәдениеті бойынша курстар және қолөнері, саятшылық, ұлттық спорт түрлерінен секциялар ұйымдастырылса, ер балалардың ой-санасы, көзқарасы, сезім дүниесі рухани жағынан түлер еді.
«Мемлекеттік білім құндылықтарын қалыптастыру Ыбырай Алтынсарин мұралары», «Әлемдік жаһандастыру процесі жағдайында этнотәрбиенің бүгінгі өзекті мәселелері», «Жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруда этнопедагогиканың маңызы», «Ер бала тәрбиесіндегі ұлттық бағыт», «Қазіргі мектепке дейінгі ұйымдарда педагогикалық үрдісті», «Жаңаландырудағы инновациялық педагогикалық технологиялар», «Білім ақпаратындағы жаңалықтар», «12 жылдық білім беру жүйесіне сай құзыретті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері», «Кәсіптік білім сапасын жаңартудың негізгі – тұлға құзырлылығы», «Ауыл мектебіндегі білімге қамқорлық қажет», «Біліктілікті сертификаттау және өндірістік іс-тәжірибені ұйымдастыру» тәрізді еңбектерінде этнопедагогиканың (фольклортану, этнография, психология, лингвистика, фәлсафа ғылымдарының байланысы) өзекті мәселелері, нақты айтқанда, «білімнің» классикалық және генетикалық анықтамасы, тұлға мәдениеті (ұлттық діл, адамшылық, тәжірибе), жаңа сапалық ойлау жүйесін қалыптастыру, гуманистік, этикалық, көркем тәрбие мәнісі, инновациялық педагогикалық технологиялар, интеллектуалдық, кәсіптік, руханилық, креативтік, синергетикалық сықылды құзырлылық бірегей қабілеттер. Осылардың барлығына ұлттық рух пен патриотизм шұғыласын мол түсіру ләзім.
Жаһандану үдерісі, заман, қоғам, руханият, ғаламтор, зиялылар жайы хақындағы көзқарасы да шынайы, дәлелді. «Абай жолын» неге оқымағансыңдар?» деп «соғысып» жүрген алакөңіл ұстаздың жанайқайы бар бұл шығармада.
«Ел» (2021) еңбегі – тарихи-философиялық, танымдық шығарма. Мұнда ол Ұлы даланың тағдырына, тарихына, өркениетіне, дәстүріне, тіліне, ел басқару жүйесіне, Мәңгілік ел идеясына (Түркі қағанаты, Дешті-Қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан бастап, Алаш идеясына дейін), Ұлт Тәуелсіздігіне қатысты түйінді, тұрлаулы тұжырымдар өрбітеді. «Ел» ұғымының қыр-сырын пайымдайды. «Ел болғанбыз» дей отырып, Отбасы, Ауыл, Ел, Би құрылымын, Ел басқару жүйесін, елшілдікті, мемлекетшілдікті бар дауыспен жырлаған қолбасшылық жасаған жыраулар дәуірін тарихи-шежірелік, әдеби деректер негізінде толыққанды баяндайды. Әрі дала демократиясы, демография, миграция, геосаясат, жаһандану үдерісі, ұлттық салт-дәстүр, Алаш идеясының, саяси-идеологиялық ұстанымдары терең, толық талданады. «Ел» кітабы – ұлт ар-намысының айнасы.
Ұлттық поэзия тарихында айтулы тұлға Орынбай Бертағыұлының (1813-1891) импровизаторлық өнерін, өнерпаздық ортасын, діни-мұсылмандық көзқарасын («Адамның жаратылуы туралы», «Қырық парыз», «Бұл дәуір тұрар ма екен сізге ұдайы», «Жүз жұлдыз»), көркемдік әлемін тиянақты мұқият тексерді. Қолжазба қорларындағы тарихи-мәдени, әдеби деректерге ие материалдарды ғылыми айналымға қосты.
Жазушы-драматург Шахмет Хұсайынов (1905-1972) пен қазақ әдебиетінің классигі «шындық шырағы» Сәкен сері Жүнісов, сондай-ақ Көкен Шәкеев, Кәкімбек Салықов, Нұрмияш Көбенов, Төлеген Қажыбаев тәрізді жыр дүлдүлдерінің шығармашылық өмірбаяны турасындағы мейірленіп жазған ой-толғаныстары оқырмандарды сүйсіндірері хақ. Өйткені ол шығармашылық өнер иесінің табиғатын, қабілетін, болмысын, көркем ойының ішкі құбылыстарын жіті таниды да, құштарлықпен сөйлетеді.
