E-GOV-ты егемендігінен айырудың қаупі қандай?

E-GOV-ты егемендігінен айырудың қаупі қандай?

E-GOV-ты егемендігінен айырудың қаупі қандай?
ашық дереккөзі
Әрине, бұлардың бәрі бір айда не бір жылда бола қойған жоқ, оған да бі­раз дайындықтар жасалды. Электронды үкімет құру идеясы алғаш рет 2004 жылы ай­тылды. Содан бері электронды үкімет да­мудың төрт кезеңінен өтіп, қалыптасты. Ал­ғашқы кезеңде электронды үкімет пор­талы іске қосылып, ақпаратпен толық­тыры­ла бастады, яғни онда мемлекеттік ор­гандардың жұмысы мен халыққа көр­сететін қызметтері жайлы ақпараттар беріл­ді. Одан соң порталда электронды қыз­меттерді тұңғыш рет ұсына бастады. Сөй­тіп порталды пайдаланушылар түрлі ме­кемелер арасына сабылып, кезек күтіп шар­шаудан құтылып − түрлі анықтама­ларды ала алатын болды, сондай-ақ үйде отырып мемлекеттік органға сұраныс жіберіп, сұранысының қалай қабылданып жатқанын қадағалап отыруға қол жеткізді. Үшінші кезеңде оңтайландыру одан әрі жалғасып, еліміз азаматтары мемлекеттік баж салығын, айыппұлдар және ком­му­нал­дық қызмет ақыларын электронды түрде тө­лей бастады. Одан соңғы кезеңде азамат­тарға қызмет көрсетуді мейлінше тездету үшін интерактивтік және транзакциялық қызметтер кешенді қызмет түрлеріне біріктірілді. Сөйтіп, Қазақстан Үкіметінің Еgov.kz порталы ақпараттық-коммуника­ция­лық жағынан мемлекеттік биліктің ха­лықпен өзара қарым-қатынасын жеңіл­дете түсті. Қазақстан азаматтарын мемлекеттік органдар тарапынан берілетін түрлі деректермен толық қамтамасыз ету мақ­сатында құрылған ашық деректер» пор­талы да (data.egov.kz) аз уақыттың ішін­де кең танылып, жақсы жұмыс істей бастады. Egov-тың смартфондарға арнал­ған қосымшасы жасалып, сол арқылы ел азаматтары электронды үкімет пор­та­лынан өздеріне қажетті анықтамаларды ала бастауы да халыққа тиімділігімен қа­тар, қалың бұқараны электронды қыз­мет­ке барынша көп тартуға әсер етті. Шынын айту керек, қазіргі ақпараттық коммуни­ка­ция кезінде елдің жаппай цифрландыру­дың игілігін көре бастауы заманауи тұр­ғыдан жетістік. Әрине, электронды үкіметтің қыз­меті жан-жақты болғанымен оны тұтыну үшін біраз сауат керек екені белгілі, әсіресе ол үлкендер арасында қиыншылық тудырмай қалған жоқ. Кейде халық белгілі бір себепке байланысты eGov қызметін жап­пай тұтына бастағанда оның шектен тыс жүктемені көтере алмай, жөндеп жұ­мыс істемей қалған кездері де болды. Мә­селен, өткен жылы карантиннің созылуына байланысты Мемлекет басшысының тап­сырмасымен еліміз азаматтарына кө­мек ретінде 42 500 теңге берілетін болып, осы көмекке жүгінгендер көп болған кезде eGov порталы жүктемені көтере алмай, жұмыс істемей қалғаны бар. Сол сияқты азаматтар egov-қа жүгінгенде өздерінің деректерінің толық еместігін (мысалы, некеде тұрғаны шықпайтын т.б.) айтып шағымданып та жататын. Бірақ оны же­тіл­діруге болатын еді. Ал биыл осы айдың ба­сында шыққан хабар ел арасында қатты тал­қыға түсті. Электронды үкімет пор­талының яғни Egov платформасын жаңарту үшін оны қайта жасақтауды өзге елдің мамандары қолға алатыны еліміз аза­маттарын абыржуға салды. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені eGov порталында елі­міздің үкіметі мен азаматтарының дерек­тері жинақталған. Ол − бірінші кезек­те мемлекеттік құпияға жататын де­рек­тер, сосын азаматтардың жеке дерек­терінің өзге қолға өтіп кетуі де қауіпті. Сон­дықтан халық Қазақстан Үкіметінің ре­сейлік СБЕР компаниялар тобы («Сбер­банк» ЖАҚ) арасындағы келісімге үлкен күмәнмен қарады. Тіпті бұл мәселеге ІТ ма­мандар тарапынан да қарсылық көрсе­тіліп жатты. Мұны қалай түсінуге болады? Неге электронды үкімет порталын өзіміздің ІТ мамандардың жасауына бер­мейді? Шынымен eGov платформасын қайта жасақтауды өзге елге беру қауіпті ме? Біздің елге қатысты деректерге өзге елдің ма­мандары қол жеткізуі мүмкін бе? Электрондық үкіметтің порталын өзгелер жасаса, солардың мамандары алдында тәуелді болмаймыз ба? Міне осы сияқты сұрақтар қоғамды әбігерге салып, сайттар мен әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Бұлардың бәрі босқа айтылып жат­қан әңгіме емес-ті. eGov-тың ресей­лік СБЕР компаниялар тобына берілетіні жайында құжат бар. Ол − «Цифрлық транс­фор­мация, цифрландырудың плат­фор­ма­лық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жо­баларды іске асыру саласындағы ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қою тура­лы» Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 606 қаулысы. Осыған сәйкес, Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі мен Сбер компаниялар тобы арасында «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырым­дамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық тура­лы меморандумға» қол қойылған (Вла­ди­восток қ. 2021 жылғы 3 қыркүйек). Айта кетейік, меморандум деген ха­лық­аралық немесе экономикалық қатынастар тура­лы дипломатиялық құжат, әдетте бас­қа елдің (компанияның, корпорацияның) өкіліне жеке тапсырылады немесе екі жақ­тың қызығушылығын тудыратын мә­селенің нақтылығын егжей-тегжейлі сипаттайтын белгілі ережелер, онда мемлекеттің (уағдаласушы тараптардың) мүддесі көрсетіліп, белгілі бір мәселе бойын­ша ұстанымының негіздемесі көр­сетіледі. Сондықтан Қазақстан Үкіметі мен ре­сей­лік Сбер компаниялар тобы» ара­сындағы меморандумда да осы ережелер үстемдік етеді. Әрине, аталған меморандум біздің электронды үкіметті ресейлік ком­панияға қаншалықты тәуелді етеді деген сұрақ отандастарымызды жай қызық­тырып қана қоймай, әлдебір жағдайлар туралы қауіп ойлауға итермелеуі де сөзсіз, бірақ біз өзімізге анық емес әрі жете біл­мейтін саламыз туралы пікір білдіруге бара ал­маймыз, сол үшін мамандар пікірі маңыз­ды. Бұл жөнінен алғанда, физика-ма­те­матика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнардың сөздері салмақты шықты. Ол eGov-тың ресейлік Сбер компаниялар тобына берілуі мәселесінде өткір пікірлерін өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады. 8 қыркүйек күні жариялаған «Қазақстанның цифрлық жеңілісі» (Цифровой нокаут Казахстана) деген постында қалай болғанда да Цифрлы Қазақстан жұмыс істегенін, бүгінгі ел экономикасында цифрлы қызмет табысты салаға айналғанын, жеке басы оның бола­шағына сенгенін айта келіп, былай дейді: «Иә, eGov-тың алғашқы нұсқасын шетел­діктер жасаған. Бұл түсінікті. Ол жақсы емес әрине, бірақ соншалықты жаман да емес. Дегенмен тәжірибе аз болды, өзіміздің платформаларды жасауға құзыреттер болмады. Бірақ жалпы алғанда, цифрлық IT индустрия дами бастады. 2010 жылдан бері қарай Қазақстанда ақпараттық коммуникация мен цифрлық технологиялар қарқынды дамуда. Көптеген та­лантты бағдарламашылар, IT инженер­лер, дизайнерлер болды. Egov.kz-ке келетін болсақ, «электрондық үкімет», цифрлық қызметтер мен цифрлық қолтаңба та­бысты істер болды. Сыналғанына қара­мас­тан, eGov бәрібір қазақстандық қоғамның көп­шілігі үшін жұмыс істейтін және күн­делікті құралға айналды. Оның үстіне, жақында цифрлық билік­ке кәсіби бағдарламашы Бағдат Мусин келді. Біздің елде былғары кресло оған отыр­ғандардың мамандығына сәйкес келуі өте сирек кездеседі. Жаңа министр кезінде цифрлық қызметтер мен электронды Қа­зақ­стан қарқынды дами бастады». Осылай деп Қазақстанның цифрлық дамуы туралы қысқаша шолу жасаған ғалым біздің елдің үкіметі мен Сбер арасындағы меморандум жайында пікірін де айта кетеді: «Мәлі­мет­терге негізделген үкімет» тармақтарындағы «Цифрлық трансформация» соншалық қайғыратындай нәрсе емес. Мұндай келі­сімдерге бұрын да қол қойылған (мысалы, BI-Group пен Сбербанк арасында). Бұл жо­ғары IT технологиялар мен жасанды ин­теллект саласындағы ақпараттық ынты­мақтастықтың кең таралған түрі. Бірақ платформаға қатысты мәселеде абайлау керек. Шын мәнінде, меморандум тек бір ғана нәрсе туралы: Қазақстан Рес­­­­публикасының цифрлық транс­фор­мациясының негізі болып саналатын және деректерге негізделген үкімет пен GovTech парадигмасы принциптерінде жұмыс іс­тей­­тін Сбербанк платформасына көшу. Олар жай ғана цифрлық трансформация мен Data Driven Government арасындағы «плат­формаға көшуді» (Сбербанктің) жа­сыруға тырысты. Сбербанк платформасының тарихы мынадай: 2015 жылы Сбербанк Sberbank Huge Data Platform бизнес хабын құруды бастады. 2019 жылы бұл платформа (Platform V жетілдірілген нұсқасында) Сбер­банкте іске қосылды. Осыдан кейін Ресей премьер-министрі Михаил Ми­шус­тин Сбербанк платформасы мемлекет үшін цифрлық платформа құру үшін қол­да­нылатынын айтты (басқаша айтқанда, «электронды үкімет» үшін). Сөйтіп, Сбер­банк платформасы 2019 жылы Мәскеу үкі­метінің жұмысы үшін қолданылды. Де­мек, Қазақстан Республикасы мен Сбер­банк арасындағы Меморандум Sberbank Huge Data Platform платформасы (Platform V) туралы болып отырған сияқты. Ол электрондық үкіметтің қажеттіліктеріне бейім­делген. Сондықтан Сбербанк плат­фор­масына қазақстандық электронды үкімет, яғни eGov.kz және басқа да мем­лекеттік қызметтер тәуелді болуы мүмкін. Бірақ, кез келген күрделі бағдарламалық ортадағыдай Сбербанктің платформасында міндетті түрде «троя аттары», яғни жасау­шыға (яғни, Сбербанк) платформаны басқаруға және басқаруға мүмкіндік беретін жасырын бағдарламалық жасақ­тама бар. Оның үстіне, менің түсінуімше, Сбербанк мамандары Қазақстанға плат­форманы техникалық қолдау мен бас­қаруды қамтамасыз етеді. Қарапайым тіл­мен айтқанда, бұл кез келген уақытта және өз қалауы бойынша Сбербанк Қазақ­станның «электронды үкіметінің» жұмы­сына тосқауыл қоя алады дегенді білдіреді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді өшіріп тастауы мүмкін». Міне, бұл – маманның сөзі. Ол болуы мүмкін қауіптер жайында ай­тып отыр. ІТ мамандардың көпшілігі де осы пікірді қолдайды. Бір сөзбен айтқанда, электронды үкіметтің арнаулы платфор­масын жасаушы өзге елдің адамдары оның сырын біледі, сондықтан келіспеушілік туған жағдайда оның жұмысына кедергі келтіреді деген ойды айтады. Шынында ойланып көрейікші, егер біз түптің-түбінде өзге елдің ІТ мамандарына жүгінетін болсақ, «Цифрлық Қазақстанды» жасаймыз деп жүздеген миллиард теңге жұмсау неге қажет болды? Өз мамандарымызға сенбейтін болсақ, цифрландыру мен ақпараттандыру саласында жас кадрларды тәрбиелеудің не керегі болды? Электронды үкіметті табыс­ты дамыту, қағазсыз мемлекеттік қызмет­тер жүйесіне пайдалы цифрлық қызмет­тердің барлық түрлерін енгізудің не қажеті бар еді? Соның бәрін Сбер-ге беру үшін бе? 500 миллион долларды Сберге бергенше неге өзіміздің ІТ мамандарға беріп жасат­пасқа? Жалпы, біздің елдің азаматтары тарапынан осындай сұрақтар көбейіп бара жатқан соң өткен аптада Қазақстан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook-тегі парақшасында арнайы пост жазып, жауап берді. «Біріншіден, Егов порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді! «Қазақстандықтардың барлық деректері Ресей Федерациясына қолжетімді бола­ды» деген түсінік қисынсыз. Неліктен? Қа­зақстанда тәуелсіздік алғалы бері шетел­дік құрылымдарда жұмыс істейтін көп­те­ген мекемелер бар, десе де олардың бәрі біз­дің мәліметтерді ала алады деген сөз емес. Электронды үкіметке келетін болсақ, бұл жерде біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақтың туындамауы да ке­рек. eGov − бұл барлық мемлекеттік база­лар­мен құрсым арқылы қосылған «вит­рина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге еш­кім ешқашан қол жеткізе алмайды! Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400 + ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегер­лері тіркелген шағын базаларға дейін. Ағымдағы кезеңде біздің міндетіміз − әртүрлі технологияларда жазылған, кейде бағ­дарламашы этикасы мен ескірген құ­жат­тамасыз жүздеген жүйелердің орнына, бар­лық деректер бірыңғай платформада рет­телген және түсінікті болатын ондаған жүйе­лерге өту. Қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады, олардың орнына біз сапалы заманауи тех­нологиямен жабдықталған платформаны ор­натқымыз келеді. Біз халық үшін де, эко­номика үшін де барынша оң нәтиже алу мақсатында цифрландырудың «құрақ­тал­ған» моделінен тұтас платформалық мо­деліне өтетін кез келді. IT саласындағы кез келген шешім, әсіре­се халықаралық шешім кибер қалқан мен азаматтардың мүдделерін қорғау жө­нін­дегі уәкілетті органдардың ұсынымын ес­кере отырып қабылданады. Біз Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отырмыз. Сбер барлық қолже­тім­ділікті бере отырып, барлық компонент­тер­дің бастапқы кодтарын көрсетеді және бар­лығын Қазақстандағы серверлерге ор­наластырады деп келістік. Бастапқы код­тарды сосын бізге береді, әрі қарай өз­дері­міз сүйемелдеп, өзгерте алатын боламыз! Екіншіден, бөлінетін 500 миллионның барлығы Сбер-ге жұмсалмайды. Меморандум – келісім-шарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүм­кіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен 500 млн. Бұл не деген сөз? Бұл аталған со­ма­ның бір бөлігі жергілікті IT нарығына ин­вестицияланатынын білдіреді. Бұл қара­жатты қазақстандық компаниялар плат­формалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Соманың екінші бөлігі − инфрақұрылымдық шешімдерге кет­се, үшінші бөлігі ғана Сбер-ден шешім­нің өзін сатып алуға арналатын болады. Үшіншіден, платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компа­ния­лары міндетті түрде қатысады. Платформалық модельді енгізудің таныстырылымы мен талқылауы қо­ғам белсенділері мен IT нарық өкіл­дері­нен тұратын сараптамалық комиссиямен (70-те 30) бірлесіп өтетін болады. Ниет біл­дірушілер жекеге өз байланыс мәлі­мет­терін қалдыра алады, сараптамалық кеңес тізімін жасау кезінде ескеретін боламыз. Сбер платформаның жұмыс істеуін көр­сетіп, оқытатын сарапшылармен сессиялар ұйымдастырады, содан кейін ғана біз плат­формада жұмыс істейміз. Бұл жобаны іске асыруға біздің IT компаниялар жұмыл­дырылады». Министрдің сөзінен ұққанымыз − қазақстандықтар үшін осы кезге дейін eGov платформасы соншалық маңыз­ды нәрсе емес, сырт көзге «витрина» секілді нәрсе екен. Яғни, деректер база­сының өзі емес, әртүрлі мемлекеттік база­лар­дан дерек әперуші құрал ғана. Ал қа­зақ­стандықтар eGov арқылы деректер алы­нып отырған мемлекеттік базалардағы мәліметтерге ешкім сырттан қол жеткізе ал­майтын көрінеді. Ал мемлекеттік сек­тор­дағы 400-ден аса ақпараттық жүйенің көбі тех­никалық жағынан алғанда «ескірген тіл­мен» жазылған, оларды жаңалап, бірізге тү­сіру керек екен. Сондықтан заманауи тех­нологиямен жабдықталған плат­фор­маны орнату қажет, ал ол платформаны ор­нататын Сбер бізге барлық компо­нент­тердің бастапқы кодтарын көрсетіп, олар­ды Қазақстандағы серверлерге орна­лас­тырған соң ары қарай өзіміздің адамдар код­тарды өзгертіп алатын болады. Әрине, ми­нистр айтқандай, меморандум − келі­сім­шарт емес және ол меморандумның «Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қор­ғау» бөлімінде «Шетелдік техникалық мамандардың GovTech платформасының және (немесе) «электрондық үкімет» ақпараттық-ком­му­никациялық инфрақұрылымына қол жеткізуді МТҚ («Мемлекеттік техникалық қыз­мет» акционерлік қоғамы») және Қа­зақ­стан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қоя­тын талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын болады» деген талап бар екен. Бұған қарап көңілдегі күдікті аздап сейілтуге болады. Бірақ бәрібір бірнеше сұрақтың басы ашық: неге елімізге керек платформаны өзі­міз жасамаймыз? Қазақстан цифрлан­дыру саласында Ресейден озып кеткен ел емес пе, ендеше неге өзімізден артта қалған ел­ге күнімізді түсіріп отырмыз? Неге ақ­па­раттық технологиясы дамыған өзге ел­дің мамандарына иек артпадық? Бағдат Мусин eGov-тың егемендігін неге Сбер-ге тәуелді қылғанын қан­ша ақтаса да, бәрібір күдікті сейілте алма­ды. Керісінше, жаңа деректер шығып, кей­бір алпауыттардың меморандум таса­сына тығылған күмәнді мақсаттары бай­қа­лып қалып жатыр. Меморандум мәтіні жарияланғанша көптеген сарапшы оның не мақ­сатта жасалғаны мен меморандум аясында қан­дай компаниялар Қазақстанның ақша­сынан (500 млн доллар ғой баяғы) үлес алатыны, ол компанияның кімдерге тиесілі еке­нінен хабарсыз болғандықтан нақты бір сенімді болжамдар айта алмаған еді. Ен­ді меморандумда айтылғандармен та­ныс­қан соң өзгеше пікірлер шығып жатыр. Мәселен, осы күнге дейін BTS Digital ком­паниясы жобаның страте­гия­лық әріптесі екенін былайғы жұрт біл­меген, ал ол олигархтар Александр Маш­кевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибра­ги­мов (марқұм Алиджан Ибрагимовтің ұлы) иелік ететін Еуразия тобына (ERG) кіретін компания. Сондай-ақ ол компания жобаға Қазақстан тарапынан не себепті страте­гия­лық әріптес саналғаны туралы мемо­ран­думда түсінік берілмеген. Сонда Қазақ­стан­нан шыққан, бірақ басқа елдің аза­маттары − атақты үш олигархтың мем­ле­кет­тік мәні бар іске де әсер ететін болғаны ма дейді сарапшылар. Жалпы, әзірге жұрт талқысынан түс­пеген бұл мәселенің басты қаупі − ел аза­маттарының жеке деректері, сондай-ақ мем­лекеттік маңызы бар мәліметтерді өзге ел иеленіп кету мүмкіндігінде болып тұр.