Кісілік келбеті келісті, зиялылық шуағы мол төгілген Нұртас Ахаттың өзінің мектептегі ұстаздарына деген ілтипаты ерекше. Мысалы, «Ары мен адалдығы тең еді» (Күлбаршын Сәлімқызы жайлы) және «Ұстаз ұлағаты» (Гүлнәр Шәймергенқызы туралы). «Сөз айттым жаны таза жандарға» деуі – оның ішкі мәдениетінен туған сырлы лебіз.
«Сөз және сурет» еңбегіндегі тоқсан афоризм тоқсан тарау тұрмыс-тіршіліктен сыр толғайды. Тағдыр тәмсілдері, өмір оқулығы іспетті. Ой құшағындағы, аудитория алдындағы халық қызметкерінің үнін миға жүгіртейік, зердемізге түйейік: 1. «Жер бетіндегі өз денесінен миы үлкен құмырсқа екен. Миының арқасында миллиондаған жылдар бойы жан сақтап келеді. Адал, еңбекқор осы жәндікке теңесе алмай келеміз. Адамды неге осынша жазылады екен?!». 2. «Балабақша мен бастауыш мектептегі басқа тілдің берілуін түбегейлі жоймай, жақсы жетістіктерге жетпейміз. Бізге осы жолда бір-ақ таңдау бар. Ол – күрес!». 3. «Санасы ассимиляцияланған биліктегі қазіргі буын аттан түспейінше, ана тіліміз төрге шығады деу – құр бекершілік».
Жаңашыл ұстаздың бұл дүниесі ата мен немеренің бірігіп жасаған шығармашылық үйлесімінен туған. Атасы аталы ой толғаса, немересі сурет салады...
Ол республикамыздың әдеби-мәдени өміріне белсене араласады. Соның бір мысалы – Алаш үкіметінің 100 жылдығына орай Көкшетау қаласында «Алаш және Тәуелсіздік» дейтін тақырыпта ғылыми конференция өткізді және де студент жастардың рухани түлеуі мақсатында «Айбын» әскери-патриоттық «Ар-Намыс» саяси-интеллектуалдық клубтарда жүйелі түрде рух дәрістерін, даналық сабақтарын шалқыта оқиды.
Колледжде 1 060 студент пен 90 ұстаз-педагог бар. Осындай ұжымға басшылық жасау (білім беру, үйрету, шынайы педагог даярлау, материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, жылу мен жарық мәселесі) – қайраткерлік пен ізгілікті, әдептілік пен кісілікті, әділеттілік пен жауапкершілікті тілейді. Мінеки, осындай қасиеттер ұстаз көрген ұстаздың бойынан табылады. Осы бір қадір-қасиеттерінің арқасында Көкшетау қаласында 1997 жылдың 1 қаңтарында ТЭЦ апатқа тап болғанда, директор Н.Ахат бастаған ұжым педколледжді қауіп-қатерден сақтап, оқу ісін тоқтатқан жоқ. Бұл бір ұжымның рухани-қаһармандық ерлігі еді. Мұның басында таудың құлжасындай қасқиып Жәпек батырдың көзіндей Нұртас Ахат тұр.
Нұртас Ахаттың болмысын, тұлғасын, берекелі харекетін, әдепті, мәдениетті жүріс-тұрысын білгеніме, ішіме түйгеніме, куәгер болғаныма, оның ішкі жан дүниесінің тұңғиығына шамамша бойлағаныма 29 жылдың жүзі болыпты. Оның өн бойы тұнған өнеге. Соның бір қыры – дала сырын, аң-құстардың тілін, тәсілін білетін өнерлі, құмарпаз, мейірбан саяхатшы.
Ата жұртымыздың асыл дәстүрлерін, мұраларын, әдет-ғұрыптарын, даналық жауһарларын, кісілік қасиеттерін кие тұтып, ұстаздық өмірінің қазығы еткен Нұртас Ахаттың өнегелі істері – елге қызмет етудің абыройлы жолы.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор